Аманғали Аймұрзаев: «Абырой, бедел адамға қасықтап жиналады»

Oinet.kz 30-04-2019 1348

-Созака-1-e1343388254842.jpg

         «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі».  Өз басым осы халық даналығы азаматтықтың өлшемін, ақыл-ойдың таразысын, адамгершіліктің ұстынын дәріптеп тұр деп түсінемін.  Соңғы үш жылда Созақ ауданының әкімі қызметін абыроймен атқарып, жуырда ғана құрметті зейнеткерлікке шыққан Аманғали Түктібайұлы Аймұрзаевпен сұхбаттасқан сәтте сол даналық сөз ойымызға орала берді...

         -- Зейнеткерлікке дейін жүріп өткен жолыңызды қалай бағалар  едіңіз? Негізгі түйіндеріңіз қандай?

-- Адамның өмірі – баға жетпес байлық екені рас. Өзім де  Пайғамбар жасына  келіппін. Құдайға шүкір, өмірге өкпем жоқ. Жастайымнан спортқа жақын болдым. Мектеп қабырғасынан-ақ футболдан аудан намысын қорғадым. Облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жеңімпаз атандық. Одақтық деңгейде де өнер көрсеттік. Әрбір жеңіске төбеміз көкке жеткендей қуанып, жеңіліске жылаған жағдайларымыз болған. Осының барлығы мемлекеттің, ауданымыздың патриоты болып тәрбиеленуімізге үлкен ықпал жасады деп ойлаймын.

Жетпісінші жылдардың ортасында жоғары білім алып, туып-өскен өлкеде қызмет еттік. Алғашқы он жылда аудан спортын дамытуға атсалыстық. Жеті жыл аудан әкімінің бірінші орынбасары, бес жыл аудандық мәслихат хатшысы болдым. Міне, соңғы  үш жылда  аудан әкімі қызметін атқардым. Қолымнан келгенінше бар күш-жігерімді аудан тұрғындарының игілігіне жұмсадым.  Өңіріміздің дамуы, елді мекендердің көркейе түсуі көңілге қуаныш ұялатады. Созақ ауданы кеңестік кезеңде еліміздегі ең артта қалған 30 ауданның бірі болатын. Құдайға шүкір, бүгінгі таңда олай деп айта алмайсыз. Егемендігіміздің, Елбасының салиқалы саясатының арқасында ауданымыз өнеркәсібі дамыған аграрлы өңірге айналған.

Былтыр аудан бюджеті тұңғыш рет мемлекеттен субсидия алмай жылды аяқтады. Бүгінгі таңда ол республикаға жылына 80-90 млрд. теңгеге дейін салық түсіретін донор аудан болып отыр.

Аудан орталығы бүгінде адам танымастай өзгерген. Ең бастысы халықтың әл-ауқаты, тұрмыстық жағдайы жақсара түсті. Соңғы 15 жылда аудан басшысының бірі болып қызмет жасағандықтан осы табыстарда менің де лайықты үлесім бар деп білемін. Және еліме осындай қызмет көрсетуге мүмкіндік берген тағдырыма шүкіршілік етемін.

Жұбайым Роза екеуміз жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсірдік. Барлығы жоғары білімді мамандар. Олардан 18 немере сүйіп, қуанышқа бөленіп отырмыз.

         -- Уран өндірісінің Созақ ауданы үшін орны бөлек екені рас. Дегенмен, «Қазатомөнеркәсіптің» ауданның әлеуметтік мәселелерін шешудегі рөлі қандай?

-- Ауданда «Қазатомөнеркәсіп» акционерлік қоғамының ірілі-кішілі 11 кәсіпорны бар. Оларда 10 мыңға жуық адам жұмыс істесе, соның 7 мыңға жуығы Созақ ауданының азаматтары. Аудан бюджетінің 65-70 пайызын  осы кәсіпорындардан түскен кіріс құрайды. 2000-шы жылдардың бас кезеңінде компанияның әлеуметтік саладағы қызметтерінің барлығы аудан әкімі мен «Қазатомөнеркәсіп» АҚ басшысы қол қойған меморандум шеңберінде жүзеге асырылатын. Кейіннен келісім-шарт облыс әкімімен жасалатын болды. Бұл үрдіс 2010 жылға дейін жалғасты. Әрбір үш жылда орта есеппен 1-1,5 млрд. теңгедей қаржы қаралып, негізінен мектеп, балабақша, спорт кешендері, емханалар салынып тұрды.

Кейін «Қазатомөнеркәсіп» басшылығы ауысып, уран бағасының күрт төмендеп кетуіне байланысты екі жақты келіссөз үзіліп қалды. Тек өткен жылы ғана облыс әкімі А.Мырзахметовтың бастамасымен  бұрынғы байланыс қайта қалпына келтіріліп,  2014-2016 жылдарға арналған меморандумға қол қойылды. Екі жақты келісім бойынша осы жылдар аралығында Шымкент қаласында бірқатар құрылыс нысандарын салу қарастырылған. Соның арқасында ауданымыз бойынша «Инкай» бірлескен кәсіпорны Тайқоңырдан, «Катко» БК Шолаққорған, Тасты ауылдарынан балабақша құрылыстарын салуды қолға алды. «Орталық» ЖШС басшыларының қолдауымен Шу ауылынан артезиан скважинасы қазылып, 12 млн. теңгеге Германиядан мембранды су тазалағыш қондырғы орнатты. «Қаратау» ЖШС-і Шаға елді мекеніне 15 шақырым су құбырын тартып, тұрғындардың есік алды бақшаларына су жеткізді. «Инкай» БК-ны тиісті қаржы бөліп аудан орталығының ауыз су жүйелерін жөндеп, әр үйге есептегіш құралдарын орнатуға мүмкіндік жасады. Олардың Жеңістің 70 жылдық мерекесін өткізуге қатысты  көмегі де аз болып отырған жоқ.

 -- Жер шалғай, жол ұзақ болса да ауданда орта және шағын бизнесті дамытуға көп көңіл бөлініп отырғанын жақсы білеміз. Алғашқы индустриялды аймақ Теріскейден ашылды. Бұл жөнінде не айтасыз?

         -- Оныңыз рас. Соңғы жылдары кәсіпкерлер саны ауданда біршама арта түсті. Алғашқыда олар сауда-саттық, қызмет көрсетуді ғана жөн көрсе, кейін түрлі өнім өндірумен айналысатындардың қатары көбейе түскені қуантады. Өткен бір жылдың өзінде жаңадан 235 кәсіпкерлік нысан ашылып, жұмыспен қамтылғандар саны 2835-ке жетті. Биылғы төрт айдың өзінде жаңадан 124 кәсіпкерлік нысан пайда болды. Белсенді кәсіпкерлік субъектілердің көбеюінің арқасында былтыр 6 млрд.  312 млн.  теңгенің жұмысы атқарылды.  Ал, биылғы төрт айда 4 млрд. теңгеден астам өнім өндірілді. Саланың бюджетке түсетін төлемі де биыл 107,2 пайыз болып отыр.

Ауданымызда құрылған  индустриялды аймақтың маңызы күннен күнге артып келеді. Аймаққа 50 гектар жер бөлінген. Онда кәсіпкерлерге қажетті барлық инфрақұрылым жасалған. Асфальт жол, электр желісі, су жүйесі, телефон байланысы т.т. Қазір мұнда екі зауыт ашылып, оларда 70-ке жуық аудан жастары жұмысқа тартылған. Екеуі де «Қазатомөнеркәсіп» АҚ кәсіпорындарына қажетті өнім шығарып жатыр. Жалпы біз өнім өткізуді жеңілдету мақсатында индустриалды аймаққа негізінен уран өндіретін кәсіпорындарға қажетті құрал-жабдықтар шығаруға бағытталған инвест-жобаларға басымдық беріп отырмыз.

Бұлардан бөлек  индустриялды аймаққа үш инвестициялық жоба тартылған. Олардың ішінде екеуінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Оның бірі «Сырлы Созақ» ЖШС-і. Ол тұрмыстық қалдықтарды өңдеп, пластикалық өнімдер шығарумен айналысады. Екіншісі «Созақ-тұз» ЖШС жаңа технология негізінде иодталған тұз өндіретін болады. Биылғы жүзеге асырылатын үлкен жобалардың бірін Германияның «ЮКСЭС-50» компаниясы міндетіне алып отыр. Жобаның құны -- 10 млн.евро. Олар күн сәулесін пайдалану арқылы электр станциясының құрылысын бастайды. Өнімділігі 50 МГВТ. Біз компанияға 125 гектар жер бөлдік.  Барлық жобалау сметалық құжаттары әзір. Үстіміздегі жылы қараша айына пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Тек «КЕГОК» АҚ тарапынан қорытынды беру рәсімдерінің шамалы созылып отырған жайы бар. Бұл бағытта ауданымыздың климаттық жағдайын ескере отырып, жел күшін пайдаланып электр энергиясын өндіруге бағытталған тағы екі жоба қаралуда.

         -- Созақ қашаннан өрісі малға, қойнауы құтқа толы өлке болатын. Аудан экономикасындағы мал шаруашылығының үлесін қалай бағалар едіңіз?

-- Мал шаруашылығы -- аудан халқының басым бөлігінің бірден бір күнкөріс көзі. Үкімет қамқорлығының арқасында бұл салада да елеулі оңды өзгерістер орын алуда. Жыл сайын қолдағы сиыр саны да, жылқы мен түйе де көбейіп келеді. Қой малы биылғы  төлін есепке алған соң 106,3 пайыз өседі деп болжап отырмыз. Ауылшаруашылық өнімдерін өндіру өткен жылы 120,8 пайыз артса, биылғы 4 айда – 108,8 пайыз өскен. Облыста мал шаруашылығын дамытудың 2014-2016 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданды. Онда шағын мал бордақылау алаңдарын ашу, мемлекеттік «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары аясында мал тұқымын жақсарту жұмыстары қамтылған. Оның нәтижесін аудан көрсеткіштерінен де байқауға болады. Мысалы, 2013 жылы ірі қара бойынша асыл тұқымды мал басының үлес салмағы 1-ақ пайыз болса, өткен жылы 14 пайызға жеткіздік. Биылғы төрт айда шаруалар тағы да 38 асыл тұқымды бұқа сатып алды. қосымша 1140 аналық малды түрлендіруге тартып отыр. Жыл соңына дейін асыл тұқымды сиырдың үлесін 40 пайызға  жеткізу жоспарланған.

Сондай-ақ, көп жылдар бойы пайдаланылмай кеткен құм, бетпақ дала  жайылымдары қайта игеріле бастады. Оған да үкімет тарапынан жеңілдіктер беріліп отыр. Қазірге дейін 17 шаруашылық жайылымдардан құдық қаздырып алды. Аудан бойынша ірілі-ұсақты бес су қоймасын салудың жобалау сметалық құжаттарын әзірледік. Соның бірі Шолаққорған-Біресек каналы бойынан сыйымдылығы 2,5 млн. текше метр су жинайтын қоймаға облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Құрылысы жақын күндері басталады. Келешекте суармалы егістік көлемін екі мың гектарға жеткізу ойда бар. Алдағы кезеңде біз аудан жастарын мал шаруашылығына көптеп тартуды қолға алуымыз қажет. Олардың ықыласы әзірше уран өндіруші кәсіпорындарда.

Жуырда «Катко» Франция-Қазақстан бірлескен кәсіпорны ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен серпіліс туғызған инвестициялық жобаны жүзеге асыруға келісімін берді. Оның жалпы құны екі млрд. теңгені құрайды. Бұл жоба бойынша асыл тұқымды 500 сиыр мен екі бұқа сатып алынбақ. Оның еркек төлі бордақыланып, ұрғашылары аналық табынды көбейтуге қойылады. Осылайша келешекте мал бордақылауды үш мың басқа дейін жеткізу көзделген. Осыған орай, мал азығын қамдау, жемшөптік дақылдарды егу, жинау тасымалдауға арналған барлық ауыл шаруашылық техникасын алу, құрама жем цехын салу жұмыстары да қаралған. Бұл жобаға ғылыми жетекшілік жасауға Қазақ аграрлық университетінің ғалымдары тартылып отыр. 

         --  Созақтың қазақ хандығының тарихында өзіндік орны барын ешкім теріске шығара  алмайды. Мұнда кезінде Хақназар ханның резиденциясы да болған екен. Тарихи оқиғаларға бай өлке мерекелік іс-шараға қалай қатысар екен?

         -- Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын ұйымдастыруға бағытталған іс-шаралар облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасымен келісіле отырып  бекітілген. Ауданда арнайы құрылған комиссия бірнеше рет өз отырысына зиялы қауым өкілдерін, тарихшыларды, осы тақырыпта еңбек жазып жүрген ақын-жазушыларды шақырып, ақыл-кеңес құрдық.

         Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай ауылдық округтер арасында «Теріскей таланттары – 2015» өнер байқауы 8 жанр бойынша өткізілді. Мерекелік датаға орай аудан көлеміндегі тарихи орындарға жастар мен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен туристік сапарлар ұйымдастырылуда. Әртүрлі тарихи тақырыптық кеш, кітапша, буклеттер, телефильм шығару көзделіп отыр. Басқа да қызықты шаралар аз емес.

    -- Атқарушы органның барлық сатысынан өттіңіз. Еңбек жолыңыздың соңғы үш жылында ауданды басқардыңыз. Абройлы еңбек етіп  құрметті зейнеткерлікке  шықтыңыз. Өзіңіздің жас әріптестеріңізге қандай тілек айтар едіңіз? Жалпы шенеунік қоғамдық өмірде қандай болуы керек деп ойлайсыз?

         -- Оңтүстікқазақстандық әріптестерім жөнінде айтар болсам, жалпы әкімдер корпусы үлкен біліктілікпен жасақталған деп есептеймін. Әкімдердің ішінде мемлекеттік қызметте көп жылдар бойы қызмет атқарып, қандай бір ауданды басқармасын нәтижелі жұмыс көрсетіп, халықтың сенімін ақтап жүргендері де аз емес. Олармен қатар біліктілігі мен іскерлігін дәлелдеп үлгерген жас кадрларға да сенім артылып отыр. Яғни, аға буын мен жас толқынның үйлесімі сақталған.

         Сондықтан жас әріптестеріме айтарым: халықтың сенімі мен құрметінен артық жоғары баға да, байлық та жоқ. Ондай сенім, құрмет, бедел, абырой  адамға қасықтап жиналады. Тілегім сол барлық уақытта абырой мен ар алдындағы адалдықты жоғалтпайық.

Сұхбаттасқан С. ОРАЗАЛЫ,

Мұрағаттан, 2015 ж

Спандияр Бекжігітов: «Адамның мінезі біреуге бақ, біреуге сор»
Думан Рамазан: «Дүбірлетіп келе жатқан қаракерді байқай алмай жүрмін»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу