Әлтаев та командадан кетті
Шенеуніктердің арасында «мынау пәленшенің әкелген кадры, мынау ана әкімнің тұсында келіп еді» деген әңгімелер жиі айтылып жатады. Мемлекеттік қызметтің де жазылмаған заңы көп қой. Билікке келген басшының қарамағына өзіне сенімді кадрларды жинайтыны, ал «ат аунаған жерде түк қалатыны» бұрыннан белгілі жайт. Мұны жаңалық қылып жар салғымыз келіп отырғанымыз жоқ.
Облысты басқарған үш жылға жуық мерзім ішінде Асқар Мырзахметов ауыс-түйіс жасауға, команда жасақтауға келгенде өзіне дейінгі әкімдерді шаң қаптырып кеткенін біз осыған дейін де жазғанбыз. Ауыспаған аудан әкімі, басқарма бастығы некен-саяқ.
Кадрлық өзгерістер күн сайын болмаса да апта аралап жүріп жатыр.
Жуырда ғана облысық білім басқамасының бастығы қызметіне жайғасқан Альбина Елишеваның орнына, яғни облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары—ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің меңгерушісі қызметіне бұған дейін облыс әкімінің кеңесшісі қызметінде отырған Сұлтан Тұрсынбаев тағайындалды.
Кезінде Шымкент қалалық әкімдігі аппаратының меңгерушісі, одан кейін біраз жылдан бері облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарып жүрген, мемлекеттік қызметте әбден ысылған Талғат Тілеубергенов те қызметінен кетті. Т.Тілеубергенов біраз уақыт кеңесшілікте аялдайды ма, әлде алда болатын кадрлық өзгерістер кезінде бір жайлы орынға жайғаса ма, оны алдағы уақытта көрерміз. Оның орнына «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіперлік корпорациясында қызмет еткен Ләззат Смағұлова отырды.
Ләззат Смағұлованың өмірбаянына қарап отырып, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың ең сенімді кадры болған ба деген ойға қаласың. Өйткені облыс басшысының бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрі, бұдан кейінгі жылдары Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі, ал облыс әкімі болардың алдында «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын басқарғанын білеміз. Еңбек жолын мұрағаттан бастаған Ләззат Смағұлова да Мырзахметовтың ізінен қаламай еріп жүргенін еріксіз аңғардық. Ауыл шаруашылығы министрлігінде, одан кейін Қазақстанның Өзбекстандағы елшігінде, ал соңғы рет жоғарыда айтқанымыздай «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында істеген. Мұнда тұрған не бар дейсіз? Тек әйтеуір күні ертең жұмысын жүргізе алмай, «пәленшенің әкелген кадры еді» деген сөзге қалдырып, артқан сенімді ақтамай жатпаса деңіз.
Мамандығы бойынша заңгер, еңбек жолында құқық қорғау саласында еңбек еткен, 2007 жылдан бастап «Оңтүстік» әлеуметтік –кәсіпкерлік корпорациясында заңгер болып істеп, былтыр маусымда облысық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы қызметіне ойда-жоқта топ ете қалған Нұржан Әлтаевқа да кезінде облыс басшысының үлкен сенім артқанында дау жоқ. Бірақ бұрын-соңды өнеркәсіпте істеп көрмегендіктен, бұл салаға тісі батпай жүрген сол Нұржан Әлтаев орнынан кетті. Өсіп кетті ме, әлде «бүйткен қызметі бар болсын» деп командадан біржолата кетті ме, белгісіз. Ресми ақпарларға қарағанда орнынан өз еркімен босаған көрінеді. Осыдан кейін облыс басшысының сенім артқан кадрлардың қайта-қайта «сүріне» беруі неліктен дейсіз?
Нұржан Әлтаевтың орнына Дінмұхамед Әбсаттаров тағайындалды. Әбсаттаров пен Әлтаев түйедей құрдас. Екеуі де 1978 жылы туған. Өзі туып-өскен Қызылордадағы облыстық әкімдіктің аппаратында әртүрлі лауазымды қызметтерді істеген. Кейінірек Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары, басқарма бастығы болған. Соңғы қызметі Автомобиль жолдары комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті директорының орынбасары.
Облыстың кәсіпкерлігі мен өнеркәсібін өркендететін маман табылмағандықтан енді кадрды көрші облыстан шақыратындай жағдайға жеткеніміз бе?