Ерекшелік: тәндегі дерт пе, жетістікке кілт пе?

Oinet.kz 05-11-2020 1109

Сұлулық. Жан. Тән . Сән.  Әлемді құтқаратын күш. Десек те, жыл сайын өз қағидаттарын өзгертіп тұратын тән сұлулығы бұдан сырт. Жүректің, сөз бен істің үйлесімі сұлулық болар, бәлкім. Қоғам тұлғасында, болмысында ерекшелігі бар адамға дискриминация көрсетуге бейім. Қаптаған таптаурынмен күресе білетін яки сынның тырнағында морт сынатындар бар. Біз алғашқы топ туралы сөз етеміз. 

image.png

Бала кезден еститін ертегілеріміздің, көретін мультфильмдеріміздің концепциясы бізді жаман адамның пошымы да «келіспеген» болатынына сендірді. Тіпті Андерсонның «Ұсқынсыз үйрегінде» бар проблема «сұлу» болумен шешілетін. Содан да болар тұлғасында ерекшелігі бар адамдарға комплекспен қарауды дағдыландырып аламыз. Тері арқылы денеге өткен бактериялар, микробтар адамды неше түрлі індетке тап қылады. Ағзада зат алмасудың бұзылуы салдарынан болатын тері аурулары көп. Мәселен, қант диабеті кезінде көмірсу алмасу бұзылады. Ол теріні қышытып, шиқан, безеу тәрізді сырқаттарға әкеледі. Терінің ең көп тараған ауруларына безеу, қышыма қотыр және саңырауқұлақтар тудыратын аурулар жатады. Қазіргі таңда тері ауруларының көптеген түрі бар. Мәселен, псориаз (терінің созылмалы ауруы), есекжем (экзема), нейродермит (жүйке жүйесі ауруларымен байланысты тері қабынуы).

Ал ішкі секреция бездерінің (қалқанша, ұйқы, бүйрек үсті, жыныс бездері) зақымдануы теріні өзгеріске ұшыратады. Сондай-ақ, егер теріге А дәрумені жетіспесе құрғап, жарылып кетеді. Ал С дәрумені жетіспесе түрлі пигментті дақтар, қанталаулар көбейеді. Шаш түсу, терінің бөртуі, жараның пайда болуы жүйке жүйесіне тікелей байланысты. 

«Өзімнен»өзгеріске дейін

Алғаш терімде байқалған псориаз белгілері терең уайымға салынуыма себеп болды.  Достарымды былай қоғанда дәрігер маман да «қыз балаға ауыр диагноз» дегенде іштей қан жыладым. Ешқашан құтылмайтыныма, терімнің барлық бөлігі зақымдалатынына өзімді сендірдім. Сондағы қорқынышым "енді маған бәрі қолын шошайтып қарайды» болған екен.  Псориаз туралы шетелдік мамандардың ғылыми мақалаларын көп оқыдым. Уайымдамау керек деп, барлық сыртқы ортадағы өзгерістерді жеңіл қабылдауға көштім. Халық еміне иек артпадым. Майлы тағамдардан сап тиылдым.  Нәтижесінде терімнің зақымданған бөліктері азайып, кейіннен мүлдем жоқ боп кетті. Кейіннен бағамдасам, мен тек қорқуымды ғана жеңген едім. Жарадан бұрын жанымды қинағаны елдің сансыз сауалы болды. 

Дәрігер-дермотавенеролог Мақпал Амантайдың тері ауруына шалдыққан науқастардың психологиясы  туралы пікін білген едім: «Пациенттердің басым бөлігі аллергиялық тері ауруларына немесе безеуге байланысты ем қабылдайды. Аллергиямен жас шектеуі жоқ, безеуге 13-33  жас аралығындағы адамдар көмегімізге жүгінеді. Адамдар  тері ауруларынан сыртқы ортаға деген комплексі үшін ем қабылдайды. Саған келетін адамдардың онының тоғызы комплекс үшін терінің зақымдануынан арылғысы келеді десем, қателеспеймін. Өзім де науқастарыма тері ауруы көрінбесе, келмес едіңіз деп әзілдеп ойымды жеткіземін. 

Созылмалы тері ауруларына шалдыққан науқастарымның кейбірі тойға мүлде бармайды, қоғамдық орындарға барудан тартынады. Қоғам созылмалы тері ауруы бар адамдардың сырқатын жұқпалы деп қабылдайды. Ауру туралы білмегендіктен жақсы ықылас танытпайды. Псориазбен ауыратын ер балалар тіпті достарымен қыдырудан тартынады».

Сән индустриясындағы мән 

Модель десе өзіміз мінсіз деп құраған этолонға сай бейнелер елестейді. Бойы ұзын, сымбаты сымдай тартылған, қасы-көзі қиылған деп ұзын сонар сипаттау кете береді. Уақыт алға жылжыған сайын инклюзивті қатынасқа жақындай түстік. Ерекше дене бітім, өзін ұстау этикасы ешкімге таңсық емес. Кім қалай бар болғысы келсе, солай көрінуден тартынбайды.  Ерекшелік қорлаудың объектісі болудан қалады. Бұл тенденция қоғамға енуі үшін ерекше тұлғалы модельдердің подиумда сенімді жүруі, қоғамда сондай ерекшелікке ие адамдардың толыққанды сезінуіне жол аша түскендей.

Мысалы, ақтаңдақтың салдарынан теперіш көрген Шантель Браун-Янгтың бастан кешірмесі әр адамға ерекшелігін артықшылық етуге жігер сыйлайды.  Теріде сирек кездесетін пигмент оны ерекшелендіріп тұратын. Винни   бала кезінен құрдастарының кемсітуіне ұшырайды. Оны көбінесе "сиыр", "зебра" және басқа да жағымсыз лақаппен атап  мазақ ететін. Кейінірек модель сұхбаттарында құрдастарының кемсітуі ұзаққа созылған депрессия мен суицидтік ойларға әкелгенін баяндаған екен. Орта мектепте жағдай нашарлағандықтан Виннидің анасы қызын балама мектепке ауыстыруға мәжбүр болады. Виннидің Facebook-тегі парақшасын канадалық журналист көріп, модельдік бизнесте өзін сынап көруді ұсынды. Содан кейін Тайра Бэнкс-тің әйгілі америкалық модель шоуына қатысты. Харлоу жобаның финалына шығып, жоғары жетістікке жетеді. Нәтижесінде оны сән брендтері фотосессияларға шақырып, келісімшарт ұсына бастады. Алайда, Винни өткен шақтағы ауыртпалығын толық ұмыта алмаған. Қазірде балалар арасындағы буллингке   қарсы әрекеттерді белсенді түрде қолдауға тырысады. 

Сондай-ақ, әлемдік сән апталықтарында танымал брендтердің бейнесін альбинизм, артық салмақ, терең әжімдері бар модельдер арқылы таныстыру үрдіске айналған. Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та бар қалан» дегені ойға оралады. Еліміз де бұл тенденциядан шет қалмаған. 

Ерекше подиумға бет алғандар

image.png

Goltsman models. Айдархан Сәрсен

Астаналық Әйгерім Аяпбергенова Қазақстанда сұранысы ең жоғары модельдердің бірі. Осы жылы Ульяна Сергеенко топтамасын таныстыру барысында әлемдік сән саласындағы үздік топ модельдермен бірге подиумға шыққан. Әйгерімнің есту қабілеті ерекшелігі оның жұмысына кедергі емес. Бетіндегі пигментті дақтары да сұлулығын үстемелей түскендей әсер береді. Отандық Goltsman models агенттігі ерекше модельдердің шырағын жағуда. Әйгерім де солардың қатарында.

Еуропалық, Америкалық сән көрсетілімдерінде церебральды сал ауруы, ДЦП секілді диагнозы бар модельдер жиі шығады. Келесі кейіпкеріміз  Айдархан Сәрсен ешқашан өзінің сырт келбеті үшін қуыстанбағанын айтады. Айдархан – альбинос. Оның айтуынша, кей альбиностар шашын, қасын бояп жатады екен. Айдархан табиғи болмысын өзгертуге түбегейлі қарсы. «Менің әппақ реңіме қарап орыс ұлтының адамы деп ойлайтындар көп. Қазақша сөйлегеніме таңырқап, мақтағанда күлкім келеді. Осыдан екі жыл бұрын  модельдік бизнестен хабарсыз болдым. Менің таныстарым  сыртқы келбетімнің керемет екенін, мүмкін модель бола алатынымды айтты. Мен интернеттен альбинос модельдері әлемде танымал екенін оқыдым. Жарты жыл ойладым, уайымдадым, сенімді емес едім. Содан кейін тәуекелге бел буып, шақыруды да күтпедім», - дейді Айдарханның өзі. Он тоғыз жасар жігіт қазірде медицина мамандығының студенті. 

Айдарханның жеткен жетістігіне шын қуандым. Осы орайда айта кету керек, Африканың кей мемлекеттерінде «Альбинизм» тағдырдың қатал өкіміндей. Себебі, альбинос балалардың дене мүшесін жергілікті бақсылар сәттілік тұмары деп саудалайды. Қауесет , не миф деп бағалағанға келмейді. Әлемнің аузын айға білеген бұқаралық ақпарат агенттіктері бұл туралы дабыл қағып, елеулі проблемалық мақала арнаған екен. 

image.png

Коллаж; Балуан Шолақ пен Ғалия

P.S. Балуан Шолақ «Айым да сен , Ғалия, күнім де сен» деп жырлаған сұлудың келбеті баршаға қызық болар. Ғалия жайында академик-зерттеуші Ахмет Жұбанов деректер жинастырады. Оған сәйкес  - Ғалия қара сұрлау келген, ат жақты, ұзын бойлы, бетінде аздаған шешек дағы бар, өткір, сөзге шешен, оң қолынан өнер тамған шебер екен. Әсіресе, тамағында шешек дағы көп қалғандықтан орамалымен алқымын қымтап байлайтын әдеті болғаны туралы да ел ішінде әңгіме бар. Кісінің бетіндегі дағына емес, жүрегіндегі жылуын сезуге барлық адамда бірдей Балуандағыдай көкірек көзі қайда? Тамсанасың. Тек қана, қолын шошайтпаса екен дейсің.

Суреттер ашық дереккөзден алынды

Үш литр су. Пернебай Бердалыұлы Сапар
Борат: ол және біздің айырмашылығымыз қандай?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу