Интерактивті карта әзірленді

Oinet.kz 19-09-2024 152

image.png

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара. Сондықтан Үкімет жанындағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет берілді. Бұл қадам металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашты. Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек»,- дей келе инвестиция тартуды күшейту қажеттігін баса айтқан болатын.  

 Осы ретте түрленген  Түркістан қаласына инвесторлардың қызығушылығы  күн санап артып келеді. Әсіресе, шетелдік инвесторлар көне шаһардың жаңа келбетін қалыптастыруға құмбыл екендіктерін аңғартуда. Жақында  қалаға сегіз мемлекеттің Төтенше және Өкілетті Елшілері мен дипломаттары келген  болатын.  Мәртебелі меймандарды  облыс әкімі өзі күтіп алып, өңірдің инвестициялық әлеуетімен таныстырды. Мемлекеттік қолдау шараларынан хабардар етті. Түркістанның тарихымен, даму жоспарымен таныстырып, өңірге түрлі сала бойынша инвестиция тартуға шақырды.

Дипломатиялық корпустың 8 шет мемлекеттің елшілері мен дипломаттары: Палестина, Алжир, Солтүстік Македония, Кувейт, Ирак мемлекеттерімен Әзірбайжан республикасының Төтенше және Өкілетті Елшілері, Қазақстандағы Ауғанстан Ислам Әмірлігінің істерінде сенім өкілі, Қазақстандағы Катар мемлекетінің Елшілігінің хатшысы Түркістан төрінде бас қосты. 

Аталған елдермен сауда-экономикалық қарым-қатынасты нығайту мәселесі талқыланып, кездесу барысында әр түрлі салаларда ынтымақтастықтың ықтимал мүмкіндіктері, инвестиция тарту, тәжірибе алмасу және өзара қарым – қатынасты дамыту жайлы келіссөздер жүргізілді.

 Шетелдік қонақтар өңірдегі Арнайы экономикалық және Индустриалды аймақтардың жұмыстарымен танысты. Облыс орталығындағы киелі жерлерге зиярат етіп, Түркістанның рухани және туристік орындарын аралап, тарихымызбен танысты. 

 Түркістанға инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытындағы ізденістер мен жұмыстар жалғасуда.  Дархан Амангелдіұлы  таяуда кезекті рет инвесторларды қабылдап, жаңа жобаларды жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізді. Алдымен Қытай инвесторларымен кездескен өңір басшысы зауыт, өндіріс орнын ашуға мемлекет тарапынан инфрақұрылым жағынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.

«Облысымызда арнайы экономикалық аймақ, аудан, қалаларда индустриалды аймақтар бар. Біз өз тарапымыздан инвесторлар мен кәсіпкерлердің бизнесті дамыту жөніндегі бастамаларына толық қолдау көрсетуге дайынбыз және ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімге жалғасады деп үміттенеміз», – деді өңір басшысы.

 Кездесуде Түркістан маңында тұрмысқа қажетті тазалық заттарын шығаратын өндіріс орнын ашу және өзге де жобаларды жүзеге асыру жөнінде келіссөз жүргізілді.

Одан кейін әкім «QazaqPlast» ЖШС-нің басшыларымен кездесті. Кәсіпкерлер Түркістан қаласында жаңа кәсіпорын ашуға ниетті. «QazaqPlast» – Қазақстан Республикасы бойынша бір рет қолданатын ыдыстар, фудкорттарға қажетті ыдыс-аяқ және полиэтилен пакеттер шығаруда көшбасшы компания. Алдағы уақытта Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында бір жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Облыс әкімі жауапты басшыларға жаңа жобаларды сүйемелдеу, қолдау көрсету жөнінде нақты міндеттер жүктеді.

Сондай-ақ  Қытай Халық Республикасының Сиян қаласындаға ҚР Бас консулы Жошыхан Қыраубаев бастаған делегация шаһарға арнайы ат басын бұрып, «Turan» АЭА аралап көрген болатын. Түркістанда жұмыс істеуге қызығушылық танытып отырған компаниялар ауыл шаруашылығы, азық-түлік өндірісі секілді салаларды дамытуда бірлесе жұмыс жаусауға дайын екенін жеткізді.

«Turkistan Invest» ЖШС басқарма төрағасы Берік Кенжебаев өңірдің негізгі инвестициялық алаңдары – индустриялық аймақтар және «Turan» арнайы экономикалық аймағы туралы айтып берді. Аталған алаңдар инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелерін, сондай-ақ түрлі салықтық жеңілдіктерді ұсынады. 

Бүгінде Қазақстан экономикасына тартылған инвестиция бойынша Қытай Халық Республикасы үздік 5 елдің қатарына кіреді. Кездесу барсында «Turkistan Invest» ЖШС мен ҚХР арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Алдағы уақытта осы әріптестік негізінде тиісті жұмыстар атқарылады.

Туристік, мәдени сондай-ақ өндірістік қалаға айналып келе жатқан шаһарда инвесторлардың еркін әрі қолайлы жұмыс істеуіне барлық  жағдалар жасалған. Инвесторлар мен кәсіпкерлердің құқықтары қорғалып, олардың мәселелері әрдайым мамандар назарынан тыс қалған емес. Енді олардың ұсыныстары мен  проблемаларын шешу одан әрі жеңілдей түспек. Бұл жайында  жақында Түркістан қаласында  инвесторлар құқығын қорғау және инвестицилық жобаларды іске асыру мақсатында өткен жиында айтылды. Онда кәсіпкерлер тарапынан іс бастауға арнайы жер алу, инфрақұрылымды тарту секілді бірнеше мәселелер қаралды. Сондай-ақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйытқы болған түрлі жобалар таныстырылды. Соның бірі интерактивті инвестициялық  карта. Жиында жобаның қандай сатыда жүзеге асырылып жатқаны баяндалды. Тек бұл ғана емес қалада бұдан өзге де көптеген инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. 

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы өз тарапынан интерактивті картаны ұсынды. Ол біздің орталық аппаратпен арнайы дайындалған цифрлық жүйе. Бұл цифрлық жүйеде барлық инвесторлардың мәселелері, олардың салып отырған қаражаттары және жобаның қай дейгейде, қай сатыда жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді. Бұл жүйені прокуратураға және мемлекеттік органдарға ұсындық. Бұл жерде кәсіпкерлер өзінің инвест жобасын толтырып көрсетеді және туындаған қиындықтарын көріп отыра аламыз» ,- дейді Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев.  

Интерактивті карта аймақта қолайлы инвестициялық орындар, қолжетімді ресурстар және мемлекетті қолдау шаралары туралы толық ақпарат ала алады. Сонымен қатар карта  аймақтың инвестициялық әлеуетін жан-жақты зерттеп, болашақ жобаларды жоспарлауға мүмкіндік береді. 

Тілге тиек ете кетсек, Түркістанның жалпы аумағы соңғы үш жылда 19,6 мың гектардан 22,4 мың гектарға ұлғайып, халық саны 228,0 мың адамға жетті.

Жалпы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қаланы сипаттайтын басты көрсеткіш – жалпы өңірлік өнім көлемі өткен жыл қорытындысымен 370,8 миллиард .теңгені құраған. Өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын басты сала – өнеркәсіп саласында 2023 жылы 25,8 миллиард теңгеге өнім өндіріліп,  2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі (НКИ) 104,7 пайызды  құраса, өнеркәсіптің басымды саласы өндеу өнеркәсібінде  16 469,3  миллион  теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі (НКИ) 105,0 пайызға, (электрмен жабдықтау, газ, бу беру көлемi 7 568,2 миллион теңгенi құрап, өсім 16,3 пайызға, сумен жабдықтау 1 784,5 миллион  теңгенi құрап, 12,0 пайызды  ) артып отыр. 

Бүгінгі таңда, былтырғы жылы - құны 4,9 миллиард теңгенi құрайтын 7 жоба индустриалды аймақта iске қосылып, 199 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айында 355,8 миллиард теңгені құрады. Жоспар – 348,9 миллиард  теңге болатын. Осылайша жоспар 111,9 пайызға орындалды.  Оның ішінде: республикалық бюджет 59,1 миллиард  теңге  (16,6 пайыз), жергілікті бюджет 88,3 миллиард теңге  (24,8 пайыз), жеке инвестиция  202,1 миллиард теңге (56,8 пайыз), сондай-ақ жалпы 6,2 миллиард  теңге тартылған. Жалпы инвестиция бойынша облыстағы қаланың  үлесі 36,6 пайыздықұрап, аудан, қалалар бойынша бірінші  орында тұрғанын атап өткен жөн.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс орындарын ашу, өндіріс орындарын көбейту аса маңызды екенін тапсырған болатын. Осы бағытта биыл Түркістан облысында жүйелі жұмыс жүруде. Қазіргі таңда жылдың алғашқы 8 айының қорытындысымен өңірге тартылған инвестициялар көлемі 596,3 миллиард теңгені  құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 125,6 пайызға өсті. Инвестицияның өсу қарқынын қамтамасыз ету мақсатында, 2024-2027 жылдары жүзеге асырылатын 145 инвестициялық жобалардың пулы қалыптастырылған. Жобалардың жалпы құны – 2,5 триллион теңге. Олардың есебінен 20 мыңнан аса жұмыс орны ашылмақ. 2024 жылы жалпы құны 142,4 миллиард теңгені құрайтын 2 233 жаңа жұмыс орнын ашумен 59 инвестцииялық жобаны іске асыру көзделген. Бүгінде жалпы құны 76 миллиард  теңгеге 866 жұмыс орны құрылып, 25 инвестициялық жоба іске қосылып үлгерді.

Бұдан өзге Жалпыұлттық пул аясында 2024-2027 жылдар аралығында жалпы құны  1,5 триллион  теңгеге 8 114 жұмыс орнын ашатын 23 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылып, Ұлттық цифрлық платформаға енгізілді. 

Әкімнің бақылауында
Қаланың күретамырына айналған базар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу