Жәнібек Жанқараев, режиссер: «Маған қулықты махаббат үйретті»
Есейген сайын балалық шағыңа деген сағыныш үдей түседі екен. Жылдар менің балалығымды артқа ысырып тастаумен келсе де оның жарқын естеліктері әлі көз алдымда, бүгінгідей жадымда.
Менің балдай тәтті күндерім Сарыағаш ауданындағы хакім Абайдың атымен аталатын ауылда өткен. 2000 жылы Омар Есімов атындағы орта мектепті үздік оқушылардың қатарында аяқтап шықтым. Әкем полиция полковнигі. Ал анам орыс тілінің мұғалімі, екі әпкем және ағам үздік оқушылар болғандықтан сабақты жаман оқу мүмкін бе? Үйдің еркесі, кенжесі, бұзығы болсам да әке-шешем сабағымды үнемі қадағалап отыратын. Анам маған дәріс берді. Сабақ үстінде мама деп айтып қалсам «апай деп айт» деп ұрысып беруші еді. Әдептілік сақтап, ұқыпты болуға үйретті. Өз балам деп жеңілдік жасаған емес, барлық оқушымен теңдей көрді. Ер жігіт өзін-өзі қорғай білуі керек әрі спорт денсаулыққа пайдалы деп әкем мені төртінші сыныпта каратэге баулитын спорт мектебіне берген. Спорт пен сабақты қатар алып жүріп 16 жасымда каратэден еліміздің 2 дүркін чемпионы атанғанмын. Сондағы ата-анамның қуанышында шек болмаған шығар.
Шынымды айтсам бала күнімде бос уақытым болмапты. Бала болып көшеде доп теуіп, асық ойнамадым. Сабақ оқу, спорт, мектептің бүкіл мәдени іс-шаралары басым көпшілік уақытымды алып жатса, одан бөлек үйде сиыр, қой асырадық. Сол төрт-түліктің қорасын таза ұстау, суғару, жайлауға бағу менің мойныма артылған жүк еді. Уақыттың тапшылығына қарамастан ағаммен жарысып кітап оқуды әдетке айналдырдым. Ол қандай кітап таңдаса мен де соны оқыпбітіргенше тыным таппаушы едім.
Заманымыз солай болды ма, әйтеуір мектептер арасында өте көп төбелестер өтіп тұратын. Балалықты артқа тастап, ер жете бастағандағы шекісу ер жігіттердің әдеті емес пе? Бірақ ол кездері топ-топ болып жабылып ұру, немесе пышақтап кету, қарумен атысу деген сұмдықтар мүлдем болмайтын. Қазір мұндайды күн сайын естіп келеміз. Біз намысты қарумен емес жекпе-жекке шығып қорғадық. Қанша жерден ерке, бұзық атансақ та біздің заманымыздағы балалар ақылдырақ, тәрбиелірек болған екен деп ойлаймын.
Үйдің кенжесі болғасын әкем қаталдығына қарамастан мені мектеп бітіргенше, тіпті үйленгенше еркелетті. Бір қызығы «өгіздей» баласын жұрттың көзінеше еркелетуді намыс көрмейтін. Ал мен болсам әкемнің осы әрекеті үшін әсіресе достарымның көзінше қатты қысылатынмын. Көшеде, мектепте болсын әкем мені көріп қалса қасына шақыратын, құшақтап алып, еркелете жөнеледі. Мен болсам сыныптас достарымның алдында қып-қызыл болып, ұялғанымнан кірерге тесік таппай талай рет қиналдым.
Негізі мен балабақшада ғашық болғанмын. Алайда алашқы махаббат деген сезімді жетінші сыныпқа келгенде бір-ақ барып сезіндім. Сыныптас қызымды ұнатып қалғанмын. Оның назарына ілігу үшін не істемедім десеңізші. Бар өнерімді көрсетіп, жақсы жағымнан көріну үшін талай әрекет жасадым. Бірақ нәтиже бола қоймады. Содан сыныптас досым Ердәулет екеуміз қулыққа көштік. Ол қызға тиісіп, жұлқып, сөмкесін алып қашуы тиіс. Сол кезде бұзақылыққа куә болған мен жігіттік танытып, дереу бұзақының соңынан қуалай жөнелемін де, бір-екі мәрте жұдырық жұмсап, қыздың сөмкесін өзіне қайтарып әкеп беремін. Міне, махаббат маған осындай қулықты да үйретті.
Жазып алған Айнұр Оңғарбай