Әкімнің бақылауында
Облыс орталығы Түркістан кезінде туристік шаһар ретінде танымал болса, бүгінгі таңда жан-жақты дамыған қалаға айналып келеді. Тұрғын үйлер, зәулім қабатты нысандар, сәулетті қонақ үйлер, мемлекеттік мекемелер... .Міне, осындай қаланың ішінде қызып тұрған құрылыс жұмыстарын көргенде Түркістанның әлеуетінің қаншалықты зор екеніне көз жеткізгендейсің. Әрине, мұндай нысандар қаланың сәні екені рас. Алайда шаһардың экономикасын көтеріп, қуатын арттыратын ол өндіріс орындары, зауыттар мен фабрикалар. Сондықтан Түркістанда жаңа зауыттар ашу, кәсіпорындар салу жұмыстарына басымдық беріліп келеді. Бұл ретте инвесторлар мен кәсіпкерлерге арнайы инфрақұрылыммен қамтылған аймақтар қажет. Сондықтан Түркістан қаласы маңында «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылып, инженерлік инфрақұрылыммен қамту мақсатында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аталған аймаққа барып, жай-күйімен танысты.
– «Turan» арнайы экономикалық аймағына үлкен үміт артылып отыр. Сондықтан инфрақұрылыммен қамту жұмыстары сапалы атқарылуы тиіс. Осы аймақта су қорын молайтуды қолға алыңыздар. Көгалдандыру да назардан тыс қалмауы тиіс. Аталған аймақта орналасатын жобаларды қазірден іріктеп, инвесторлармен, кәсіпкерлермен тиісті жұмыс жүргізіңіздер», – деген Дархан Амангелдіұлы жауаптыларға тапсырмалар берді.
«Turan» арнайы экономикалық аймағында бүгінгі таңда өрт сөндіру депосы, газ жүйелері, интернет желісінің жұмыстары 100 пайызға аяқталған. Жолдың 1,4 шақырымына асфальт жабындысы төселген. Жолды толық 2024 жылдың қазан айында пайдалануға беру жоспарланған. Теміржол құрылыс жұмыстары 40 пайызға орындалып, теміржолдың 2,1 шақырымына рельстер орнатылды
Сонымен қатар су және кәріз желілерінің құрылыс жұмыстары 70 пайызға орындалып, су құбырының 8,5 шақырымы тартылды. Кәріз жүйесінің 3 шақырымына құбыр жүргізілді. Аталған нысандарыдың құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Электрмен жабдықтау жұмыстарын аяқтау 2025 жылға жоспарланған. Атқарылып жатқан жұмыстардың барысы облыс әкімі мен Облыстық құрылыс басқармасы мамандарының тұрақты қадағалауында.
«Turan» арнайы экономикалық аймағындағы инженерлік инфрақұрылымдардың құрылыс жұмыстары аяқталған соң, мұнда 50-ге жуық кәсіпорын орналасып, жұмысын бастайды. Нәтижесінде, 1000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр.
Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 29 қазандағы №693 қаулысының негізінде Түркістанда бауырлас елдер арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайту үшін TURAN арнайы эконмикалық аймағы құрылған еді. Бұл алаң бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталды.
Бүгінде шаһардың басты жобасына айналанып отырған аймақтың ауданы 39,87,39 гектарды құрайды. Оның ішінде: 861,7 гектар тарихи орталық, 1578,6 гектар әкімшілік-іскерлік орталығы, 365 гектар өнеркәсіптік аймақ, 35 гектар "Brownfield" өнеркәсіптік аймағы», 967 гектар әуежай және 180 гектар «Greenfield» индустриялық аймағындағы жобалар.
"TURAN" арнайы экономикалық аймағының құрылу мақсаты Түркістан қаласын жедел дамыту, өндірісін кеңейту, шаһардың туристтік әлеуетін арттыру, Түркі әлемінің рухани астанасы ретінде одан әрі қалыптасуы және туристтердің қажеттіліктерін қамтамасыз етуге және қанағаттандыруға қабілетті тиімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті туристтік инфрақұрылымды дамыту.
Арнайы Экономикалық Аймақ аумағы Қазақстан Республикасы аумағының ажырамас бөлігі болып табылады. Мұндағы қызметтің басым түрлері: туристтерді орналастыру орындарын, санаториялық және сауықтыру нысандарын салу және пайдалануға беру, инфрақұрылым нысандарын, әкімшілік және тұрғын үй кешендерін салу және пайдалануға беру, ауруханаларды, емханаларды, мектептерді, балабақшаларды, мұражайларды, театрларды, жоғары және орта оқу орындарын, кітапханаларды, оқушылар сарайларын, спорт кешендерін салу және пайдалануға беру, өндіріс және қайта өңдеу нысандарын салу және пайдалануға беру, құрылыс материалдарының өндірісі, өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісі, дайын металл бұйымдарының өндірісі.
Бүгінгі таңда "TURAN"-да жалпы сомасы 182 миллиард теңгеге 27 жобаның құрылысы жүргізілуде.
Көпшіліктің қызығушылығын тудырып отырған аймақта инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін көптеген жеңілдіктер ұсынылған. Аймақтың басқарушы компаниясы қатысушыларға "бір терезе" қағидаты бойынша өтінім беруден бастап, пайдалануға берілгенге дейін барлық мәселелер бойынша көмек көрсетеді. Әсіресе мұнда кәсіпкерлер үшін ең өзекті салық мәселесі оңтайлы шешілген. Атап айтқанда салықтық жеңілдіктер, корпоративтік табыс салығы (КТС), жер салығы, мүлік салығы, қосылған құн салығынан (ҚҚС) босатылады. Сондай-ақ АЭА аумағына тауарларды әкелу кезінде кедендік баждардан босатылады. Және де 25 жылға дейінгі мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалануға (жалға) жер учаскелерін беріледі. Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймақта 100-ге тарта кәсіпкер өз ісін табысты жүргізіп отыр.