Бұрхановқа түскен бұғау Сопбековтың сотталуымен байланысты ма?

Oinet.kz 22-07-2017 950

Screenshot_3.jpg

Оңтүстіктің білім саласында тағы бір келеңсіз оқиға орын алды. Келеңсіздіктен бөлек жалпы облыстық білім басқармасында соңғы уақытта түсініксіз тірліктер көбейіп бара жатқан сияқты. Жуырда бос тұрған басқарманың басшылығына  өткен конкурста бір азаматтың комиссияның оң қорытындысын алып, тағайындау үшін облыс әкімі Жансейіт Түймебаевқа ұсынылғаны белгілі болған. Жаңа кандидатураның уақтысында білім және ғылым министрлігінде лауазымды жұмыстарды атқарғаны, соңғы уақытта Түркіменстандағы елшілікте қызмет еткені ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде аз жазылған жоқ. Сегіз айдан бері бос тұрған облыстың бас педагогының креслосына енді лайықты кадр табылды, басқармаға ие болар азамат осыменен анықталған шығар деген едік. Алайда арада екі-үш апта өткенімен білім басқармасының басшылығына ешқандай тағайындау жасалған жоқ. Бұл жерде нендей гәп бар? Естеріңізде болса, жыл басынан бергі аралықта білім басқармасының басшысының орнына үш рет конкурс жарияланған. Алғашқы конкурста бұрын осы басқармада басшының орынбасары лауазымын атқарған Серік Әуесхановтың өткені белгілі болған. Алайда ешқандай тағайындау болған жоқ. Бұдан кейінгі конкурста бұрын Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы қызметін атқарған мектеп директорының бағы жануы мүмкін деген болжамдар жасалып еді.  Алайда бұл жолы да «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» анықталмады. Тағайындау мерзімінің тым созылып кеткеніне қарағанда үшінші конурс та алдыңғыларының кебін құша ма деген күдік басымдау.

Әзірге басқармада басшының міндетін атқару орынбасарларға қарап тұр.  ...Ал орынбасарлардың бірінің тәртіптік мәселесі жуырда әдеп кеңесінде қаралғанын біз бұған дейін жазып едік. Енді міне, бірі парамен ұсталып жатыр.

Рас, білім басқармасы басшысының орынбасары Ержан Бұрхановтың пара алды деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат әзірге ресми емес.  Құзырлы органдар бұл туралы ауыз ашпай отыр. Дегенмен жайсыз жаңалық жерде жатушы ма еді?!  Ұзынқұлақтан жеткен әңгімелерге қарағанда, Ержан Бұрханов талапкерді Шымкенттегі орта арнаулы оқу орнына грантпен оқуға түсіріп беру үшін әлдебір азаматтан пара алған көрінеді. Параны алып келуге ол өзінің жүргізушісін жібергенге ұқсайды. Оқиғаның мән-жайы әлі толық белгілі емес. Дегенмен «бармақ басты көз қысты» әрекет Ұлттық бюро қызметкерлерінің  назарында тұрған. Олар қажетті айғақты жинау үшін  орынбасар мен басқармадағы бөлім басшысының кабинетіне «көз-құлақ» орнатқан дейді. Тың тыңдап жүргенін сезіп қалған бөлім басшысының қазіргі уақытта бой тасалап жүргені де айтылуда. Осы аптада «Ратель.кз» сайты Ұлттық бюроның мәліметіне сілтеме жасай отырып, берілген параның көлемінің мың доллар екендігін жазды. Ал Бұрхановтың өзі қамауға алынбаған.

 Ержан Бұрхановтың қамауға алынбай, бостандыққа жіберілгені көп жайтты аңғартатын сияқты. Иә, соңғы кездері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы осы тәжірибені мықтап тұрып қолға алды. Айыпталушы өзінің кінәсін мойындап, тергеушілермен тығыз байланыста жұмыс істейді. Есесіне тергеушілер айыпталушыны қамауға алмайды. Егер іс сотқа түскен соң, тағылған  айыптан бұлтарып кетпесе, парамен ұсталған шенеунікті қандай жазаның күтіп тұрғанын алдын ала шамалауға болатын сияқты. Қылмыстық кодекс бойынша оған алған парасының елу еселенген мөлшерінде айыппұл салу жазасы тағайындалуы мүмкін.  Елу есе... «Параны алушының да, берушінің де жазасы бірдей» деген ауызекі тілде көп айтылғанымен, заңда пара берушіге салынатын айыппұлдың мөлшері отыз есе, ал параны алушыға елу есе деп нақты белгіленген. Мәселен, былтыр облыстық білім басқармасының бас маманына делдал арқылы 3 миллион теңге көлемінде пара бермек болған облыстық мәслихаттың депутаты, Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінің директоры Амангелді Сопбековке сот 90 миллион теңге айыппұл төлеу жазасын тағайындады. Бірақ  Амангелді Сопбеков сотта кінәсін мойындаған жоқ. Биыл ақпанда облыстық соттың апелляциялық алқасы үкімді өзгеріссіз қалдырды. Сотталушы айыппұлды үкім күшіне енген соң бір айдың көлемінде төлеуі тиіс болатын. Сопбековке шығарылған үкім 22 ақпанда күшіне енген.  Алайда ол айыппұлды осы уақытқа дейін төлемеген.  Жуырда жартылдықта атқарған жұмыстары бойынша журналистерге арнап брифинг берген Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының төрағасы Маратәлі Бекназаровтың айтуынша, «колледж директоры айыппұлды төлемегендіктен, оның жазасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылан». Яғни, қазіргі уақытта экс-депутат жазасын түрмеде өтеп жатыр деген сөз. 

Әрине, 90 миллион теңге дегеніңіз аз ақша емес. Мұншама қарыздан құтылуға бүкіл ғұмыр бойы тірнектеп жинаған дүниең де жетпеуі мүмкін. Дегенмен Сопбековты жұртшылық әрі директор, әрі депутат, әрі табысты кәсіпкер ретінде білетін. Ол айыппұлды жағдайының жоқтығынан емес, тағылған айыппен келіспегендіктен төлемеген болуы мүмкін... Темір тордың арғы жағында жүрген азаматтың жандүниесінде нендей шындықтың шырылдап жатқанын кім білсін?!

Біз Сопбековтың жайына бекерге тоқталып отырған жоқпыз. Экс-депутаттың ісінде жоғарыда әңгіме еткен, пара алды деген күдікке іліккен Бұрхановтың да қатысы бар болатын. 

Сот үкіміне қарағанда, Сопбеков 2016 жылдың шілдесінде білім басқармасы басшысының міндеті атқарушы (басқарманың басшысы Қ.Құлажанов бұл кезде демалыста болған) Ержан Бұрхановқа кіріп, өзі жетекшілік ететін колледжге бөлінген гранттардың санын көбейтіп беруді сұранған. Тіпті оның кабинетіне тағы бір кіргенінде «рахметі болатынын» да жұқалап жеткізген. Алайда Е.Бұрханов оның мүмкін еместігін, бұған колледждің материалдық-техникалық базасының сай келмейтінін айтып шығарып салып жүрген. Сопбековтың басқарманың бас маманына 5 миллион теңге пара ұсынып жатқанын естіген бойда Е.Бұрханов бұл туралы алдымен облыс әкімдігі аппараты басшысының орынбасары, әдеп жөніндегі уәкіл Ә.Байсыновқа хабарлаған. Ал Байсынов дереу құзырлы органдарға арыздануды тапсырған. Бұрханов осыдан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының облыстық департаментіне арызданады. 26 шілдеде Сопбеков 3 миллион теңге параны қарамағындағы қызметкері арқылы бас маманға беріп жібереді. Делдал параны бас маманға беріп, оны артынша Сопбековтың үйіне алып барған. Осы жерде грант мәселесін кеңесіп тұрған кезде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері делдал мен пара берушіні тұтқындау шарасын жүргізген...  Болған оқиғаның қысқаша мән-жайы осындай еді. Әрине, үкім бойынша.

Қызық дейсің, Е.Бұрханов колледж директорының грант мәселесі бойынша пара ұсынып жатқанын естіген бойда әдеп жөніндегі уәкіл Ә.Байсыновқа хабарлаған. Соның ақылымен құзырлы органдарға арыз жазған. Тергеу амалдары дәл осы жазылған арыз бойынша жүргізілген. Сотқа куәгер ретінде қатысқан. Осылайша сыбайлас жемқорлықтың жолы кескен Бұрхановтың арада дәл бір жыл өткенде «тәспісінен жаңылып» қалғаны тіптен түсініксіздеу болып тұр. Ол әлдебір азаматтың грант мәселесі бойынша өзіне пара ұсынып жатқанын бұл жолы әдеп жөніндегі уәкілге неге хабарламаған? Неге тиісті органдарға арызданбаған? Жас та болса, лауазымды қызметтерді атқарып жүрген Бұрхановқа осы жолы да ақыл айтып, жол көрсететін біреу-міреу неге табылмай қалды екен дейсің. Әйтеуір, түсініксіз тірлік. Қалай десек те, мұның арғы жағында бір құпияның бары анық. Құзырлы органдардың Бұрхановтың ұсталғаны жөнінде ресм мәлімет таратпай отырғаны да  күдік-күмәнді күшейте түседі. Бәлкім, білдей басқарма басшысын парамен ұстатып жіберу біреулерге қажет болған шығар. Мүмкін, бұл Бұрхановтың креслосын көздеп жүргендердің құрған жоспары ма? Мүмкін...парамен ұсталудың арғы жағында есе қайтару жатқан жоқ па деген ойдың қылаң беретіні де рас.   

P.S. Білім саласына басшылық жасап отырған азаматтың парамен ұсталуы биыл бірінші рет кездесіп отырған жоқ. Бұл «сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша бірінші орын алатын» білім саласында кездейсоқтық емес шығар. Келесі кезек кімдікі?    

Жәнібек Тархан

3,5 миллион кәріс соғысқа әзір
Тозақтан «жұмаққа». «Оралман» фильмі жайлы бірер сөз
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу