Қаланың мақтанышына айналған - «Фараб»
Облыс орталығы мәртебесін алған сәттен бастап Түркістанда ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм саласы жоғары қарқынмен дамып келеді Қазіргі Түркістан – бүкіл әлемге әйгілі Қожа Ахмет Яссауи кесенесі ғана емес, облыстың өнеркәсіптік және логистикалық орталығы. Миллиондаған өнім айналымы бар ондаған кәсіпорын жергілікті индустриялық аймақта жұмыс істеуде. Түркістан индустриялық аймағында көптеген кәсіпорын жұмыс істейді.
Бүгінде еліміз бойынша мақтаны терең өңдеп, өнім шығаратын, қаланың 200-ге жуық тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған үлкен зауыт осы Түркістан қаласында орналасқан. Ол индустриалды аймақта орналасқан «Фараб» мақта өңдеу зауыты. Мақтадан жасалған өнімдерді өндіретін «Фараб» зауытының басшысы Абдурасул Құрбанәлиев индустриалды аймақта зауыттың толыққанды жұмыс істеуі үшін барлық жағдайдың жасалғанын айтады.
Жалпы зауыттың тарихы 2004 жылдан бастау алады. Ал арыға бажайлап қарасаңыз, зауыттың іргетасы Кеңес өкіметі құлайтын 90-жылдардың басында қаланғанын байқауға болады. «Алғашқыда бұл зауытты Қазақстан мен Ұлыбритания бірлесіп салған, кейін қаражат тапшылығына байланысты зауыт жұмысын тоқтатқан. Қазіргі таңда барлық өнімдер «Toyoda» маркалы германиялық, ағылшын, жапон аппараттарымен жүзеге асырылуда. Басында зауыт мақтаны тазалап, ағартуға бағытталған еді. Уақыт өте келе халық тұтынатын өнім шығару ісімен айналысуды қолға алдық. Алғаш жұмысымызды Кореядан 6 тәжірибелі маман алдыртып, олаодан кәсіп үйреніп, осындағы 5 жұмысшыны сол елге 6 айға біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасуға жіберуден бастадық. Қазақстанда мақта Түркістан облысында ғана өсіріледі. Сондықтан мақта зауыттарының басым бөлігі осы облыстың аумағында орналасқан. Түркістан облысындағы зауыттардың көпшілігі мақтаны шиітінен, яғни дәнегінен айырып, жуып, тазалау ісімен ғана айналысады. Елімізде өсірілген мақтадан таза өнім шығармайды. Ал Түркістан қаласында орналасқан мақта зауыты мақтадан халық күнделікті тұрмыста тұтынатын медициналық және косметикалық бұйымдар шығару ісін жолға қойған ірі өндіріс ошағы болып саналады»,- дейді өндіріс орнының басшысы.
Комбинат қазіргі таңда 1 сұрыпты мақта талшығынан баршамызға әйгілі «Малыш и малышка» атты гигиеналық медициналық стерильденбеген мақта, гигроскопиялы, стерильді мақта, дымқыл сулықтар (оның ішінде балаларға арналған), медицинадық стерильді дәке бинті, «doctor sponge» косметикалық мақта жастықшалары секілді 106 түрлі экологиялық таза мақта өнімдерін өндіруде.
Өндірістің бастапқы жалпы құны 12,5 миллион жолларды құрайды. Мақта шығару-өндіру зауыттарымен, жеке шаруашылықтармен келісіп, мақтаны зауытқа жеткізгеннен кейін мақтаны қайнатуға 7 сағат, шаң-тозаңнан тазартуға 3 сағат жұмсалады. Тазартылған мақта кептіру, таралу, өңделу, қайта тазарту секілді түрлі процестерден өтіп, үрлі бұйымдар жасауға әзірленеді. Мысалы «малыщ и малышка» 25,50,100 граммдық қалташаларға буып-түйіледі. Ал мақта жастықшалары аппараттар арқылы орама етіп дайындалғаннан кейін трафарет секілді қондырғыдан өтіп, домалақ пішінге енеді, жіңішке қалтаға салынады. Тұтынушының бұл затты өзіне ыңғайлы етіп ашып-жабуы үшін аузына жабыстырғыш ілмек те қарастырылған. Дәке бинттері стерильденіп, оралып, қондырғыға тұтас етіп салынғаннан кейін бөліктерге бөлінеді. Комбинат өнімдері Қазақстанның барлық облыстары мен аудандарына таралып, халық игілігіне ұсынылуда.
Компанияның айрықша ерекшелігі өндірістің заманауи технологияларын қолдануында, бұл өнімнің гигроскопиялығына теріс әсер ететін тауарлық түрін жақсартушы химиялық заттарды қоспай, кез келген сұрыпты мақта талшығынан жоғары сапалы мақта өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді. Бұл кәсіпорын кәсіби мамандармен қамтамасыз етілгендігі қуантады, қазір олар өнімнің өзіндік құнын арзандатумен, сондай-ақ жаңа өткізу нарықтарын іздестірумен айналысуда.
Сонымен қатар, индустриялық аймақтың аумағы 300 гектарға дейін ұлғайып, заманауи зауыттар мен фабрикалар салынатын болады. Бүгінгі күні шетелден инвесторларды тарту бойынша жүйелендірілген жұмыс жүргізілуде.