Көлік базарында нарық қалай?

Oinet.kz 19-05-2017 1170

Screenshot_4.jpg

Жексенбі күні 35-ші бағытта жүретін автобусқа мінсеңіз, ішінен топырлаған ер кісілерді көресіз. Автобус әрбір аялдамаға тоқтаған сайын қатарлары арта береді. Себебі, түсіп жатқандар аз. Ал, мініп жатқандардарды есептей алмай, санынан жаңыласыз. Әрине, неліктен бұлай болып жатқанын түсінесіз. Сіз де сол кісілер секілді соңғы аялдамадан түсуді мақсат тұтқансыз. Діттегеніңіз – көлік базары.  

Сонымен, келдік. Автобустан түстік... Төңірек сапырылысқан көлік. Ығы-жығы халық. Мұнда жұрт көп жүретін жерге тән шу бар. Жуманов Т. атындағы авто көлік базарына бас қақпадан асықпай кірдік. Дәл қақпа түбінде қолдарына бір бума қағаз ұстаған 5-6 сынып оқушылары өріп жүр. Бұл қағаздарды базарға кіріп көлігімен кіріп бара жатқан жүргізушілер жапа-тармағай алып жатыр. Сөйтсек, жүргізушілер осы қағазда арнайы тізілген бос орындарға көлігі туралы сипаттама жазады екен. Бағасы – 50 теңге. 

Күн жылына сауда-саттық қызады. Дегенмен, күн әлі ыси қоймады ма, базарда клиенттер саны сатушылардан аз екен. Бұл көрер көзге анық аңғырылып тұрды. Қол алысып келісіп жатқандарды сирек байқадық. Көпшілігі көлікті ары-бері айнала қарап, бағасын сұраудан ары аспады. Сонымен, қай көлікке сұраныс көп? Нарық қалай болып жатыр? Біз осыған жауап іздеп көрдік.   

Айта кетейік, бұл көлік базарында көбіне жағдайы өте төмен және орташа көліктер сатылады екен. Және тым ескі көліктер санында есеп жоқ. Ал, елімізде 2000 жылға дейін зауыттан шыққан көліктерді утилизацияға өткізуді насихаттау науқаны қызу жүріп жатқасын ба, мұндай көліктерге сұраныс аз. Сондықтан да, халық көбіне Ресейлік «ВАЗ-2115» көбірек қызығушылық таныуда. Себебі, басқаларға қарағанда жаңа. Әрі бағасы да қалтаға ыңғайлы. Мысалы, егер сізде 1 миллион теңгеден жоғары қаржы болса, «Пятнашканы» тізгіндей аласыз. Әрине, шыққан жылына қарай бағасы да қымбаттай береді. Мысалы, Руслан есімді жігіт 2011 жылы шығарылған Пятнашкасына 1,1 миллион теңге сұрап отыр.

Ал, ескі көліктерден Мерседестерге сұраныс бар. Арман есімді жігіт әкесінің Тәуелсіздік жылдарынан бергі сенімді серігі – 1989 жылы зауыттан шыққан Мерседесті 450 мың теңгеге бағалап отыр. Көпті көрген бұл көлік 500 мың шақырымды жүріп тастапты. Жағдайы орташадан төмен. «Сұрап жатқандар бар. Бірақ, олар ұсынған баға көңілімнен шықпай жатыр» дейді Арман. Болар жері осы 450 мың теңге дейді. Таңертең 550 мың теңгеге бағалапты. Бұл бағада нақты алатын адам табылмағасын 100 мыңға түсіріпті. Бірақ, нәтиже жоқ... 

Ал, келесі кісі 1993 жылғы Мерседесін 1,4 миллион теңгеге бағалапты. Жағдайы тәуір. Егесі көлікті базарға әкелерде СТО-ға апарып, жөндеуден өткізгенін жасырмады. Оның айтуынша, көлігі қанттай екен. Алсаңыз, өкінбейсіз. 3-5 жыл теуіп айдасаңыз да бұзылмайтын көрінеді.   

Неге екені белгісіз, өзге өңірдегілер Опель көлігін шымкенттіктерге таңып қойған. Бәлкім, жергілікті халық аталған көлік түрін басқа облыс тұрғындарына қарағанда жиі мінетіндіктен шығар. Базарда Ресейлік көліктерден бөлек, осы Опельдерден көзіңіз сүрінеді. Қай бұрышқа қарамаңыз, менмұндалап Опель тұрады. Бағалары – 400 мың теңгеден басталады. Мысалы, Фархад есімді жүргізуші 1992 жылғы Опель Вектрасын 600 мың теңгеге сатпақшы. Түссе 50 мыңға түседі. Сонда болар жері 550 мың теңге. Техникалық жағдайы құрдастарына қарғанда тәуір екен. Егесі капотты ашып, моторды көрсетті. Шамасы, шаршаған болуы керек, тезірек сатып жібергісі келгені көрініп тұр. 

Бұл базарда ең арзан көлікті сіз 250-300 мың теңгеге ала аласыз. Бұлар – 1980 жылдары шыққан Ниссан, Ауди көліктері. Түріне қарап-ақ, қателеспей осы бағаны бересіз. Шамдары желімденген. Әйнектері шытынап, сынған. Есіктері дұрыстап жабылмайды. Сыры кетіп, әбден сызылған. Тіпті, моторы да істен шыққалы тұрған болуы керек. Бұны кім алады? Ол жағы белгісіз. Әйтеуір, алған күнде де бұл көлікті айдаған құрлы болмайтыныңыз анық. 

Сонымен, егер сізде 700 мың мен 1,5 миллион теңгенің арасына қаржыңыз болса, тәуір көліктер алуға болады екен. Жалпы, бұл базардан сіз жаңа көліктерді мүлдем кездестіре алмайсыз. Себебі, мұндай көліктер аталған базарға көршілес «Арғымақ» базарында сатылады. Осылайша, біз сол жердегі таксиге мініп, адам басына 100 теңгеден төлеп, «Арғымаққа» келдік. Мұнда темірдей тәртіп бар екені аңғарылады. Көлікті базардағы сату орнына қою құны – 1000 теңге.  Біздің есептеуімізше, мұнда шамамен 900-ге жуық сатылатын көлік бар. Мұнда көбіне 2000 жылдан бергі қарай автомобильдер сатылады. Сол себепті шығар, көлік қарап жүрген жандар санында есеп жоқ.

Базарға кірген кезде біздің көзімізге ең бірінші таксистер арасында танымал –Хюндай Старекстер шалынды. Бұл көлікке 8-12 адам сияды. Алыс жолға шығатын таксистер үшін таптырмас көлік. 2007 жылғы Старекстер 3,5 миллион теңгенің айналасында тұр. Бір қызығы осы Старекстерді ары-бері қарап, иесімен саудаласып жатқандар қарасы мол. Бәлкім, малтабар көлік болғасын шығар. Қазіргі нарық заманында жұмыссыз қалған азаматтар Старекс алып, жолаушы тасымалдап күн көріп жатады. 

Ал, осыдан 10-15 жыл бұрын жүргізушілер үшін таптырмас көлік болған Газельге бұл күнде сұраныс жоқ. Себебі, сиымдылығы – 15-18 адамдық Газельмен ешқандай жолаушы алыс сапарға шыққысы келмейді. Біріншіден, ескі. Екіншіден, адам тез толмайды. Үшіншіден, жай жүреді. Асығыс жолаушыларға мүлдем тиімсіз. Жүргізушілер Газельдеріне 1 миллион теңге мен 2 миллион теңгенің арасында сұрап жатыр. Ал, Газель іспеттес Мерседес Спринтерлер шыққан жылына қарай 2,5 миллион теңгеден 8 миллион теңгеге дейін бағалануда. 

Осыдан 2 жылдай бұрын Хюндай Аксент, Киа Рио секілді жанармайды аз жейтін көліктер қолжетімді еді. 2 миллион теңгеңіз болса, шертіп жүріп алатын едіңіз. Қазір бұл көліктер 1,5-2 есе қымбаттап, бағалары 4 миллион теңгеге жуықтап қалды. Мысалы, айдалғанына  3 жылдай болған Хюндайларды 3-3,5 миллион теңгеге аласыз. 

Ал, көлемі үлкен, соған байланысты «ашқарақ» - Тойота Ландр Крузер, Лексус 470,570 секілді жол талғамайды деген дәрежелері бар автомобильдерге онша қызығушылық жоқ. Себебі де көп. Жанармайды көп жейтіні бір бөлек, оның салығын төлеу де оңай шаруа емес. Егер осындай көлік алсаңыз, онда жылыныа 500 мың теңгедей салық төлеуге дайын болыңыз. Және 1990 жылдары рэкеттер және көше бұзақылары жаппай мінген культті БМВ көліктеріне бүгінде ешкім мән беріп қарамайды да. Неге екені белгілі. Жанармай күннен-күнге қымбаттап жатқан заманда БМВ айдаған тиімсіз. 

Сонымен, «Арғымақта» ең көп сұранысқа ие көлік түрі – Тойота Камри болып шықты. Нақтырақ жазсақ, Тойота Камри 30,35 дегендері – 2,5-3,5 миллион теңге арасында болса, Тойота Камри 40,45 түріне қызықсаңыз, онда 3,5 миллион теңгеден 6 миллион теңгеге дейін қаражатыңыз болуы керек. Ал, Тойота Камри 50-ден жоғарыларды алу үшін ең кемі 7 миллион теңге дайындаңыз. Бағалары орташа һәм одан қымбат болса да, алушылар легі аз емес. Себебі, аталған жапондық көлік ұзақ жыл шыдас береді. Әрі сирек бұзылады. Бұзыла қалған жағдайда да оның қосалық бөлшектерін табу қиын емес. Және бағасын жоғалтпайды. Мысалы, сіз 2010 жылы 5 миллион теңге тұрған көлікті биыл 2 миллионға да сата алмауыңыз мүмкін. Ал, Тойота Камри иелерінде мұндай қорқыныш оншалықты бола бермейді.

Осылайша, біз жексенбі көлік базарын аралап, жуық арада көлік алғысы келіп жүрген азаматтарға керекті мәліметтерді ала білдік деп ойлаймыз.

Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты
Соғыстың құны
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу