Ермахан Шайхы. Алдауды үйрететін мектеп

Oinet.kz 02-11-2020 904

Ермахан Шайхы.jpg

    Белгілі журналист-жазушы Серік Жанәбілов – тумысынан ақкөңіл, адал, қулық-сұмдығы жоқ, әзілқой әрі айтқыш адам. Бойында Қожанасыр мен Алдаркөсе бабаларымыздан жұққан әпенділігі де бар. Ел ішінде:«Серік былай депті, ана жерде былай істепті» деген әңгіме көп. Солардың бір парасы мынау.

   Серік  Жанәбіловтің Жоғары партия мектебінде оқып жүрген кезі болса керек.  Қолы  қалт  еткенде  бұрынғы  «Лениншіл  жас»,  қазіргі  «Жас  Алаш» газетіне  мақала  жазып, белсенді автор ретінде қатысып тұрады. Бірде  сондай   шаруалармен   редакцияға  бас  сұғады.

– Серікжан,  соңғы  кезде  көрінбей  кеттің  ғой, қайда  жүрсің? – дейді  оның Жоғары партия мектебінде оқып жүргенінен бейхабар хат бөлімінің меңгерушісі  Бибіхан  Байтілесова.

– Оқып  жүрмін.

– Қартайғанда   оқығаны   несі? Қойшы, қай-қайдағыны айтпай. Он оқу орнын бітірсең де сен адам болмассың, – дейді әзілі жарасқан қайнысын қағытып.

– Шын айтамын, жеңгей. Қайның анау-мынау емес, әкім дайындайтын мектепте оқып жүр. Менімен бұдан былай шайқап емес, байқап сөйлесіңіз. Әйтпесе, ертең әкім болған күні қабылдамай қоямын, – дейді Серік те әзілге әзілмен  жауап  қайырып.

– Онда не үйретеді екен, қайным-ау? Әйтеуір, сені адам қылып шығарса болғаны да.

– Әй қайдам! Қайта сол адамыңды бұза ма деп қалдым.

– Неге?

– Өйткені  онда  алдыңа  келген  адамдарды  алдауды  үйретеді, – деген  екен.

Ермахан Шайхы. Үш мәтел
Ермахан Шайхы. Эрозия мен коррозия
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу