Білім басқармаларында аудит жүргізіледі
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаев «Алтын белгі» алу үшін ата-аналардың түрлі заңсыз әрекетке баратынын мәлім етті.
- «Алтын белгі» баладан гөрі, ата-анаға қажет сынды. Себебі, ата-ана мақтану үшін, «Алтын белгіні» баласы алу үшін барлық жайтқа барады. Егер, жемқорлық фактілері осы атақты алу үшін жиі тіркелетін болса, онда бұл белгіні беру қаншалықты қажет деген сұрақ түрінде жұмыс істейтін боламыз. Себебі, білім сатылмау керек, сапа болуы керек», - деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаев.
Министр жуырда Талдықорған қаласында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малаховпен бірге білім саласында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу туралы жиналыс өткізді.
«Оқу-ағарту министрлігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарын қаржыландырудағы коррупциялық тәуекелдерге сараптама жүргізуде. Мұндағы алдын ала алынған мәліметтер бойынша конкурс рәсімдерінде, жұмысқа орналасуда, балаларды балабақшаға, мектепке қабылдауда, сондай-ақ ұйым директорларының ұзақ уақыт бір қызметте отыруында сыбайлас жемқорлық тәуекелі бар екені белгілі болды. Лауазымды бір қызметті жеті жылдан аса уақыт кезеңінде атқарып келе жатқан басшылардың барлығын тексеру туралы шешім қабылданды», - деп мәлімдеді Ғани Бейсембаев.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарының директорларын тағайындау рәсімдерінің жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында министрлікте жоғары білікті мұғалімдердің базасы мен мектеп директорларының кадрлық резерві қалыптастырылады.
«Білім беру қызметінің барлық бағыттарын түбегейлі қайта қарап, сыбайлас жемқорлықты жою бойынша кешенді жұмыс жүргізу керек. Әрбір директор мен бухгалтердің қызметтегі мінез-құлқы, пайдакүнемдік мүддесінің болуы мұқият зерттелуі қажет. Облыстық білім басқармалары басшыларының жұмысы да осы көрсеткіштер бойынша бағаланатын болады», - деп атап көрсетті министр.
Еске салайық, министрлік аумақтық бөлімшелердің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, әкімдіктердің қызметкерлерін, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары мен қоғамдастық мүшелерін тарта отырып, мониторингтік топтар құрды. Өңірлерде жуырда барлық аудандық, қалалық білім бөлімдері мен облыстық білім басқармалары үшін «білім аудиті» басталады.