3,5 миллион кәріс соғысқа әзір

Oinet.kz 22-07-2017 789

Screenshot_2.jpg

Солтүстік Кореядағы қазіргі ахуал бір кездегі Ауғанстандағы немесе Ирактағы жағдайды еске түсіреді. Халық АҚШ-пен соғысуға қызу әзірленіп жатыр. Әйелдерге дейін қолдарына қару алып, ерлермен бірге сапқа тұрды. Дәл осындай жағдай АҚШ шабуылы алдында Ауғанстан мен Иракта да болған. Алайда АҚШ әскері Иракқа басып кіргені сол, халық оларды азат етуші армия ретінде қарсы алды.  Халық Саддам Хусейнді сатып кетті. 

Бірақ Солтүстік Корея Ирак немесе Ауғанстан емес. Бұл елдің менталитеті, таным-түсінігі, ең бастысы әскери күш-қуаты басқа. Солтүстік Корея қазір бір кездері АҚШ әскерімен  қиян-кесті ұрыс жүргізіп, жеңіске жеткен Солтүстік Вьетнамға немесе Екінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңындағы Жапонияға көбірек ұқсайтын сияқты. 

Солтүстік Кореяның сүйенетін ең басты қаруы-ядролық оқтұмсықтар. Соғыс бола қалған жағдайда ол АҚШ-қа соққыны осы қарумен береді. Қазірдің өзінде елдің әскери басшылары Тынық мұхиттағы Гуам аралында орналасқан АҚШ әскери базаларына зымыранмен соққы беру жоспарын тыңғылықты зерттеп жатқанын мәлім етті. Соғыс жоспары Ким Чен Ынның үстелінің үстінде жатыр. Диктатор соғыс қаупін болдырмау үшін АҚШ-қа тағы бір ескерту жасады. Бұл ескерту тамыздың басында БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің шешімімен Солтүстік Кореяға салынған санкциямен байланысты екендігі айтпаса да белгілі. Кәрістер АҚШ-ты соғысты болдырмау үшін «дұрыс шешім» қабылдауға шақырып отыр. 

Кәрістер мұндай мәліметті АҚШ президенті Дональд Трамптің Солтүстік Кореяға жасаған «қатаң ескертуінен» кейін таратты. Соққы орта қашықтықтағы Hwasong-12 зымыраны арқылы жасалуы мүмкін. АҚШ-тың әскери барлаушыларының айтуынша, Солтүстік Кореяның мұнысы жай ғана қоқан-лоқы емес. Түстіктегі кәрістер зымыранға сыйып кететін кішігірім ядролық оқтұмсықтарды әлдеқашан жасап қойған. Оның саны шамамен 60-қа жуықтайтын көрінеді.  

Пхеньянда шығатын Rodong Sinmun газеті таратқан мәліметке қарағанда қазірдің өзінде Солтүстік Кореяда 3,5 миллион адам соғысқа өз еркімен сұраныпты. Бұлардың дені билік партиясының мүшелері, бұрынғы жауынгерлер. Дәл осындай жағдай 2015 жылдың тамызында Оңтүстік пен Солтүстік Корея елдері арасындағы кикілжің кезінде болған. Сол жолы соғысқа өз еркімен сұранушылардың саны 1 миллионға жеткен көрінеді.

 Өткен аптада халық Пхеньянда Ким Чен Ынға жаппай  адалдығын білдіру үшін митинг ұйымдастырған. 

Ал Гуам аралының халқы жаппай қорғанысқа әзірленіп жатыр. Тұрғындарға «Төтенше жағдай-зымыран соққысының қаупі туа қалған жағдайда» деп аталатын арнайы нұсқаулық таратылуда. Нұсқаулықта бірінші кезекте атом бомбасы жарылған кезде пайда болатын отты шарға қарамау қажеттігі, қараған жағдайда күшті жарықтан көздің ағып түсетіні жазылған.  Бұдан бөлек жарылыстан кейін теріні, шашты, киім-кешекті радиоактивті материалдарды қалай тазарту керектігі түсіндірілген.

Солтүстік Корея осы аптадан бастап бірнеше елдегі елшілерін кері шақырып алды.  Бұлардың ішінде Ресейдегі, Қытайдағы елшілер де және Солтүстік Кореяның БҰҰ-дағы өкілдері де бар. Олар жиналыс жасау үшін дереу Пхеньянға қайтып оралған көрінеді. Өрт қаупі туып тұрған сәтте бұл жәйтті да сарапшылар түрліше жорамалдап жатыр.     

Егер Солтүстік Корея АҚШ аумағына зымыранмен соққы беретін болса, мұның соңы жаппай әскери қақтығысқа ұласады. Мұндай мәлімдемені АҚШ-тың қорғаныс министрі Джеймс Мэттис жасады. Ол АҚШ Солтүстік Кореяның Гуам аралына бағыттаған кез-келген зымыранын қағып түсіруге қауқарлы дегенді айтты. Бірақ зымыранды қағып түсіру қорғаныс қана емес, бұл соғыстың басталғанын да білдіреді.

Дегенмен министр бұл сөздерді «соғыс міндетті түрде болады» деп түсінбеу қажеттігін де ескертті. 

Аң аулауға тыйым салынған
Бұрхановқа түскен бұғау Сопбековтың сотталуымен байланысты ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу