Депутаттар министрлердің алдауына да зар болды

Oinet.kz 22-09-2011 979

Screenshot_7.jpg

Мемлекеттік тілге қатысты мәселе қызып тұр. Бұрын да аз көтерілмеген мәселеге М.Шаханов бастаған 138-дің хаты «шоқ» салғандай болған-ды. Ол хаттан «қол қоймадым» деп басын ала қашып жатқан қазақтар баршылық. Осындай елең етерлік және өкінерлік жәйттер болмағанда, ел назарындағы азаматтардың қай тілде сөйлегеніне мән бермес те ме едік. Дегенмен, соңғы күндері қазақтың қазақша сөйлеуі қажеттігі Астанада биік мінберлерде жиі айтыла бастады. Мысалы...

Сейсенбі күні «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында Мәжілістегі партия фракциясының кеңейтілген отырысы өтті. Депутаттар, Үкімет мүшелері, «нұротандықтар» қатысқан бұл басқосу ресми тілде басталды. Барлық жиналыстарды қазақша жүргізіп жүрген Мәжіліс төрағасы О.Мұхамеджанов дәл осы жолы «жүрісінен» жаңылды. Баяндама жасаған Үкімет басшысы К.Мәсімов әдеттегідей қазақша бастап, орысшаға тез ауысты. Одан кейінгі баяндамашылар Экономикалық даму және сауда министрі Қ.Келімбетов пен Қаржы министрі Б.Жәмішев ресми тілді таңдапты. Сұрақ-жауап та сол тілде. Осыны байқап қалған Мәжіліс депутаты Б. Тілеухан шыдамады-ау дейміз, орнынан тұрып «бұларыңыз қалай» деген райда қынжылыс білдірді. Мемлекеттік тілдің мәселесін қаржымен емес, құрмет көрсету арқылы шешу қажеттігін айтты. «Осыдан маңызды жиналыс жоқ. Мемлекеттің беті болған «Нұр Отан» партиясының парламенттік фракциясының отырысы болып жатыр. Қазақта «қарынымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына налимын» деген сөз бар. Бидайдың бағасы бүгін арзан, ертең қымбат болар. Бензин бүгін бар, ертең жоқ, дегенмен түбі болады. Бірақ елдің намысы болған, рухы, ұлттық айнасы болған - тіл бар. Қазақтың тілі осы мемлекеттің Конституциясында жазылған - мемлекеттік тілі.  Сол мемлекеттің тілдің үлесі ең құрығанда осы жерде 5 пайызға жететін дәрежеде қолданылмауы масқара емес пе? Үкіметтің министрлері баяғыда елдің көңілі үшін «Сәлеметсіз бе!» деп басында қазақша сөйлеп, кетерде «Сау болыңыздар!» деп бізді алдай салушы еді. Қазір бұл алдауға да зар болып қалдық. Шамаларыңыз келгенше, мемлекеттік  тілде сөйлеңіздер. Менікі бұл ұсыныс. Қазақ тілінің Қазақстан Республикасынан басқа дамитын жері жоқ. Орыс тілі Ресей Федерациясының мемлекеттік тілі. Біз Кедендік одаққа кіргенімізбен, оның қол астына өткен жоқпыз. Соны біліңіздер», - деді депутат. Б.Тілеухандыкін теріс дей алмассыз. Бірақ, қалай ойлайсыз, осы ескертуден кейін сөз алғандар қазақша сөйлеп кетті ме...

Сәрсенбіде Мәжілістің жалпы отырысы өтті. Әдеттегідей мемлекеттік тілде жүргізілді. Дегенмен, тіл мәселесі бұл жолы да назардан тыс қалмады. Депутаттық сауал барысында  Ж.Сүлейменов үндеу жасап, билік басында жүрген азаматтарды мемлекеттік тілді құрметтеп-қолдауға шақырды. «Парламент депутаттары мен билік басында отырған барлық азаматтарға, барлық жиналыстарды мемлекеттік тілде өткізуге, ресми кездесулерде қазақша сөйлеуге, сөйтіп мемлекеттік тілді құрметтеуге, қолдауға шақырып отырмын. Осындай қадамға Парламент басшылығы мен депутаттар да барса, қазақ тілінде сөйлеуді бұлжымас заңға айналдырса, нұр үстіне нұр. Сонда туған тіліміздің көсегесі бірден көгермесе де, бір кем дүниенің орны толар еді деп ойлаймын», - дей келе депутат бұдан былай «баршаға түсінікті болсын» деген сылтаумен бөгде тілде шүлдірлей жөнелуден арылу қажеттігін айтты. «Әсіресе менің бұл сөздеріме анасының әлдиі құлағында қалмағандар, бесігінде ана тілінің уызына қанбағандар құлақ асып, қиқарланбай түзу жолға түссе деймін. Ардақты ағайын, халқымыздың сарқылмас қазынасы, ең үлкен игілігі - тарихтың өзіндей, бабалардың көзіндей ел бастаған көсемдердің тілі, сөз бастаған шешендердің тілі - қазақ тілін құрметтейік, қазақ болайық, үйде де, түзде де қазақша сөйлейік. Балаларымыз бен немерелерімізді осыған тәрбиелейік», - деді депутат. Жарасбай Сүлейменовтің бұл жанайқайын жөнсіз дей алмассыз. Ал осындай үндеуден кейін...

Депутат Т.Сыздықов сауалын орыс тілінде дайындағанын, бірақ әріптесінің үндеуінен соң қазақшаға сол арада аударып, жолдап отырғанын мәлім етті. Яғни, сауалын мемлекеттік тілде жолдады. Одан кейін сөз алған депутат Н.Сәрсенов... «переводтап» үлгермеді ме қазағы қалың оңтүстіктің орталығы шымкенттік сайлаушыларының мұң-мұқтажын орыс тілінде жеткізді. Ары қарай... әдеттегідей, депутаттардың бірі мемлекеттік, бірі ресми тілде жолдап жатты. Дегенмен, депутат Н. Сәбильянов әу бастағы Ж.Сүлейменовтің сөзін тағы бір тірілткендей болды. Мемлекеттік тіл мәселесіне келгенде өзге ұлт өкілдеріне кінә тағуға болмайтынын, өйткені, олар қазақ тілін меңгеруге тырысып, бағуда екенін айтып өткен депутаттың сөзіне қарағанда,  «мұнда кері кетіп жатқандар негізінен өзіміздің орыс тілді қазақтарымыз».

         Айтпақшы, Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң жобасын мақұлдады. Заң жобасының кей баптарына қатысты қызу пікірталас туындағаны мәлім. Әсіресе, талай талқылауларда мемлекеттік мекемелерде мінәжат бөлмелерінің, яғни намазханалардың жабылуы қажеттігін білдіретін, бірақ жұмыс орнынан тыс жерлерде діни жоралар мен рәсімдерді өткізуге, сенушілердің мінәжат етуіне ешқандай тыйым салмайтын  7-ші баптың 3- тармағы төңірегінде ортақ шешім табылмаған болатын. Кешегі жалпы отырыста осы мәселені депутат Б.Тілеухан тағы көтерді. Бірақ оны қолдаушылар аз болды. Сөйтіп, төменгі палата заң жобасын мақұлдады.

Америка деректі фильмдерінің фестивалі Шымкентте
Мәсімов 3 жыл шыдасақ бензин тапшылығы болмайтынын айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу