Өзгеріс керек. Өзгеріс туралы өлең
Өзгеріс керек маған да, саған, оған да,
Өзгеріс керек, өзегі талған қоғамға.
Өзгеріс керек, өзгеру керек қалай да,
Тағдыры ұлттың тапталмау үшін табанда.
Жоғалтып алсаң, ел менен жерді жат алар,
Қарты бар үйде берекет пенен бата бар.
Шаңырақ біткен бөлену үшін бақытқа,
Өзгеру керек, ең алдыменен Аталар.
Көктемнен кейін жадырап, жайнап жаз келер,
Иіріп ұршық, кесте тігу де әз өнер.
Немере менен шөберелердің шаттығы,
Өзгеру керек, сонан соң әзиз Әжелер.
Қалауын ұлдың, қалауын қыздың әперер,
Қажет жерінде аялайтын да мәпелер.
Мінезі менен міндетін қатар сақтаған,
Өзгеру керек, асқар тау біздің Әкелер.
Адамзат тұрмақ, жыл сайын жер де жаңарар,
Тәрбие көрген ұрпақта ұлттық сана бар.
Әлеммен бірге бесікті қатар тербеген,
Өзгеру керек, алтын құрсақты Аналар.
Бабадан қалған түсірмес сызат ізгі арға,
Санадан соққан тоңбайтын дауыл, ызғарға.
Елдігіміз бенен белдігіміздің иесі
Өзгеру керек, Жігіттер менен Қыздар да.
Көнгенбіз талай тағдырлар салған азапқа,
Өзінен-өзі келмейді құт пен ғажап та.
Жұтылмау үшін, ұтылмау үшін ұлтымыз,
Өзгеру керек, өзгеріс керек Қазаққа!
Әлібек Шегебай