Көкілташ медресесін салдырған кім?
Тәуелсіздік алған жылдардан бері ұмытыла бастаған тарихымыз қайта түлеп, жаңара бастады. Өзімізге тән абыр-сабырлықпен біраз тірліктерді де бітіріп тастаған сияқтымыз. Алайда осы тарих жолындағы жасаған тірлігіміз ақиқаттан ауытқымай барды бар, жоқты жоқ, ақты ақ, қараны қара деп көрсетуіміз керек. Бұл Құдай алдында да, келер ұрпақ алдындағы да азаматтық парызымыз.
Бұл әңгімеге арқау болып отырған тақырыбымыз Өзбекстан республикасы, Бұқара қаласындағы әйгілі Көкілташ медресесі туралы болмақ. Бұл туралы алғаш рет сонау ес жия бастаған бала күнімізде үлкен кісілерден Ораз ахун, Мырзабай ахун, Адашбай ахун, Қалжан ахун, Марал ишан, т.б. діндар ғұламалар туралы әңгімелеп, олардың сонау Өзбекстан республикасы, Бұхара қаласындағы Көкілташ медресесінде оқып, білім алғандығы туралы көп еститінбіз. Көкелташ медресесі туралы алғашқы деректі оқушы кезімізде, яғни 1991 жылы «Ақ желкен» журналының № 4 санында көрнекті ғалым Халел Досмұхамедовтың «Көгелтас» деген Бұхарадағы әйгілі медресенің қалай салынғандығы туралы аңыз әңгімесі жарияланды. Халел ағамыз өз естелігінде: «1923 жылы қазан айында біздер, Бұхарада өткен бүкілөзбекстандық ғылыми конференцияға қатысушылар, Көгелтас медресесінде тұрдық. Сонда мен бұл аңызды тұңғыш рет Ташкенттік Мүнуара Әбдрашитов деген азаматтың аузынан естіген едім. Бірақ өкінішке орай ол аңызды таратып айтып бере алмады. Содан бері аңыз туралы деректі жан-жақтан іздестіріп, материалдар жинауға кірістім. Кейінірек маған аңызды қазақтан артық кім білуші еді деген ой келіп, Көгелтас медресесі туралы көнекөз қариялардан сұрастыра бастадым. Сөйтсем Түркістан қазақтарының арасында Көгелтас медресесін салған туыстары туралы неше түрлі аңыз әңгімелер бар екен. Соның бірі – Түркістан уезінің Куршу облысында тұратын тама руынан шыққан Омар Диқанбаев деген қарияның айтқан аңызы. «Ол кезде Сыр бойындағы қазақтар Бұхар хандығының қол астында болатын. Бұхара қаласындағы Шамси Мұхаммед деген молда болыпты. Осы молда ханға келіп, қырда қазақ атты көшпелі халық барлығын, олардың дінді ұстамайтындығын, намаз оқымайтындығын айта келіп, қазақтарды дінсіз деп жариялап, оларды тұтқындап, құл ретінде базарға сатуға ұсыныс жасайды. Бұхар әмірі сәл ойланып отырып. Тұтас бір халықты дінсіз деп жариялау артық болар, алдымен хаабар беріп шақыртып сынап көрейік» дейді. Бұл жиынға елдің бірнеше игі жақсылары келеді. Солардың арасынан Көге шығып, ханнан халқының мұсылмандығын дәлелдеу үшін бес-алты жыл қалада тұруға рұқсат сұрайды. Сөйтіп табан ақы, маңдай терімен еңбек етеді. Зығыр егіп, сыпырғы жасап базарға сатады. Тапқан табысын тауық алып асырайды. Көп ұзамай есепсіз тауығы болады. Содан ол кірпіш құюға кіріседі. Өзіне қажетті көп кірпіш дайындап алған соң Көге ханға келіп, мешіт салуға рұқсат сұрайды. Хан ризашылығын береді. Көге әміршіге екінші бұйымтайын айтып, мешіт салатын шебер беруін сұрайды және оған қоятын бірнеше шарттарым бар, соларды орындай алса ғана құрылысқа кіруге рұқсат етемін дейді. Хан келісім беріп, Бұхара шаһарындағы шебер біткенді жинап, Көгеге шарттарыңды айт, деп бұйырады. Сонда Көге мынадай бірнеше өте қиын шарт қояды: өмір бойы бес уақыт намазын өтеп жүрген және оны ешқашан қаза жібермеген; дәретсіз жер баспаған және ешкімге зұлымдық ойламаған; ешқашан зинақорлық жасамаған және ғұмыр бойы тақуалықтан айнымаған; есігінен қараған қайыршының меселін қайтарып көрмеген; әрқашан үйіне түскен қонақтың қайдан, не үшін келгенін сұрап жатпай қонақасы берген; ешкімнің атақ-дәрежесіне қарамай шындықты бетке айтқан; ешқашан Құдайдан басқаға құлдық ұрмаған адамға ғана мешіттің құрылысын бастауға рұқсат етемін. Мен қойған шарттарға лайықпын деген шебер болса ортаға шықсын.
Бұхарада қойған шартын орындай алатын бірде-бір адам шықпайтынына көзі жеткен . Көге жалғыз өзі мешіт салуды бастайды. Ақыры өз қолымен мешіттің іргесін қалап ешкімнің көмегінсіз мешітті жалғыз өзі тұрғызады. Әбден бітуге жақындағанда ғана шеберлерге құрылысты аяқтап сырлап шығуға рұқсат етеді. Бояуы қырық құбылып көзді ұялтқан салтанатты жаңа мешітті көргенде Бұхар халқы таң-тамаша қалысты. Жиналған халық Бұхара шаһарындағы шариғатты бұзып көрмеген жалғыз тақуа адам Көге болғандықтан соның құрметіне Көгетас деп атауды ұйғарады.
Бірде түнде Көге намаз оқиын деп келсе, мешітке жиналған халықты көреді. Олар сауық-сайран құрып, дутар ойнап, думандатып мәз-мейрам болып жатыр екен. Көге болып жатқан сұмдықты көргенде қорлыққа шыдай алмай жылап жібереді. Қолына балта алып қабырғаларды қирата бастағанда Шәмсіі Мұхамед жүгіріп келіп, Көгенің қоынан ұстай алып: «Тоқтай тұршы сен салған мешіттің киелілігі сондай оны әдейі арамдап алмаса мешітіңіз көкке көтеріліп ұшып кетуі мүмкін. Біз бұл туралы қасиетті кітаптан оқып, білдік. Сондықтан да мешіттің аспанға ұшып, не жерге сіңіп кетпеуі үшін әдейі той думан жасап жатырмыз»- дейді. Молданың айтқанына иланған Көге Бұхара ханына барып: «Бұл мешіт қалаға тартқан сыйым болсын. Егер менің осы атқарған жұмысымды тақуалық деп танысаңыз қазақ халқын мұсылман деп танып, оларды құлдықтан азат етіңіз» деп сұрайды. Хан ғұламаларымен ойласа келе Көгенің тілегін орындап, ол жөнінде үкім шығарады. Ал баста бүкіл халықты дінсіз деп жала жапқан Шәмсі молданы қатаң жазалауға әмір береді. (Ақ желкен. 1991.№14 4.27.28.бб)
Жорарыда айтылып өкендей дәрігер, әдебиетші, тарихшы ғалым Х.Досмұхамедов әңгімені ел аузынан естіген аңыз екенін ескертіп көрсеткен. Оны кезінде «ұлтшыл», «халық жауы» деп айыптап, 1938 жылы ғалым Сталиндік нәубеттің құрбаны болып кетті.
Ал енді аңыздың астарында титімдей болса да шындық болуы мүмкін. Аңыз себепсіз тумайды. Тарихта Көге деген адам шынымен болды ма?
Соған жауап іздеп көрсек С.Толыбековтың «Қазақ шежіресінде» былай жазылыпты: «Тамадан Қарабура, Қарабурадан Нәрік батыр. Нәрік батырдан атақты Шора батыр, Шорадан Шотқара, есенгелді, Жабыл, Жегі.
Есенгелдіден Атамшал, Қызылқұрт, кенжебай, Дәулеткелді, Атамшалдан Босқын, Торым. Торымнан базарқұл, Назарқұл, Базарқұлдан Қожагелді, Бекбеулі, Көкі батыр. Көкі батырдан атақты Есет батыр».(С.Толыбеков. Қазақ шежіресі. Алматы. «Қазақстан» 1992ж.77б) Яғни Көкі деген кісі тарихта болған. Дегенмен де бізге ең бірінші шындық қымбат. «деген екен» деген деректерге иланып, қатып қалу тарихқа қиянат боп табылады.
Соңғы кездері баспасөз беттерінде, кейбір кітаптарда «көкілташты салдырған Көге» деген болған. Бұл біздің бабамыз екен» - деген әңгімелер жиі көрініс беріп жүр. Мысалы: 1) Ш.серікбаев Күмбезді Көгілташ. «Сыр бойы» 8 желтоқсан. 1998ж. 2) «Көгілташты салдырған- Көкі батыр.». С.Өтегенов . «Ақмешіт апталығы» 23 тамыз 2001 жыл т.б. сол сияқты.
2002 жылы Жалағаш-Бұхара-Самарқан велосапарында көптеген тарихи ескерткіштерді аралап көрдім. Бұхарадағы Файзолла Ходжаев ауданы. Б.Нақышбанди көшесі №91 үй осы аты аңызға айналған әйгілі Көкілташ медресесін «Смена» фотоаппаратымен суретке түсіріп алдым. Медресе қазір музейге айналған. Әр елден келген туристер тамашалап көріп жүр. Мен музей экскурсоводын әңгімеге тартып «осыны салдырған кім?» деп сұрағанымда Құлбала Көкелташ деген кісі деп жауап берді. Ары қарай қазбалап сұрағанымда ол там тұмдап қана бірдеңелерді айтқанымен толық қанағаттанбадым.
Ал енді осы Көкілташта атақты Т.Ізтілеуовпен бірге оқыған белгілі Тәжік жазушысы Садриддин Айнидің кітабындағы осы медресе туралы деректен үзінді келтірейік:
«Бұхарадағы медреселердің ішіндегі ең үлкені Көкілташ медресесі. Екі қабаттан тұратын алып ғимаратта 153 құжыра (бөлме) бар. Өзге медреседегі құжыраларға қарағанда өте жайлы. Бұл медресені 1568 жылы Шейбани Абдулла ханның туған бауыры, белгілі бек Құлбаба Көкілташ Гератқа әкім болып тұрғанда салдырған. Ол медресеге Бұхарадағы бірнеше керуен сарайлар мен базарлардан және Карши даласындағы егістік алқаптан салық түсіріп отырған. Абдулла ханды өз баласы Абдулмумин араздасып 1579 жылы өлтіреді. Абдулмумин Құлбабаны Көкілташты да айуандықпен өлтіреді. Дін иелері «Кімде – кім Көкілташ медресесіне келсе, үлкен молла болады немесе ірі бай болады, немесе әділдік үшін азап шеккен жанға айналады, осы қасиеттің бәрі де оған дариды. Өйткені Құлбаба Көкілташ ғалым бай болып, азаппен дүниеден өткен» деген сөз тарап кеткен. Көкілташ медресесінің құжыралары қымбат тұратын. Сондықтан бұнда белгілі қазилардың әкімдердің, бай-саудагерлердің балалары жатып оқитын...» (С.Айни. Собрание сочинений. 5 том. Москва. 1974.320 б), (Аударған Ахмет Тілеулиев)
Осы Құлбаба Көкілташтың есімі І.Есенберлиннің де шығармаларында кездеседі. «...Баба сұлтанның опасыздығын сылтау еткен Абдолла 1582 жылы тамыздың 8-і күні Сауран бекінісінің етегіндегі қалың тоғайдың арасынан кеп шатырын тікті.Көп кешікпей қамалға қарай қара күбі қойылған ат арба бара жатты. Арбамен қоса қол –аяғы кісендеулі Латиф сұлтанды бір кісіге сүйретіп, бір кісіге айдатып қамал етегіне Құлбаба Көкілташта жетті. Қамал үстінде Әбдісаттар мен Сауран биі Жанболат төре тұр.
-Естідіңдер ме, ағайын,-деді дауыстап Құлбаба Көкілташ-Енді сенетін кімдерің қалды. Одан да тағдырдың дегеніне көніп, өз еріктеріңмен беріліңдер! Сонда ғана ұлы мәртебелі Абдолла өмірші күнәләріңді кешеді...» (І.Есенберлин. Көшпенділер. 2 том. Алматы. «Жазушы». 1976ж. 81б. )
Енді осы деректерге сүйене отырып бір жақты кесіп әзірге ештеңе айта алмаймыз. Өйткені Құлбаба Көкілташта, аңыздағы Есет батырдың әкесі Көкі де тарихта болған адамдар. «...Сол Көкі бүкіл кіші жүз, Самарқан, Бұхара, Хиуа өңірлеріне танымал, зор ілтипат иесі болған зиялы тұлға. Әрине Көкінің Бұхарадағы Көкілташ медресесін салғандығы жөніндегі тарихи дерек өзінің әлі де зерттеуін қажет етеді». (Қарабура. Алматы. «Өлке» баспасы. 1997 жыл.201 б)
«... -Маған бұл аңызды айтып берген кісі кіші жүздің тама руынан шыққан. Ал тамадан тарайтын рулардың ішінде Атамшал деген аталық бар. Оның бір атасы Көге. Қазіргі кезде Көгелер Ақтөбе уезінде тұрады. (Х.Досмұхамедұлы. Аламан. Алматы. «Ана тілі». 1991жыл 44 б)». Сонымен қатар «Көкелташ» деген сөз орта ғасырларда белгілі бір лауазым иесінің атын білдіретіндігі туралы дерек те бар.
«Көкелташ», кукельдаш (түрікше сөзбе-сөз – тете іні) – лауазым. К. лауазымы орта ғасырлардағы Орта Азия мемлекеттері мен Қазақстан, Иран т.б. елдерде кеңінен танымал болды. Алтын Ордада, Әбілхайыр мемлекетінде Қазақ хандығында т.б. мемлекеттерде К. – ханға жақын және сарайда дәрежелі қызмет, мемлекет істерінде маңызды рөл атқарған адам лауазымы. Кейбір деректерге қарағанда, К. мемлекеттің сыртқы және ішкі саясат жағдайы, билеушіге қарсы дұшпандық әрекет жасаушылар туралы мәлімет жинастырып, оларға қарсы шара қолдану жолдарын іздестірді. Өз қызметі үшін К. қыруар жерге ие болып, басқа да көтермелеу сыйлықтарын алып тұрды. Орта Азия мен Оңт Қазақстанда орта ғасырда К. лауазымын алған адамдар салдырған құрылыстар көпшілікке белгілі.» (Түркістан халықаралық энциклопедия, Алматы, «Дәуір», 2000 жыл. 367 бет.).
Ақиқатына жүгінсек осы аңыздағы Көгенің жалғыз өзі осыншама алып, екі қабатты ғимаратты ешкімнің көмегінсіз салған деген пікір ақылға симайды. Бұндай ғимараттарды мыңдаған құлдардың жанкешті еңбегімен бірнеше жылдар бойы тек хан, патша, әмірлер ғана салдырғаны тарихтан белгілі. Сондықтан да қасиетті тарихты қастерлеп, оның айдай ақиқатын іздеп, көзіміз жеткен шындыққа ғана кесімді пікір айтқан біз үшін әрі инабат, әрі иман болар еді. Уақыт бәрін де мезгілі жеткенде өз орнында қояды. Тарихи шындық бәрінен қымбат.