Заман Төлеуов. «Әкеден қалған көз» (әңгіме)

Oinet.kz 07-09-2020 1069

әке.jpg

- Апырай, шұнаңдауың жаман екен, бірдеңеге ұрынбасаң игі?! – деп Асат кіндігінен ғана келген мәстек әйеліне ожырая қарап, шарасыздықтан басын қасыды. «Бәкенден пәле өрген» деп сан қақсаған әкесінің қиқуы есіне түсіп, сөз тыңдамаған өресіздігіне іштей өкінді.

- Шұнаңдау деген не сөз? Неге ұрынбақпын? – деп қатыны қыр соңынан қалар емес. Асат жөушендіге отала қоймайтын, ойды мыймен емес сорайған бойымен қорытатын жайбасарлау еді. Ол, біреуге жауап берем дегенше: өзінің де өзгенің де жыны басылып қалатын-ды.

Сонымен Асат, тұрғанына қырық жыл болған ескі шарбақты алмастырсам ба, жоқ па деген күмілжіспен үш күн толғатып жүріп, бүгін ақырғы тоқтамын айтатын сәтте келген тәрізді.

- Әкемнен қалған жалғыз көз осы ғана. Жаңалап бояймын, кетік-кемісін жамаймын...

Баяғыдай емес, ауылдың ажары өзгергелі қашан. Әкесінің, сіріңкенің шиіндей етіп тізген шарбағы кезіндегі көркін де, өзектілігін де жоғалта бастаған-ды. Қазіргі жұрт: қызыл-ала қып боялған қаңылтырмен - қамал салғандай қоршалып алған. Асаттың әйелі де сөйтсек деген еді. Бірақ, өмірінде алғаш рет ол, әйеліне мойынсұнбады. Ел құсап, сән қуғысы келмеді. «Бар дүниені тарылтып, төбедегі аядай аспанға қарап, тұншығатын жәйім жоқ! Жұрттан да жасыратын дәнеңем жоқ!.. » деген пайымын жария етіп, бір түйінге келген болатын. Тау көтерген Толағай батыр сынды, таусоғар байының: кейде осылай дүңк ете түсетіні бар. «Не қылсаң о қыл» деп, әйелі де бетін бір тыржың еткізіп, қатындардың да шаруасы жеткілікті дегендей және күйеуінің де абиырын төкпей, жөніне кеткен-ді.

Құдайдың қырсығы шалып, кетік жерді жамауға екі тақтайша жетпей қалды. Астан-кестеңін шығарып, аудармаған жері қалмады. Ең құрығанда ені бір қарыс тақтай табыла кетсейші... Оның қандай болатынын да көз алдына елестетті. Қораның қалтарысында қыбырсып жатқан, ағаш отынның тұсынан өте бергенде, сонау астынан көзіне көкбеңбек бір нәрсе шалынды. Суырып алып еді, шеттерінің аздап шірігені болмаса, тәп-тәуір тақтай екен. Ал бетіндегі бояу - кеше ғана жаққандай жарқырап тұр. Асат көңілденіп сала берді. Бұл тақтайдың қайдан қалған сарқыт екенін де есіне түсірді.

***

Ол кезде Асат мектепке енді барып жүрген кішкентай бала еді. Оның әкесі, ағаштан түйін түйген шебер болатын. Осы даңғарадай алты бөлмелі үйін өзі тұрғызды. Есік-терезе, едені дейсіз бе, бәрін өзі тындырды. Ауыл жұрты қип етсе, соның көмегіне зәру болып тұратын. Ол ешуақытта ешкімнің көңілін қалтырып көрген емес. Және еңбегін асқақтатып, қисынсыз ақы да сұрамады. Не бәрсе, соны қанағат тұтатын. Жасыратыны жоқ, ара-тұра реті келгенде, аздап сілтеп жіберетіні бар. Сондай сәттерде Асат пен анасы, оны іздеп шығады. Көбінесе, көлеңкесі қалың бір талдың түбінен тауып алатын-ды. Асаттың анасы ірі жаратылған, қарулы жан еді. Күйеуін қолтығына қысып, жүріп кете беретін. Ал, күйеуі «Қоя бер!» деп тулап, осыдан жібермесе, үйге жеткен соң, әдемілеп соқпақ болып кіжінетін-ді. Әйелі оның уәдесіне тек езу тартып қана қояды. Бұл екеуінің арасында кісі таңқаларлық - бір тұнық сезім бар-тын. Бірі анасына еркелегендей шолжаңдаса, екіншісі тұңғышының қылығына кешіріммен қарағандай мәрттікті аңғартады. Сондай бір кездерде, әкесінің құрал-саймандарын артынып-тартынып, арттарында Асат та келе жататын-ды...

***

- Қарашы, ұлым,.. ұнай ма? – деп сұрады бір жолы әкесі Асаттан. Оның мектептен келіп, аулаға кірген беті сол еді. Мынадай кереметті көргенде Асаттың аузы аңқайып қалды.

- Әке, бұны сіз жасадыңыз ба?

- Енді кім деп едің? – деп маңғаздана жауап берді әкесі. Сосын қарағайдан жасалған қабырғасы қалың, ауыр, сыртқы есікті ары-бері ашып, өз туындысына өзі сүйсініп, масаттанды. Расында, бұл есіктің шын шебердің қолынан шыққаны көрініп тұр. Тағатындай, ешбір мін жоқ. Ал оның бетіне жағылған көк бояудың қанықтығын айтсаңызшы! Күнге шағылып, әсемдік жағынан, аспанмен таласады. Бұл бояудың тегі «авиациялық» деп ол, елдің бәріне мадақтай айтып, сосын: осында ауыл шаруашылығы жұмысымен келген ұшқыштардан қалған арнайы тарту екенін де ескерте кетуді ұмытпайтын ...

***

Әкесі мен шешесінің бақилық болғаны қашан. Асаттың өзі де елағасы жасына келді. Бояуы аспанмен шағылысқан ол есіктің орнында - сығалайтын тесігі бар темір есіктің орнағанына да талай жыл болды. «Мықты десе мықты! Ең құрмаса осы есік тұра берсе не қылар еді? Сығалайтын тесік орнатып берейін» деп, Асат әйеліне көп жалынған. Шатырды ашып, темірлетіп қайта жаптырды; терезелерді пластикке алмастырды; еденді қопарып бетон құйып, бетіне паркет салдырды. Үй сыртын да көркем кірпішпен өңдеп, кезінде әке-шешесінің алақан табы қалған ішкі қабырғаларға түрлі-түсті қағаз тартып тастады...

Алда-жалда, әкесі мен шешесі тіріліп келе қалса, бұл үйді танымай өтіп кетуі де ғажап емес-тін. Асаттың қолынан бар келгені: сырт қоршауды ғана аман сақтап қалу болған сияқты.

Сонымен баяғыдағы есіктің жұрнағы - жаңағы тауып алған тақтайды екіге тілді де, жетпей қалған тұсқа апарып шегеледі. Көз қарықтыра жарқыраған тақтайлар: ары өткен, бері өткендердің мойындарын амалсыз бұрғызды. Соған қараймын деген кейбіреулер сүрініп, ет бетінен құлап та жатты. Енді біреулері ерінбей бұрылып келіп, тақтайды сипап, таңдай қағысатын. Ал тақтайлар болса, елдің өздеріне ауған ықыласын аңғарған сыңайлы - онан әрмен құлпыра түседі. Екі тақтайша өзара мақтанып, сөйлесетін де тәрізді. Сұлулықтың сымбаты бойларын кернеп, астамшылықтан жарылуға шақ қалатындай. Бояуы солғын, өзге тақтайлар: бұл екеуіне жеккөрінішпен қызғана қарайтын секілді. Кеше ғана ескі есікке айналып, сиыр қорада жатқан төсеніш еді, уақыты өтіп, оған да жарамаған соң, қожайын отынға апарып тастаған-ды. Жолдарының бола кеткенін қарашы-ей!.. Күллі шарбақ осылай деп, өзара күңкілге көшкендей... Шынында да мына, екі ерекше - көзге шыққан сүйел болды. Осыны сезгендей, Асаттың әйелі де өз ренішін білдіріп:

- Жоқтан өзгені неғып қағып қойғансың? – деп ашулана сұрады бір күні.

- Немене, ұнамай ма?

- Құрт көзін, өткен-кеткеннің бәрі қарайды. Елге күлкі болдық!..

- Елдің бізде шаруасы не? Қарамасын!..

- Егер сен алмасаң, осы қазір өзім барып, жұлып тастаймын!

- Мақұл, айырбастаймын, - деп ол әйелін ары қарай долдандырмай,

ығына жығыла салды. Асат уәдесіне ғана тұрып қоймай, күллі шарбақты бір-ақ күнде жайпап, отынға айналдырды. Сосын бір аптаның ішінде жан-жайын темір қоршаумен құрсаулап, айдай әлемді алақандай ауласына сыйдырып, қазықтай қатынның да көңілін біржола тапты. Сөйтіп, әкеден қалған соңғы көз өмірден өтті.

***

Асаттың әйелі келін болып түскен сәттен атасына онша ұнамады. Енесі өз қызындай өбектеп, есі шықса, атасы жоқ жерден пәле шығарып, қырсығатын да отыратын. Келіндерінің елден ерек - кісі шошитындай ештеңесі жоқ сияқты-ақ. Тек, бойының аласа, денесінің талдырмаштығы болмаса. Ал, Асат анасына тартып бойшаң, иықты жігіт боп өскен-ді. Әкесі оған, қызыңқырап алған кездерінде: «Мен сенің шешеңе әдейі үйлендім. Тұқымымызды түзету үшін. Маған қарашы, шешеңнің кіндігінен ғана келем. Бұл еркекке жараспайды. Сен де бойшаң қатын аласың!» дейтін. Деп қана қоймай, Асатты ант-су ішкізіп, уәдесін де қоса алатын. Ол жарықтық, мінезі бала сияқты еді. Жасаған нәрсесін жар салып елге жайып, мадақ естігенді ұнататын. Кейбіреулер оны мақтаншақ деп сөксе, енді біреулер: еңбегін айтқанда не тұр, қолыңнан келсе, қонышыңнан бас, деп оны қоштайтын-ды.

«Асат қатын әкелді!» деген қуанышты хабар, оның әкесі үшін – келіннің табалдырық аттаған сәтінен су сепкендей басылды. Бойы бір қарыс, бәкене келінді көргенде, жүрегінің талмасы ұстап, ақсақал беташарға да бармай, шеберханасынан шықпай қойды. Сол жерде бір жеті жатып, құсалықтан ішем деп, арақтан күйіп, өліп те қала жаздады. «Тұқымды құрттың қу жалғыз!» деп қабырғаны төбелеп өшін алды. Бірде Асат, анасының ақылымен, әкесімен еркекше сөйлеспек боп барған-ды. Сөз арасында: «Әке, маленькая женщина –подарок для мужчины» деп әзілдемек болып еді, ол тапқыр сөзі басына боқтық болып жауды. «Атаңның басы, әкеңді бәленше етейін!..«Бәкенеден пәле өрген» деп бекер айтпаған! Сенің сорың - ол! Айтпады деме, сен оның саусағына іліп алған зырылдауық боласың! «Шымшып ішіп, шыңғырып тышып отырасың!.. Құрттың тұқымды, иттің баласы!»

Асат өзімен бірге ала барған бір жартыны ортаға алып, жайланған кезде, әкесінің де мінезі жаймашуақтанды. Ол, әңгімені арыдан бастады.

- Біздің ата-бабамыздың барлығы аласа бойлы бопты. Әкем де іштей өз бойына намыстанатын. Бой жағы болмаса, қалған дүниеміз елден кем емес. Мына жұдырыққа қарашы! – деп сөз арасында ол кішігірім шоқпардың басындай жұдырығымен стөлді түйіп қалды. Стөл үсті түгілі, қабырға зырқ етіп, онда ілулі тұрған құрал-саймандар да селк ете түсті. - Шешелеріміз де сол өзіміз қалқын болған көрінеді.Сөйтіп, біздің тұқымның елмен теңесуі үшін тек қана бой керек болғандай. Сол қастерлі парызды өтеу - менің мойныма жүктелді деп шештім. Құдай сәтін салып, осы шешеңді қыр соңынан қалмай жүріп, қатындыққа алдым. Ел не демеді десеңші! Ақылды әйел екен. Алты қыз, бір ұл туып берді. Кілең, аспан тіреген бәйтерек сынды болып өстіңдер! Ұрпағымды жалғайтын сенің мына қылығың – мені, аруақтар алдында масқара етті. Сен, таз кепешімізді қайта кигіздің! – деп ара-арасында ұрттап отырған арақ мыйына шауып, содан да көңілі босап, гөй-гөйге басты. Жаман ырым жасап отырған шалының дауысын естіген әйелі, үстілеріне кірді. Асаттың әкесі әйеліне мұңын шағып, оның иығына басын төсеп, біраз қорсылдады. Сосын уанған бала секілді төсегіне жантайып, қор ете түсті. Ертесінде есін жиып, дастарқан басынан табылды.

***

Осы шал ғана қабағы ашылмай, өзіне ұқсаған бәкене келінді көзімен атумен өтті. Бір қызығы, енесі: келіні десе, ішкен асын жерге қойды. Бойындағы бар өнерін үйретуге тырысты. Келіні қалт жібермей, қағып алып отырды. Безілдетіп сиыр сауып, құрт-май шайқап, іс тігіп, ешкімнің жағасына кір қондырмай, тамағын ішкен адамға саусақ сорғызды.

Тұрмыспен қатар жүретін: шатақшыл долылық та оны айналып өтпеді. «Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады?» демекші, келе-келе енімен қоса тілі де өсіп, тістері қайралып, азулы қатынға айналды. Бір қыз, бір ұл болып кезектескен, бойлары ала-құла алты бала тауып берді. Дүңкиген байын керек кезінде - саусағының ұшымен шыр айналдырды. Байы да оған қарсы емес. Онда тұрған не бар. Ең бастысы үйдің берекесі. Берекені кіргізетін де кетіретін де әйел. Сондықтан «аш пәледен, қаш пәле» дегеннен абзалы жоқ деп, Асат – осы жолғы секілді, жылына бір қабат бас көтергені болмаса, үй тиыштығы үшін, қатынының алдында бір жола шөке түскен-ді...

Ол - әке жолын қуып, ағаш шебері атанды. Оның жалғыз кінәраты: шатырға шыға алмайтындығы. Биіктен басы айналғандықтан емес, оның салмағын ешбір шатыр көтере алмады...

***

- Әлгі көкпеңбек пәлелер қайда? – деп айға жуық жаймашуақ жүрген бәкене қатын байынан шаншыла сұрады.

- Көкпеңбек пәлесі несі? – деп Асаттың аузы расымен аңтарылды.

- Өткендегі шарбаққа жабыстырған тақтайларың қайда?

- Қайда болушы еді отынға тастағам... Оның керегі не саған?

- Сұраған соң, керек!

«Ой Аллам-ай, осыған не жетпейді? Көк тақтайды қайтейін деп жүр екен?» деп іштей уайымдап, бірақ ары қарай қазбалап, байыбына барғанға ерінді.

Негізінде бұл қатынның ерегесіп, қырсығуына себеп: атасынан қалған соңғы «көз» іспетті осы - көк тақтайдың түбіне жету сияқтанды. Тірі кезінде жылы қабақ танытпаған атасынан есте қалар ештеңе қалдырмауға бекінгендей. Үй сыртында тау болып қаланған, қалың отынның арасынан - көгерген қос тақтайды ерінбей іздеп, тауып алды. Сосын оны ұсақтап бұтап, көмір қорадағы дайын отынның бетіне көрнеу етіп тастады. Сірә, күн суытқан алғашқы күні: тамыздық етпекші болған сыңайлы. Расында, дәл солай болды.

- Мына құдайдың күні қашан суытады екен? – деп Асаттың әйелі күздің жаймашуағынан әбден шаршаған адамша - тықыршуды шығарды.

- О қай сасқаның, бәйбіше? – деп Асат аңыра сұрайды.

- Әр мезгілдің өз уақытында түскені абырой емес пе...

- Мал өрісте, отпен кіріп, күлмен шығып жүрген жоқсың. Мына жорығыңа таң қалдым?

- Саған бірдеңе жеткенше... түйе бойына сеніп, жылдан құр қалған...

- Түйенің қатысы қанша?

Әйелі, ары қарай сөзін қор қылғысы келмеген адамша – қолын ербең еткізді. Сол күні түс ауа, былай да алабұлттанып тұрған аспанның қабағы оқыс түйіліп, ауа райын болжаушылардың жормалдарына қайшы мінез танытты. Сөйтсек, алаңсыз отырған елдің солтүстік бүйірінен сібірдің суық құйыны – ескертусіз киіп кеткен көрінеді. Асаттың әйелінің қуанышында шек жоқ. Пештің көмекейіне көк тақтайларды майпаздап қалап, астына сәләркі сіңген тезек салып, сырт ауа суыды-ау деген кезде тұтатуы ғана қалған. Аяқ-асты ақтүтік боран көтеріліп, сібірдің сойқан табиғаты - қазақтың момын жеріне ойнақ салды.

Бойынан майлы шырыны мүлдем сарқыла қоймаған қарағайдың қалдығы тез тұтанып, шатырлай жанды. Оттың дүрілінен Асаттың әйелінің арқа қышуы қанғандай, жүзіне ерекше айыз тұнды. Тамыздықтың үстіне көмір салмақ болып, пештің есігін ашып, ары үңіліп қарады. Шатырлаған қарағайдың бір талы бұның бетіне шырт түкірді. Сол-ақ екен, қалғандары да жарыса, шырт-шырт түкірісті...

Асат үсті-басын қаққылап, дәлізге кірген беті сол еді. Баж ете түскен дауыстан шалқалап құлай жаздады. Мысықты басып кеттім бе деп аяқ астына қарады. Ештеңе жоқ. Ойбайлаған өз әйелінің дауысын таныды. Аяғы аяғына шалыныса, ішке енді. Пештің алдында қос бүктеліп жатқан әйелін көрді. Бет-аузын қолымен бүркеп алған. Тұла-бойды аза-қаза қылып, зар илейді. Қос алақанын бетінен ажыратпаған қалпында оны тонға орап,балаша көтеріп, медпунктке апарды. Одан, айдан аса аудандық ауруханада жатты. Екі бетіне екі-үш жерден шұқырайған мең түсіп, бір көзіне шоқ қадалған екен. Ол көзі көруге жарамай, отқа күйіп өлген еті – шошайған сүйелге айналды. Содан бері, Асаттың әйелі - қара көзілдірік тағатын, сән қой, кербез қатын атанды. Онысын тек, жатарда ғана шешуші еді. Сондай бір сәттерде Асаттың зейініне әйелінің көзіндегі бұршақ ілігіп қалатын-ды. Бастапқы кезде аяқ-асты мүгедек болды-ау деп оған жаны ашып жүретін. Кейін келе сол шошайған сүйелді көрсе – әкесінен қалған соңғы көзді көргендей ып-ыстық сезімге бөленетінді шығарды...

Сосынғы бір жаңалық, Асаттың әйелі намазға жығылып, әр жұма сайын аруақтарға оқитын дұғасының басын - атасының атымен бастайтын болған екен.

Сонымен қатар, қуыршақтай болып қымтанған ол, соңғы кезде: өнегелі іс пен өрелі сөзді насихаттап, ауылдың абыз анасына айналып бара жатыр-мыс, деген де сыбыс бар...

Құдіреттің күшіне не дерсің?!.

Заман Төлеуов


Көкілташ медресесін салдырған кім?
Сүндет Сейітов. Амалдау (өлең)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу