Спандияр Бекжігітов: «Адамның мінезі біреуге бақ, біреуге сор»
Спандияр Байжігітұлы. Оңтүстік Қазақстан облыстық кардиология орталығының бас дәрігері. Профессор, медицина ғылымдарының докторы, көрнекті ғалым, облыстық мәслихаттың депутаты. Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми - зерттеу институтында директордың орынбасары сынды бірқатар жауапты қызметтерді абыроймен атқарған азамат. 21 маусым—Медицина қызметкерлерінің күні, яғни жылына бір рет асыға күтетін Кәсіптік мереке қарсаңында онымен ашық ой-пікір бөлісіп қайтқан едік.
Айнұр Оңғарбай: Өмірлік қағидаңыз?
Спандияр Бекжігітов: Тазалық, әділдік, шыншылдық. Ешкімнің ала жібін аттамау. «Еңкейгенге еңкей, ол әкеңнің құлы емес, шалқайғанға шалқай ол пайғамбардың ұлы емес» деген мақалды ұстанамын.
Айнұр Оңғарбай: Асқаралы алпысыңызды атап өткеніңізге көп бола қойған жоқ, бұл жастағылардың тыныс-тіршілігі қандай екен? Бейкүнә балалық шақта қалыптасқан мінез-құлықты өмірдің жазылмаған заңдылықтары қаншалықты өзгерте алады?
Спандияр Бекжігітов: Жас кезімізде 60-қа келген адамды «ой қартайып біткен шал ғой» деп ойлайтын едік. Енді өзімізде осы жасқа келіп байқап жатырмыз. Қартайған ештеңем жоқ. Өзім де жаспын, көңілім де жас. Әлі де, өтіп бара жатқан әдемі қыздардың түріне, аяғына қараймыз. «Алпыс – тал түс» деген рас екен. Зейнеткерлікке шығуға дейін әлі біраз уақыт бар. Істелінетін жұмыс көп, жоспар көп. Сондықтан, шаршамай, шалдықпай әлі де біраз белестерге шығамыз деп ойлаймын.
Ал енді мінез жағына келетін болсақ, мен айтар едім, адамның мінезі біреуге бақ, біреуге сор. Ол атаның қанымен, ананың ақ сүтімен берілетін нәрсе. Айналып келгенде, адамның тағдырын да шешетін сол мінезі. Сондықтан адам өз мінезіне көңіл бөліп, баға беруі керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиреніп мінезін тәрбиелеуі керек. Өз мінезінен жапа шегіп жүргендер өте көп. Кішіпейілділіктің, адамға жұғымды болудың пайдасы көп. Мен өз тағдырыма ризамын. Ол менің жайлы мінезімнің арқасында деп білемін. Ешкімге бөтен мінез көрсетпеймін. Ал енді маған бөтен мінез көрсететіндерге міндетті түрде есемді жібермеуге тырысамын.
Айнұр Оңғарбай: Жақын достары жоқ адам шын мәнінде жалғыздық зардабын шегетіні ақиқат. Сізде шын достар бар ма? Адамның қандай қасиеттерін бағалайсыз?
Спандияр Бекжігітов:Жақын достары жоқ адам шынында қалай өмір сүреді екен? «Доссыз адам – қанатсыз құспен тең» дейді халық. Рас–ау. Қанаты жоқ болса құстың құстық қасиетінен не қалады десеңізші. Сонау балалық шақтан бастап мектеп партасынан бері келе жатқан, жастықтың қызығын бірге кешкен курстас достарым аз емес. Қызмет барысында әр алуан себеппен танысқан Алматыдан тапқан отбасылық достарым, Шымкентке келгенімде табысқан достарымды «Шын дос» деген ұғымның салмағын көтере алатын, қадірін білетін абзал азаматтар деп сенемін. Құдай жалғыз қалудан сақтасын.
Ал уәдеде тұра алмайтындарды, кеудесіне нан піскен өркөкірек менменшіл адамдарды, екіжүзділер мен өтірік айтатындарды, жүрегінде әділдігі жоқтарды, табанының бүрі, жүрегінің түгі жоқтарды, ар-ұяттан жұрдайларды, жауапкершілігі жоқтарды адам деп сыйламаймын да, санамаймын да. Адам бойындағы мол жауапкершілікті, адалдықты, әділеттілікті, турашылдықты, шыншылдықты, мейірімділікті, кішіпейілдікті, қарапайымдылықты, кеңпейілділікті, азаматтықты аса қатты бағалаймын.
Айнұр Оңғарбай: Оңаша қалғанда өмірдің кей тұсында кездескен әттеген-айларды ой елегінен өткізесіз бе?
Спандияр Бекжігітов: Өткен өміріме өкінбеймін. Бүкіл өмірім қызыққа толы мағыналы болды. 60 жылдық өмірімнің 25 жылын Алматыда, 7 жылын Мәскеуде өткіздім. Жарты жылдан астам уақыт Германияның Берлин қаласында тұрдым. Ғылымның арқасында әлемнің жиырмадан астам үлкен мемлекеттерінде болдым. Көпті көрдім, көппен араластым. Бір сәт көзімді жұмсам бүкіл өмірім көз алдымнан сырғып өтеді. Есте қалған қызық оқиғалар да көп.
Әттеген-айларға келетін болсақ, жастық шақта білместік пен балалықпен жіберген бұзықтықтар да болды. Оған өкініш жоқ. Сонда әкем «Ер адамның ақыл-парасаты қырықтан асқанда барып кіреді» деп айтушы еді. Сол айтқаны дұрыс екен. Мен өткен өміріме қарап соны түсіндім. Қырыққа дейін ақылды адам көп, бірақ та даналық деген қырықтан кейін үлкен өмір тәжірибесімен келетін ұлы қасиет екен. Мұхаммед пайғамбардың өзіне Алла тағалам Пайғамбар деген атақты 41 жасында берген екен. Содан барып мұсылман қауымында ер адамға қырыққа дейін билікті беруге болмайды деген түсінік қалыптасқан екен. Себебі, олар қырыққа дейін жастық сезімнің толқынында жүреді екен. Кеңес үкіметі тұсында да билікке тағайындалар адамды алдымен барлық кезеңнен өткізіп, үлкен тәжірибе жинатып барып тізгін ұстатушы еді. Ал қазіргі уақытта ешқандай қиыншылық көрмеген, халықпен араласпаған, үлкенді үлкен, кішіні кіші деп сыйлай білмейтін, тәжірибесіз жас адамдар отызға жетпей-ақ үлкен мансаптың буына балқып, «Шаш ал десе бас алып» жүргені жасырын емес. Олардың білетіні компьютер, интернет және оңай ақша табу. Әдебиет пен мәдениетті түсіне де бермейді. Басшы болғаннан кейін өз байлығыңды емес, мемлекеттің байлығын, халықтың жағдайын ойлау керек. Ал ол үшін даналық керек.
Айнұр Оңғарбай: Соңғы жылдары облыста дәрігерлер арасында өзара келіспеушілік, бірін-бірі тыңдамау, менсінбеушілік туындаған сияқты. Тіпті бас дәрігерлер арасында да бұл келеңсіз көрініс белең алғаны байқалады.
Спандияр Бекжігітов: Бұл сұрағыңызға жауап беру оңай емес. Пенде болғаннан кейін келіспеушілік, бірін-бірі тыңдамау, менсінбеушілік жәй дәрігерлердің де, бас дәрігерлердің де арасында кездесетін жәйт. Ол енді, менің ойымша, әр адамның адами қасиетіне, ақыл-парасатына, азаматтығына, кішіпейілділігіне байланысты жағдай ғой. Бірақ іштарлық, көреалмаушылық, қызғаныш дейтін қызыл ит қазақтың өзімен бірге туып, бірге өсіп келе жатқан жоқ па? Оған тосқауыл бола алатын тек қана адамның тектілігі, кеңдігі, тереңдігі. Алла кең адамға кең өмір береді, тар адамға тар өмір береді. Іші тар адам қандай бір билікке, байлыққа қолы жетсе де оның өмірі таршылықпен өтеді. Сондықтан билік пен байлықты ұстап тұру үшін де тектілік қажет. Басшы адамға кісілігіне кішілігі сай, қайырымды, кеңдеу болған жарасады. Ал оқтау жұтып, қақайып кісі боп қатып қалған, менмен басшыларға менің жаным ашиды. Сол қасиетінен олар бірінші кезекте өздері таяқ жейді. Ал қайырымдылығы, жанашырлығы, кеңдігі жоқ адам дәрігер бола алмайды. Ондайлар бұл мамандыққа кездейсоқ келген адамдар. Оларды медицинадан аластау керек.Өкінішке қарай ондай адамдар арамызда жоқ емес...
Айнұр Оңғарбай: : Ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткізген елміз. Алға қойған мақсатқа жетуге тосқауыл да, кедергі де жоқ. Бірақ біз осы тәуелсіздіктің тұғырын биіктете түсуге қайсысымыз, қаншалықты үлес қосып жүрміз?
Спандияр Бекжігітов: Тәуелсіз елдің халқы қандай болу керек деген сұрақ туады. Бұрынғы әміршілік-әкімшілік тоталитарлық жүйеде ойыңда да, бойыңда да тұсау болды. Еркін ойлау, еркін ойға еркін бойлау коммунистік идеологияға қайшы келетін. Қазір ел өзін - өзі жұмыспен және кәсіпкерлікпен қалай қамтимын десе ерік өзінде, жол ашық. Бірақ тек осы кәсіпкерлікке менің өз мойным жар бермеді, қаныма сіңбеді. Өмір бақи қағаз кемірумен оған да қол тимеді.
Тәуелсіздік туралы әңгіме қозғағанда есіме мына бір оқиға түседі. 1991 жылы 18-19 тамыздағы Мәскеудегі путчта мен сол уақиғаның дәл ортасында болдым. 19 тамыз күні Ақ үйдің алдындағы аланға жиналдық. Айнала қираған техника, өртенген троллейбустар. Танк үстіне шыққан Ельцин ұраңдатып тоталитарлық жүйеге қарсы сөз сөйледі. Біз «Ельцин! Ельцин!» деп қолымызды сілтеп айқайлап тұрдық оның жанында. Ельцинге қолдау көрсетіп, митингке жиналғандардың басым көпшілігі мен сияқты сырттан барғандар. Сол түні шабуылға шыққан солдаттар мен танктердің алдын кескестеп, Ақ үйге жібермедік. Сонда 3 адамды танк жаншып өлтірді. Желтоқсан көтерілісіне өзім Мәскеуде жүргендіктен қатыса алмасам да, Одақтың ыдырауына сеп болған Мәскеу көтерілісінің бел ортасында қатынасу арқылы ел тәуелсіздігіне мен де тамшыдай үлесімді қостым деп ойлаймын.
Айнұр Оңғарбай: Байқаймыз, Облыстық кардиологиялық орталықтың атқаратын жұмыс ауқымы да, ұжымы да үлкен. Оның ынтымағы қалай? Кәсіби мерекелеріңіздің қарсаңында әріптестеріңізге қандай тілек айтар едіңіз?
Спандияр Бекжігітов: Иә, ұжымда 370 адам жұмыс істейді. Оның 90-ы дәрігер, 135-і мейірбикелер. Қалғаны санитарлық тазалықпен айналысады және әкімшілік қызметкерлер. Ұжымның ауызбіршілігі өте жақсы. Ынтымағы жарасқан, өзара сыйластық қалыптасқан. Мен осы қызметіме кіріскелі ешкімді жұмыстан шығарған жоқпын. Көп жерде командалық әдіс деген бар қазір, бастық ауысса ол өздерінің адамдарын әкеледі де, бұрыннан жұмыс жасап жатқан білікті мамандарды жайлап шетке ысырып тастайды. Бұл әдіс ұжымның шырқын бұзады. Мен мұндай іс-әрекетке түбегейлі қарсымын. Ол нағыз сыбайлас жемқорлықтың бір түрі. Келген бастық бұрыннан жұмыс жасап жатқандардың еңбек етуіне мүмкіндік беруі керек. Білмегенін үйретсін, талап қойсын. Істемейтін адам жоқ. Қазір «Шаш ал десең, бас алатын» бастықтар көбейіп кетті. Бұрыннан бар адами құндылықтарға мән беруге тиіспіз. Қызметкерлерді тыңдап, олардың қандай мұң-мұқтажы, қандай ұсынысы бар, солармен санасып жұмыс жасау керек. Олардан да көп нәрсе үйренуге болады. Өзіңді сыйламағаннан кейін қарамағыңдағылар да саған адал болып, беріліп жұмыс істемейді. Айқайлап, ұрыспай-ақ, жай сөзбен санасына жеткізіп, түсіндіріп, ұялғаннан істейтін деңгейге жеткізу керек. Мысалы, сені сыйламаса, сыртыңнан балағаттап боқтап жүрсе ол адам саған еш уақытта адал жұмыс жасамайды. Қайта қарсы жұмыс жасап, бірдеңені бүлдіреді.Ауруға шалдыққан жандар ең алдымен жылы сөз арқылы емделеді. Дәрігердің өзіне деген жылы қарым-қатынасынан да көңілі сергіп, тезірек сауығып кетуге тырысады. Менің түсінігімде жалпы ұжымда жұмысқа қуанып келіп, қуанып үйге қайтатындай атмосфера болуы керек.
Медицина саласындағылар өмір бойы оқуы, күндіз-түні жұмыс істеуі, үнемі ізденісте болуы керек. Бұл ғылымды оқып тауыса алмайсың. Қазір қағазбастылық деген көбейіп кетті. Дәрігерлер ауруды емдеудің орнына қағаз толтырумен көп уақытын кетіріп отыр. Және бәрі өте шұғыл, дер кезінде жауап беруге тиіс. Сол уақытта қайта науқастың қасында аз-кем отырып, жағдайын білсе, бұл әлдеқайда пайдалы болар еді. Қағазбастылық дәрігерлерге біраз қолбайлау болып тұр.