Әлімхан Ермековтің естелігінен
Мен Сұлтанмахмұттың ең әуелі қаладағы атақты бір терапевтіге көрініп, емделуін мақұл көрдім. Біз бұл мақсатымызға жеттік те. Сонда әлгі дәрігер Сұлтанмахмұтты емдегені үшін 50 сом ақша алды. Ақшаны төлегенде Сұлтанмахмұт қатты күйініп:
— Бұл не деген сұмдық! Жақсылықты ақшаға сату адам үшін ұят емес пе? — деді.
— Оған үкімет ақша бермесе, дәрігер не істемек? — дедім мен.
Сұлтанмахмұт түсінді:
— Мен ақшамды аяп немесе дәрігерді кінәлап тұрғаным жоқ. Бүкіл адамға ортақ әрі өте қажет жақсылықтар бар ғой. Мәселен, емдеу, оқыту сияқты. Осылар тегін болуы шарт емес пе? Өйткені, біріншіден, әркімнің де ауырса емделгісі келеді, екіншіден — әркімнің де оқығысы келеді. Ал осыларға жаңағыдай қымбат еңбек ақы алатын болса, соған үкімет душар етсе, онда әлгі әркімдердің бәрі бірдей жаңағы жақсылықтарды көре бермейді ғой. Менің де көп сандалуым мен жүдеушілігімнің күре тамыры осында жатыр, — деді.
1960, 11 июнь