Бақытгүл Бабаш, ақын: «Мен үшін қылмыстың үлкені – өлеңде өтірік айту»

Oinet.kz 30-05-2019 2869

Screenshot_3.jpg

Есей Жеңісұлы: Бақытгүл, сізді сағыныштың ақыны дейді оқырмандар. Өзіңіз жауап беріп көріңізші, кімді, нені, не үшін сағынасыз? Дауасы бар сағыныш па ол? 

Бақытгүл Бабаш: 

– Амал не, асау сезімдер 

Үмітті көзін тез ілсе. 

Сағыныш қалды көзімде, 

Оянам жылап. 

Өзің ше? 

Бақыт па, не бұл? 

Сор? 

Қайғы? 

Қалдым мен үнсіз, шарасыз. 

Өмір бұл – мұнда болмайды, 

Жан – мұңсыз, жүрек - жарасыз... 

Өлең деген аппақ кептер кеудеме сыймай, қауырсын-қанаттарымен жүрегімнің парша-паршасын шығаратын сәттерде, Есей, өзіңіз айтқандай «Мынау ғазиз дүние» жаныма тар болған кездерде, өзім әлі де сезініп көрмеген, мүмкін ешқашан есігін аша алмайтын бір тылсым аралды аңсаған шақтарда сағыну мен зарығудан аса алмай қалып жатқан шығармын. Нақты кімді, нені, не үшін сағынатынымды сөзбен суреттеп бере алмаймын. Бұл – дауасыз дерт, көзім жұмылғанша бір сағынышты арқалап өтерім хақ. 

Есей Жеңісұлы: Ақындыққа, өлең жазуға, жалпы жанның асқақтыққа ұмтылатынына түсінбей қарайтын, нақты іс адамдарының заманы келді. Ақын қайда барады, оны кім түсінеді? 

Бақытгүл Бабаш: Білесіз бе, мен адамдармен араласудан қорқамын. Рас, қорқып қалдым. Бетіңе күліп тұрып, сыртыңнан сыбайтын, жан сырыңды біліп алып, ту сыртыңнан қырық пышақ қадайтын жандардың бар екенін білу маған өте өкінішті болды. Мына өмірдегі барлық жағдайларды әжемнің айтқан ертегілеріндегідей тек ізгілікпен аяқталады деген түсінік қалыптастырып алыппын. Бір көргеннің бәрін «досым» деп ойлаппын. Олай емес екен. Күнделікті ырғақпен жүргенде, көп нәрсеге мән бере бермейді екенбіз. Ал бір сәт тоқтап, айналаңа үшінші көзбен зер салсаң, әлемнің тым жалаңаштанып, жалаңданып кеткенін көресің. Соны көрдім де, адамдарға қаншалықты жақын болсаң, соншалықты сүйкімің кететінін ұқтым. Қазір мені басқалардың түсінбейтіні, «қияли» деп күле қарайтыны, «іске ебі жоқ» деп елемеуге тырысатыны, бәрі де қызықтырмайды. Ақынның өз әлемі, өзіне ғана аян шындығы, өз дүниетанымы бар. Ақын – жүрегіне барады. Ақын баратын жалғыз жол – жүрек. 

Есей Жеңісұлы: Жерге түспей жүріп, пендеуи өмірге оралғаныңызда қандай күй кешесіз? Сіз үшін тірлік деген не? 

Бақытгүл Бабаш: Ақұштап апайдың мына өлеңі тіліме жиі оралады: «Анамын, бөбегін сағынған, 

Ақынмын, жыр болып ағылған. 

Көңілмін, екіге бөлінген. 

Жүрекпін, екіге жарылған». 

Барлық ақын қыздардың тағдырын, жан мұңын осы бір шумақ жыр өзіне сыйдырып тұр. Бір өлеңімде айтқаным бар еді: «Ақын боп және әйел боп ғұмыр кешіру, азап пен бақыт тоғысқан жолдар торабы», – деп. Таразының бір басында мына шулы өмір, балаларың тұрса, екіншісінен өлең қарайды мөлдіреп. Өлең өмірден де өткен талғампаз, тірлікке түсіп, қара басыңның қамын күйттеп, сен де бір пенделіктерге бара бастасаң, қарамай қояды. Жаның ластанса, тұнығың лайланса, қанша жерден қолдан құрағың келсе де, қағазыңа бір шумақ жыр түспейтін кездер болады. Осындайда Фариза апа сынды «Өлең, мен сені аялап өтем!» дегің-ақ келеді. Өйткені, мен үшін өмірдің бар мәні – өлеңім мен отбасым. Қолымнан келгенінше осы екеуін қатар алып жүруге тырысамын. 

Есей Жеңісұлы: Өлең үшін жүрегіңізді көп қинайсыз. Жүрегіңіз оны кешіре ме? 

Бақытгүл Бабаш: Енді «Кешір, жүрек!» деп бір кітап шығарғым келеді. Рас, бүкіл дүниені жүрекпен қабылдаймын. Сосын тым сезімталмын. Тіпті шектен тыс десем де болады. Бұл сезімталдық кейде күйретіп жібереді, кейде көмектесіп жатады. Мен үшін қылмыстың үлкені – өлеңде өтірік айту. Не жазсам да, шындықты ғана қағазға түсірдім. Нені сезіндім, жүрегім нені айтты, соны өлеңге сыр қылдым. Бұл бағым ба, сорым ба, білмеймін... 

Есей Жеңісұлы: Алматыдан да, Астанадан да алыстасыз. Үлкен өмір және үлкен әдебиет алыста сияқты көрінбей ме? 

Бақытгүл Бабаш: «Ауылда қалған ақынның жоқ деп керегі, Жорамал айтқан сөзіне жұрттың иландым. Қиғаштан қашан қош айтысып кеткелі, Жайықты жырсыз қалады ғой деп қимадым» деп жазған едім он жыл бұрын. Қазір де осы ойдамын. Бұрын үлкен ақын болу үшін Алматыға бару, әдеби ортаның арасында жүру салт болғаны рас, қазір ақпараттық-технология заманы, ғаламтор деген керемет бар, ол өлеңді Астанада отырып жаздың ба, алыстағы ауылда отырып жаздың ба, маңызы жоқ. Бастысы – жазу. Мен үлкен әдебиетке араласа алмадым-ау деп уайым қылмаймын. Жаза алмай қалудан қорқамын. 

Есей Жеңісұлы: Қазіргі қаламгерлер әсірежарнамашыл болып көрінбей ме? Әлде бұл заман талабы ма? 

Бақытгүл Бабаш: Қайбір жылы бір журнал мені «агент арқылы танылған ақындар» қатарына қосып еді. Шындығы да бар. Мына алақандай Атырауда отырып жазған өлеңім ғаламтор болмаса, сол «агент» болмаса, оқырманға жете қоюы да неғайбыл ғой. Қазір де өлең жаза қалсақ, әлеуметтік желіге салуға асығамыз. Енді мұны өз-өзін жарнамалады деп ұғатын болса, білмеймін. Мен үшін әлеуметтік желі – оқырманмен байланыстың бірден-бір көзі. 

Есей Жеңісұлы: Болашақтан не күтесіз? Перзенттеріңізге, ұрпақтарыңызға қандай Қазақстанды аманат еткіңіз келеді? 

Бақытгүл Бабаш: Өлеңдеріме қарап мені бір мұңнан арылмайтын, өте көңілсіз деп ойлайтындар көп. Жоқ, мен де күлемін, болмашы нәрсеге қуана аламын, басқаның жетістігіне шаттана аламын. Бұл дүниенің жүзінде адамның адамға деген ақ ниетіне жететін байлық жоқ. Заман қанша өзгерді десек те, пиғылымыз бүлінбесе екен деймін. Болашақтан жақсылық қана күтемін. Бір бақыттың әлемді айналып келіп, менің де есігімнен енеріне сенемін. Ұлдарыма ізгілікке құрылған қоғамды аманат еткім келеді. Өйткені, жақсы адамдармен, жақсылықпен ғана өмір – ғажап! 

Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы 

Мұрағаттан, 2015 ж

Жұмабай Доспанов, саясаттанушы: «Жарымды бірінші анам сынап көрген»
Жәнібек Жанқараев, режиссер: «Маған қулықты махаббат үйретті»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу