Шымкенттің халқы 706 535-ке жетті!
Он жылда бір болатын халық санағы да өз мәресіне жетті. Әлеуметтік маңызы орасан санаққа деген дайындық жақсы болғанымен, нәтиженің көңіл көншітпейтіні жайлы әңгімелер әлден қылаң бере бастады.
Наурыздың 11-күні Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев журналистерді жинап, санаққа қатысты мәліметтерді мәлім етті. Оның айтуынша санақ мерзімі кезінде санақтан өткен қала тұрғындарының саны 706 535-ке жетіпті. Санаққа дейін Шымқалада 560 мыңнан астам халық тұрады делініп келген.
- Қала тұрғындары әлі де түгелдей саналды деп айтуға болмайды, - дейді қала әкімі Арман Шәріпбайұлы. – Қаланың ресми органдарында тіркелген тұрғын үйлердің саны 151 522 болса, санақ науқаны кезінде санақ жүргізілген үйлер саны 134 922-мен шектеліп отыр. Демек, 16 600-дей үйлер қамтылмай қалды деген ойдамыз.
Қала әкімінің айтқаны рас болса мұнша үйдің санаққа ілікпей қалуы үлкен кемшілік. Кемшілік былай тұрсын, кешірілмес келеңсіздік. Әр үйде орта есеппен кемінде 4 жаннан тұрады деп есептер болсақ, 16 600 үйде 70 мыңға жуық азамат «қатарға» ілікпей қалды деген сөз.
Әйткенмен, әлі де таңданбай тұра тұрыңыз. Өйткені, қала аумағындағы аудандар берген мәлімет бойынша ресми тіркеуден өтпеген, алайда тұрғындар баспана етіп отырған және 20 мыңға тарта тұрғын үйлер бар ұқсайды. Жергілікті биліктің есебінше мұнда да 75 мыңға жуық халық тұрады екен. Демек, санаққа 145 мыңдай халық ілікпегені ме? Бұл үлкен бір ауданның халқымен пара-пар көрсеткіш. Алдын-ала жан-жақты дайындықпен кіріскен ұлттық санақта мұндай өрескел кемшілік орын алатын болса, қыруар қаржы жұмсап, жұртты әбігерге салудың қажеті қанша еді?! Дәл осылайша әр облыстан бір ауданның халқындай халық санаққа кірмей қалатын болса, бүтін бір облыстың халқын «жоғалтып» алғанымыз емес пе?
Әрине, мұнша адамның тізімге ілікпей қалуы көңілге күдік ұялататыны рас. Алайда, қаладағы әкімдіктерге үйіне санақ мамандарының келмегендігі туралы 85 отбасыдан арыз-шағымдар түскенін қайда қоюға болады? Бұдан бөлек телефон арқылы арызын жеткізіп жатқандар қатары қаншама. Санақшылардың жетіспеушілігі байқалған тұста әкімдік тарапынан қосымша санақшылар сұратылып, алғашқы 1978 санақшының қатары наурыздың 2-күні тағы 159 санақшымен толықты.
Оңтүстік Қазақстан облыстық статистика басқармасының мамандары мұндай айырмашылықтың болуы мүмкін еместігін, шындыққа жанаспайтынын айтады. Себебі, санақ туралы ресми мәліметті статистика басқармалары ғана таратуға құқылы. Олардың есебінше санаққа халық мүмкіндігінше толық қамтылған сыңайлы.
Қанша екенін кім білсін, бірақ, халық арасында санаққа ілікпей қалғандардың бар екені бос сөз емес екен. Шымкенттің іргесіндегі Қайнарбұлақ елді-мекенінде 5 мыңдай түтін бар. Олардың арасында санақшылардың назарынан тыс қалып қойған үйлер бар болып шықты. Осы елді-мекеннің тұрғыны Талғат Жолдасбеков, Индира Қалқаева деген тұрғындар үйлеріне санақшылардың келмегенін, санақшылар жұмысына көңілі толмағанын алға тартады. И.Қалқаеваның кішкентай балалары болғандықтан үнемі үйінде болады екен. Олар «көршілерімізден санақ алып кетіпті, біз сонда ешкімге керек болмағанымыз ба?» деп ренжіп те отыр.
Әлгі айтылғандай 145 мың адамның санақтан шет қалып қойғанының қаншалықты рас екені өз уақытысында анықтала жатар, дегенмен санаққа ілікпей қалғандардың бар екені талассыз. Сол себепті, қазір санаққа енбеген азаматтарды анықтау мақсатында бақылау санақтары жүргізілуде. Бұл наурыздың 15-не дейін жалғасатын болады. Халық санының дұрыс есептелуі жергілікті тұрғындардың әлеуметтік тұрмыстарына да тікелей әсері бар. Нақты есеп арқылы қай жерге балабақша, мектеп, аурухана секілді әлеуметтік нысандардың қажет екенін саралауға мүмкіндік туады. Сол себепті, санаққа ілікпей қалған азаматтар болса, өкпені қойып, өздерінің санақ бөлімшелеріне есепке енгендері жөн-ақ.
"Рейтинг" газеті (2009 ж)