Америка деректі фильмдерінің фестивалі Шымкентте
Бүгін Шымкентегі «Мега-Шымкент» сауда орталығының «Kino Park» кинотеатрында АҚШ-тың Қазақстандағы Дипломатиялық миссиясының ұйымдастыруымен, АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен Америка деректі фильмдерінің фестивалі ашылады. Қыркүйектің 22-24 аралығында өтетін бұл фестивальде американдық кино саласының екі маманы – «Камера ұстаған балалар» фильмінің режиссері Александру Ротару мен тәжірибелі кинотанушы Дайен Карсон, сондай-ақ, АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығының мәдениет, баспасөз және білім жөніндегі кеңесшісі Леонард Хилл құрметті қонақ ретінде қатысатын болады.
АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі пресс-атташесінің көмекшісі Мұхтар Сеңгірбайдың айтуынша, Америка деректі фильмдерінің фестивалі көрермен назарына түрлі сыйлықтар мен марапаттарға ие болған туындыларды ұсынады. Бұл фильмдерде тәуелсіз документалистер Америка қоғамы мен мәдениетінің түрлі қырларын сипаттайды. Деректі фильмдер азаматтық құқықтар, соғыс ардагерлеріне медициналық қызмет көрсету, қоршаған ортаны қорғау және сөз бостандығы сияқты сан алуан тақырыптарды қамтиды. Америкалық режиссерлар мен кинематография саласының білгірлері биыл жыл бойы Грекияда, Өзбекстанда, Үндістанда, Бангладеште және әлемнің басқа да ондаған елдерінде АҚШ деректі фильмдерінің фестиваліне қатысады.
Фестиваль барысында көрермендер «Біз әлі осында тұрамыз», «Өз көзіңе өзің сен», «Камера ұстаған балалар», «Мұқабадағы қыз», «Нигер’66» фильмдерін ұсынады. Барлық туынды орыс тіліндегі субтитрлармен көрсетіледі. Сеанстарға кіру тегін.
Фестиваль барысында, яғни қыркүйектің 23-і күні сағат 14-00-де А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада АҚШ-тағы білім, мәдениет, өнер, әдебиет салаларынан хабар беретін «Америка бұрышының» ашылу салтанаты болады. Фестиваль қонақтары осы салтанатқа да қатыспақ.
«Постердегі қыз»
22-қыркүйек күні сағат 17.00-де болатын «Постердегі қыз» деректі фильмінде бүкіламерикалық орта мектептер арасындағы жанкүйерлердің жетекшісі Робин Мюррейдің сұрапыл соғыс майданындағы әйелдер үшін «постердегі қызға» айналуы көрініс береді. «Army Magazine» журналы оны тіпті мұқаба бетіне де шығарған. Ирактан үйіне оралған оның бұған дейін мығым болып келген әлемі күйрей бастайды, пост-травматикалық стресс күйзелісінің салдарының жан азабын шектірген қиындықтарымен күреседі. Кино әлеміндегі тырнақалды туындысын жарыққа шығарған Сара Нессонның бұл фильмі сан алуан эмоцияға толы, Робиннің екі жыл бойында бастан кешкендерін, өз өмірін жаңадан айшықтауға септескен өнер және өлең жазу арқылы оның өзін-өзі тануы мен жан азабынан айыққанын баяндайды. Фильм 2010 жылы Оскар сыйлығының шорт-листіне іліккен.
Бұл фильм күллі әлемге Ирактағы соғыстың американдықтарға қалай әсер еткенін көрсету үшін де маңызды. Аталмыш туынды пост-травматикалық стресс күйзелісінің әйел өміріне қалайша әсер еткенін пысықтайтын тұңғыш фильм
«Камера ұстаған балалар»
Осы күні кешкі сағат 19.00-де көрсетілетін бұл фильм ұлттық премия иегері, білім беру ісінің маманы Брад Коперниктің жетекшілігімен өткен, «Актерлер аутизм үшін» мекемесімен ұйымдастырылған үйірмедегі 11 мен 19 жас аралығындағы аутизм дертіне шалдыққан балалардың тыныс-тіршілігі және ұшырасатын қиындықтары туралы баяндайды. Көптеген балаларға ұстаздық етіп болғаннан кейін Коперник аутизмге шалдыққан балалар үшін арнайы үйірме ұйымдастыруға бел буады.
Бұл фильм бір мекеменің шығармашылық және инновациялық оқыту көмегімен неврологиялық ауруды қалайша емдеп жатқанын баяндайды. Америка Құрама Штаттары әлемдегі басқа мемлекеттермен салыстырғанда аутизм проблемасына ерекше зейін қойып келеді.
«Біз әлі осы жерде мекен етеміз»
23-қыркүйек күні сағат 17.00-де ұсынылатын бұл туындыда Массачусетс штатының оңтүстік-шығысындағы вампаноа халқы Америкаға табан тіреген алғашқы ақ адамдарға орасан көмек көрсеткенімен, ақыр соңында өз мәдениеттерінен ада қалатыны баяндалады. Майталман лингвист Джесси Литтл До тілді қайта жаңғыртпайынша ол тілде өмір сүріп жатқан вампаноалықтардың бірде-бірі сөйлей алмайтын. Қазіргі таңда вампаноалықтар өз тілі мен мәдениетін өскелең жаңа ұрпаққа үйретіп, мирас етуде.
Көбісі Америкадағы осынау бастапқы мәдениет туралы біле бермейді. Бұл туынды түрлі ұлыстардың тілдері үшін күрес пен оларды сақтап қалу турасында. Кеңірек ауқымда сараптасақ, бұл американдық мәдениетке ассимиляциялану мен өз әдет-ғұрпың мен тарихыңды сақтап қалу арасындағы текетірес. Әлемде түрлі тілдердің «өлі тілдер» қатарына еніп жатқанын ескерсек, бұл фильм американдықтардың өз мұрасын сақтауда орасан зор еңбектеніп жатқанын көрсетеді.
«Нигер 66»
Осы күні сағат 19.00-де көрсетілетін бұл фильмдегі көрініс 1966 жылдың жазында 65 адамнан тұратын американдық Бейбітшілік корпусының еріктілері Африка құрлығына ат басын тірегенінен бастау алады. Тап болатын жерлері – шөлейтті, аптап ыстық Нигер даласы. Олар бұл жерде екі жыл бойында ауылшаруашылықпен айналысып, құдықтар қазады, қыз-келіншектер мен олардың нәрестелері үшін денсаулық сақтау клиникаларының жұмысын бастайды. 2008 жылы еріктілердің бесеуі Нигерге тағы бір мәрте сапар шегеді, ескі достарымен қауышып, еріктілердің еңбегі сол жерді мекен еткен адамдардың өмірін қалайша жақсартуға септескеніне куә болады.
«Сендіруге талпыныс»
Сенбі, яғни 24-қыркүйек күні ұсынылатын бұл туынды Сиқыр әлемінің тылсым мәдениетін, әлемнің ең озат жас сиқыршылары хақында сыр шертеді. Олар Жастар арасындағы әлем чемпионы тәжін өзара сарапқа сала отырып, сахнадағы сиқырбаздық өнері арқылы өздерінің трансформация әлеміндегі саяхаттарына шақырады. Лас Вегаста өтетін сайыста Жапония мен Оңтүстік Африка, АҚШ сайыпқырандары бірінші орын үшін бәсекелеседі.
Сиқыршылық бүкіл әлемдегі жас-кәріні баурап алатын сауықтыру мен қарым-қатынастың әмбебап түрі. Фильм жақсылық істеуге, тәжірибесімен бөлісуге және дамушы елдердегі азаматтардың өмірлерін жақсартуға негізделген американдықтардың дипломатиялық бағдарламасы туралы баяндайды.