Жетпісбаевтың жұмысы жетісіп тұрғаны шамалы екен

Oinet.kz 13-03-2009 1000

Screenshot_2.jpg

Бағына қарай ма, сорына қарай ма қала әкімі Арман Жетпісбаев облыс басшысының алдында биылдыққа екінші рет есеп берді. Экс-әкім Нұрғали Әшімовтың алдында оқып берген баяндамасын бұл жолы тағы қайталады. (Айтқандай, қала әкімінің бұл баяндамасы барлық халыққа есеп беруінен аман алып шыққан тарихи шығарма іспетті болды). Өйткені, бұл баяндамасы Әшімов тарапынан да, қалалық мәслихат депутаттары тарапынан да жақсы деген баға алып, қаумалаған мақтаудың астында қалған болатын. Бұл жолы олай болмады. Қаланың бүгінгі ахуалына шынайы көзбен қараған жаңа басшы Асқар Мырзахметов қала әкімінің ұзын-сонар, іш пыстырар баяндамасын жарты жолдан тоқтатып, жаттанды жайтты қайталап, босқа сөз шығындап, «уақыт өлтіргенше» келелі мәселерді қозғауға көшкені дұрыс екенін ескертті. Алайда, басқа дайындығы жоқ па, әйтеуір Арман Шәріпбайұлы қазыққа байлаулы аттай бәрібір сол баяндамасынан ұзап шыға алмады. Келелі мәселелерге келгенде күмілжи берді. Оған қарағанда қарамағындағы қызметкері, Шымкент қаласының тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Бейсен Жанбосынов тығырықтан аман алып шыға алатындай сөзшең көрінді. «Арман Шәріпбайұлы ұқсап есеп беріп қана қоймай, оның айтпай кеткен күрделі мәселелерін мен айтайын» деп бастаған ол анау жетпейді, мынау жетпейді деп ұзағырақ сөйлеп, әңгімесін ақша сұраумен аяқтады. Алайда, оның сұранысын облыс әкімі «жөнсіз сұраныс» санатына жатқызды. Себебі, сұрап отырған қаржыларынан он еседей көп қаржыны өзге жобаларға кесірі тимейтіндей етіп шығыннан үнемдеуге болады екен. Ал мұндай мәселе қала әкімінің баяндамасында мүлдем кездеспеді. 

- Қаланың қазіргі бюджеті 33 миллиард теңге, - деді Асқар Исабекұлы, - мен ауылшаруашылығы министрлігін басқарып отырған жылдары бүкіл республика ауылшаруашылығының шығынын 18 миллиард теңгемен жабушы едік. Сонда бір қаланың шығыны бүкіл республика ауылшаруашылығы шығынынан екі есеге жуық көп болғаны ма? Соның өзін жеткізе алмайсыздар. 

Асқар Исабекұлы қалалық шенеуніктер арасында «шаш ал десе, бас алатындардың» да кездесетінін айтты. Қала әкімінің есеп беруіне дейін облыс басшысы қаладағы бірнеше нысандарды аралап, жалпы жағдаймен танысып шыққан болатын. Сол кезде темір жол вокзалындағы дүңгіршіктерде сауда жасайтындар жергілікті шенеуніктер тарапынан жұмыс істеуге кедергі болатынын жасырмады. Облыс әкімі «орынды талап қоя білсеңіздер олар да тыңдайды ғой, сендер оған көнгілерің келмейді, қит етсе сотқа сүйрелеп, соншама адамды шырылдатасыңдар, келісіп жұмыс істеуге болады ғой» дегенді ашып айтты.  

Арман Шәріпбайұлы бастаған командаға осындай қатты сын айтылып жатқанға ма дәл бұрынғыдай баяндаманы қайталап оқып берген қала басшысының атына депутаттар, ақсақал, қарасақалдар тарапынан өткен жолғыдай «одалар» айтылған жоқ. Тіпті «қала әкімінің жұмысына «5» деген баға аз» деп шегінен асыра мақтаған белсенді депутаттар да үнсіз қалды. 

Асқар Исабекұлы қала әкімінің есебін тыңдауды ескертумен аяқтады. Бітпей жатқан тірліктерге нақты мерзім белгіненіп, олардың орындалуы ай сайын сараланып отыратын болды. Тапсырма орындалмаған жағдайда жауапты азаматтардың мәселесі майшаммен қаралатын болады. 

"Рейтинг" газеті

Бір қолды қарақшылардан айла артылмай тұр
Шымкенттің халқы 706 535-ке жетті!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу