Ауыл әкімін сайлау қызықсыз өтті

Oinet.kz 31-07-2021 639

Биылғы қаңтардағы сайлауда 70-80 пайыз дауыс алып,  Мәжіліс пен мәслихатта жетекші күшке ие болған «Nur Otan» өткен жексенбідегі ауыл әкімдерінің сайлауында тағы да жеңіске жетті. 

Screenshot_6.jpg

Жалпы сайлау тыныш өтті деуге болады. Тыныш өткені соншалықты сайлау кезіндегі әділетсіздіктер үшін ешкім  арыз-шағым да бермеген. Үгіт-насихат кезінде кандидатта арасында талас –тартыс, бәсекелестік те оншалықты байқалмады. Бұл бір жағы ауыл әкімін сайлаудың көпшіліктің оншалықты елеңдете қоймағанын білдіретін сияқты. 

Түркістан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиевтің айтуынша, бұл науқанда облыс бойынша 60 әкім сайланды. Сайлау округтері бойынша сайлаушылар тізіміне 265 146 азамат енгізілсе, оның 79 пайызы өз таңдауларын жасаған. Әкім болуға 166 адам үміткер болған. 

Төрағаның айтуынша,  сайланған ауыл әкімдерінің: 16-сы - мемлекеттік қызметкер, ауыл округтерінде қайта сайланғандар - 17, басқа ауыл округтерінің әкімдері - 6, коммерциялық саланың өкілдері - 4, бюджеттік мекеменің қызметкерлері - 8, 1 үміткер уақытша жұмыс істемейді екен. 

-Сайланған ауыл әкімдерінің 43-і саяси партиялармен ұсынылған: «Nur Otan» партиясынан - 41, «Ауыл» партиясынан - 1, «ADAL»  партиясынан - 1, өзін-өзі ұсынғандар – 17. Сайлау бюллетендерін қайталап санау сайлау учаскелерінде өткізілмеді. Соттарға, жоғары тұрған комиссияға сайлау комиссияларының іс-әрекеттері туралы арыз-шағымдар түспеді, - деді Әлібек Кәденұлы.

Бұл саяси додаға «Nur Otan» партиясы  Түркістан облысында 48 кандидатты ұсынған болатын. Партияның облыстық филиалы таратқан мәліметке қарағанда, үміткерлердің бәрі қоғамдық жұмыста, мемлекеттік қызметте, елдік мәселелерде шыңдалған жандар. 

Яғни, биліктің партиясының атынан ұсынылған 5 үміткер өтпей қалды деген сөз. Жоғарыда айтылғандай, сайланған 60 ауыл әкімінің екеуі ғана өзге партияның өкілі, 17-сі өзін-өзі ұсынғандар.

Қазіргі уақытта облыс, аудан, қала әкімдері 100 пайыз «нұротандық». Өзге партиядан өткен әкімдер немесе өзін-өзі ұсынғандар енді олармен жұдырықша жұмылып жұмыс істей алады ма? Әйтеуір, күні ертең «шортан көлге, шаян шөлге тарттының» керін келтірмесе болғаны.   

Есбаев отставкіге екінші рет арыз жазады...
Әкім әйеліне жер әперді… Келестегі келеңсіздік тоқтай ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу