Тозақтан «жұмаққа». «Оралман» фильмі жайлы бірер сөз

Oinet.kz 22-09-2017 1678

Screenshot_9.jpg

Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі Орталық Азиядағы ең үлкен кинофорум болып табылады. Биылғы жылы Астанада өткен XIII халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің бас жүлдесін жеңіп алған «Оралман» фильмі жақында үлкен қалалардағы кинотеатрларда көрерменге жол тартқанын естіген бойда барып көрген едік. Және туынды жөнінде жеке пікірімізді ортаға салуды жөн санадық. 

«Оралман» бағындырған белестер

Фильмді Қазақстан Республикасы  Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм» АҚ түсірген. Картинаның режиссері -отандық киноиндустрия саласына танымал, талантты режиссер Сәбит Құрманбеков. Сценарий авторы - Нұрлан Санжар. Фильмге Дулыға Ақмолда, Есім Сегізбаев, Ержан Түсіпов, Шынар Асқарова, Баян Қажнабиева сынды қазақстандық танымал актерлер түскен. Естеріңізге сала кетейік, фильмдегі басты рөлді сомдаған актер ДулығаАқмолда 5-11 қыркүйек аралығында Татарыстанда өткен Халықаралық мұсылмандар киносы фестивалінде «Үздік ер адам рөлі» жүлдесімен марапатталды. Сондай-ақ Иранның астанасы Тегеранда өткен 35-ші Халықаралық Фаджркинофестивалінде режиссер Сәбит Құрманбековтың «Оралман» фильмі шетелдік фильмдер арасынан топ жарып, Бас жүлдені – «Азияның үздік фильмі» жүлдесін жеңіп алған. Осылайша фильм халықаралық киносыншылардың биік бағасын алып, көрермендерін тапты.

Кинокартина туралы

Фильм Памир тауының етегінде орналасқан қышлақтан бастау алады. Онда Сапарқұл есімді жігіт азан шақырып намаз оқып жатқаны, қазіргі уақыттағы қандас бауырларымыздың Ауғанстандағы күнделікті күйбең тіршілігі көрсетіледі. Кезінде ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы саясат, қызыл әскердің жендеттері туған жерінен кетуге мәжбүр еткен Базарбай қарттың ендігі арманы атамекеніне оралу болады. Аз ғана ғұмыры қалған Базарбайдың соңғы ниетін орындау үшін жалғыз ұлы Сапарқұл Қазақстанға көшуге рұқсат беретін квота алады. 

Қыс мезгілінде таулы қышлақтан шыққан отбасыны ұзақ жол күтеді. Түрлі қиындықтарды бастан көшіріп елге оралатыны суреттеледі. Фильмнің ең әсерлі кезі ол – Базарбай қарттың шекарадан өткен бойда туған жеріне бас иіп, жерді сүйе көзіне жас алып, атамекеніне оралғанына қуануы. Сол уақытта еріксіз көзге жас алады екенсің. Елге оралған қазақтарға миграциялық  полиция Байқоңыр ғарыш айлағына жақын орналасқан Төре-там ауылына жолдама береді. Олар осында үй салып, жаңа өмір бастап, үлкен отбасы болуды армандайды.

Кинотуындыны көріп отырып туған жеріне бет алған адамдардың тозақтан жұмаққа қарай келе жатқан кейіпі келе қалды. Өйткені бас кейіпкердің ұлы Сапарқұл соғыс кезінде моджахеттер жағында соғысады. Отбасы шет елде жүріп көп қиыншылықпен бетпе-бет жолығады. Қаншама қиындыққа амалсыз төзеді. Олар сол кездегі заңға бағына жүріп, үмітін үзбей жақсылыққа қарай икемделді, бір сүрінді, бір тұрды, бірақ ең соңында еліне оралып бақытты ғұмыр кешуді аңсады. Туған жерге жеткен соң да көрген қиындығы аз болған жоқ. Елге оралғанда Базарбай қарт дүниеден озады. Сапарқұл әкесін соңғы сапарға жалғыз өзі шығарып салады. Жерлеу кезінде Сапарқұлға қазақ емес орыс ұлтының өкілі көмектескені көрсетіледі. Осы арқылы, шеттен асып келген оралманға қазақтан гөрі, өзге ұлт өкілі жақындық танытады. Ол елін аңсап жеткен қазақты «оралмансың» деп өзекке теппейді. Осы арқылы режиссер өзекті мәселені су бетіне қалқытып шығарады. Фильмде ауыл әкімі Сапарқұлдан «Ауғанстанда кім болып соғыстың?» деп сұрайды. «Моджахет» деген жауапты естіген әкім: «Сонда сен жауболып тұрсың ғой бізге?», -дейді. «Жоқ, сіздер солай есептейсіздер», -дейді Сапарқұл. Екеуінің осы диалогының астарында көп мәселе жатқанын байқауға болады. Психологиялық тұрғыдан адамдарды жүзге, руға немесе жергілікті, оралман деп бөлу қазақтарда бар екенін аңғартады. 

Ауылдағы жұмыссыздық мәселесі де фильмде көрініс тапқан. Сапарқұл әскери  радар ғимаратына барған кезде темір ұрлап жүрген азаматтардың үстінен түседі. Кейіпкер мемлекет меншігіндегі заттарға тиіспеуді ескертеді. Дегенмен жас жігіттер Сапарқұлдың әңгімесіне құлақ аспайды. Жергілікті тұрғын: «Бүкіл ақша, үй, жеңілдіктің бәрін сендер, оралмандар аласыңдар! Ал, біз ше? Біз адам емеспіз бе?», – деп ауылда жұмыс таппай, темір ұрлап сатып жүрген жұмыссыздар жанайқайын жеткізеді. Арадағы кикілжіңнің үстінен түскен ауыл әкімі: «Ұр, аяма! Өлтір! Ол оралман ғой. Оралман адам емес! Солай ма?», – деп  шеттен келген қандастарды көрсе кірпідей жиырылатын тоғышар азаматтарға деген өкпе-ренішін жасыра алмады. Ауыл әкімінің ашуланғанын көрген жұмыссыз жандар қаша жөнеледі. Ауыл әкімі оралманды орнынан тұрғызып, жұмыс жоқ емес бар екенін, тек ауыл адамдары өте жалқау екенін айтады.

Жергілікті тұрғындардың «оралмандар» деп бөліп - жарып қарағаны бас кейіпкердің әйелінің жан дүниесіне әсер еткені соншалық, тіпті Ауғанстанға қайта оралу керек шығар деген ой тудырады. Бірақ Сапарқұл әйелінің айтқанын тыңдамай өз Отаны Қазақстанда қалуды жөн санайды. Жергілікті әкімшіліктің ұсынысымен Сапарқұл қирап қалған әскери радар ғимаратын қайта жөндеп, орнына мешіт тұрғызады. Сөйтіп, өзі салған мешіттен бір күні өзі азан шақырады. Оның даусы бүкіл далаға естіліп жатқандай таң-тамаша әсер береді. Бұл фильмде туған жеріне деген махаббаттың белгісі айқын көрінеді. Үлкен философиялық, патриоттық сезімді оятатын, әрі рухани тұрғыдан байытатын туынды ретінде қабылдадық. Оралман деп бөлектеудің өзі - көргенсіздіктің бір белгісі болып табылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кездесулерде бір ұлтты жергілікті, оралман деп екіге бөлудің қажеті жоқтығын айтып, өз көзқарасын білдірген болатын. Қазаққа алдымен қазақтың баласы көмектесуі керек. Қазаққа ең бірінші қазақтың жаны ашуы керек. Сол себепті, шеттегі ағайынды мүмкіндігінше елге тарту Қазақ елінің стратегиялық міндеттерінің бірі. Ал, бұл фильм шетелден келген қазақтардың ішкі дүниесін түсінуге мүмкіндік береді.

Оралман деген кім?

Неге екені қайдам, біздің елде оралмандар тақырыбы өзектілігін жоғалтпаған. Бүгінгі қоғамда атажұртына ат басын бұрған ағайынды «Оралман» деп атап жүрміз. Қандас бауырларымызды «оралман» деп атаудың өзі шеттету секілді көрінеді. Дегенмен мәселе мұнда емес. Проблема – оралмандардың атына іштарлықпен айтылатын сөзде болып тұр. Сондай сөздердің бірінде оралмандарды мемлекет үймен қамтамасыз ететіні, жәрдемақы, жұмыс беретіні айтылады. «Бірақ олар Отанымызға не істеді? Былайша айтқанда, оралмандар байырғы атамекеніне келгенін міндет қылып, мемлекет қаржысын оңды - солды шашып, тұрақтап қоныс теппей, тіпті қайсыбірі туып өскен жеріне тартып отыратын көрінеді», - дейтін пікірлерді де естіп қаламыз. Десе де қазақ елінде халықтың өсуіне оралмандардың  үлес қосқаны жасырын емес. Статистикаға сүйенетін болсақ Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері бір миллионға жуық қандас бауырларымыз елге оралған екен. Көненің көзі рухани мұраларымыздың орала бастауына оралман бауырларымыздың септігі тигені тағы бар. Жалпы, «Оралман» фильмі қоғамдық сананың өзгеруіне үлкен септігін тигізеді деген үміттеміз.

Бұрхановқа түскен бұғау Сопбековтың сотталуымен байланысты ма?
Мұсылмандар қырғыны...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу