Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
«Түркістанда енді облыс әкімінің бірінші орынбасарының креслосына кім отырады?» деген тақырыптағы әңгіме қыза бастаған тұста түсініксіз жағдайлар болып жатыр.
Өткен аптада әкімдікте өңір басшысы Дархан Сатыбалдының төрағалығымен «Жайлы мектеп» жобасымен салынатын мектептерге қатысты жиын өтті. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің таратқан ақпаратында және ресми сайтта осы жиында отырған Еркебұлан Даулыбаевтың суреті жарияланды. Бұл қай Дауылбаев десеңіз, тарқатыңқырап айтайық.
Еркебұлан Дауылбаев Асқар Мырзахметовтың тұсында Оңтүстік Қазақстан облыстық құрылыс басқармасының басшысы қызметін атқарған. Осыдан он жыл бұрын. 2012 жылы облыстық құрылыс басқармасының бастығы Тұманбек Әлиевтің мамандығы құрылыс саласына маңайламайтынын, құрылыста бір күнде де еңбек етпегенін жұртшылық қайта-қайта әңгіме етуші еді. Оның орнын басқан Еркебұлан Дауылбаевтың мамандығы кеденші болып шықты. «Рейтинг» газетінде сол кездері «Мұртқа өкпелеп жүргенде, сақал шықты» деп жазған едік.
Еркебұлан Даулыбаевтың мамандығы кеденші, еңбек жолын кеден саласында бастаған. Облыстық кедендік бақылау басқармасында инспектор, аға инспектор, қылмыстармен және құқықбұзушылықпен күрес бөлімінің бас маманы, контрабандаға қарсы күрес басқармасында бөлім бастығы, аталған басқарма бастығының орынбасары болған. Дәм-тұз айдаса, екі аяқты пенде қайда бармайды дейсіз, 2010 жылы ол облыстық мемлекеттік сәует-құрылыс бақылау басқармасындағы лицензиялау бөлімінің бастығы болып тағайындалады. Артынша қызметтік карьрерасында үлкен қадам жасап, облыстық құрылыс басқармасы бастығының орынбасарлығына жоғарылайды. Бұдан кейін кеденге қайта оралып, 2012 жылдың соңында Тұманбек Әлиевтің орнын, облыстық құрылыс басқармасының бастығының креслосын иеленді.
Облыстың бас құрылысшысы атанған Дауылбаевтың құрылыс саласында тәжірибесінің аздығы байқалатын. Біз бір ғана мысалға тоқталайық, 2013 жылы Шымкентте үш бірдей нысанның тұсауы кесілді. Әуелі «Нұрсәт» мөлтекауданында 500 орынға арналған №3 қалалық емхана пайдалануға берілді. Бұдан кейін Шымкенттің әкімшілік-іскерлік орталығынан заманауи көрме орталығы, «Отырар» кітапханасы пайдалануға берілді. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов, Шымкенттің сол кездегі әкімі Дархан Сатыбалды бастаған бір топ шенеуніктер бір күнде үш бірдей лента қиып, елді мәре-сәре етіп тастаған болатын. Алайда той тарқаған соң жаңа нысандарға қатысты біраз былықтың беті ашылып қалды. Бақсақ, заманауи емхана мен «Отырар» (қазіргі әл-Фараби атындағы) кітапханасының жарығы мен суы, жылуы әлі тартылмаған болып шықты. Бұл туралы жергілікті, республикалық ақпарат құралдары жарыса жазғаны есте қалыпты. Атқарған қызметінен осындай көп шикілік шыққан Дауылбаев құрылыс басқармасының басшысы қызметінен 2014 жылы босатылды.
Ол бұдан кейін Асқар Мырзахметовпен бірге Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты мекемелерде жұмыс істеді. 2016-2017 жылдар аралығында «Нұр Отан» партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары лауазымын атқарды.
2018 жылы Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың кеңесшісі, одан кейін орынбасары болды. Қордай оқиғасынан кейін Мырзахметов отставкіге кетіп, оның мемлекеттік қызметтегі карьерасы тәмамдалды. Ал Дауылбаевтың баспалдағы біткен жоқ. Ол Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде комитет төрағасының орынбасары, одан кейін вице-министр лауазымына тағайындалды. Ол ресми түрде Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі қызметінен өз өтініші бойынша биыл наурызда босатылған.
Ал енді наурызда елордадағы қызметінен кеткен Дауылбаев сәуірде Түркістан облыстық әкімдігінде құрылысқа қатысты жиынның төрінде отырғанын немен түсіндіруге болады. Бұған дейін оның Түркістан облыстық әкімдігінде қызметке тағайындалғаны туралы ешқандай ақпарат таратылған жоқ. Олай болса, ешқандай штатта жоқ Даулыбаев әкімдікте не бітіріп жүр? Мұның арғы жағында бір гәптің бары анық қой.
Ең қызығы, сәрсенбіде облыс әкімі төрағалық еткен жиында отырған Еркебұлан Даулыбаевтың фотосы бейсенбіде ізім-қайым жоқ болды. Шамасы оның фотосын әкімдіктің сайттағы ақпараттан алып тастауды жоғарыдағылар тапсырса керек. Ал мұны елден жасыру не үшін керек? Кімге керек? Түркістан облыстық әкімдігінде Дауылбаевқа қатысты қандай ойын жүріп жатыр?
Даулыбаевтың бір кездері өзі қызмет еткен өңірге оралып, үлкен креслоны иеленетіні туралы әңгіме біраздан бері айтылып келеді. Жоғарыдағы жәйт осы әңгіменің тегін еместігін байқататын сияқты. Дархан Сатыбалды үшін Дауылбаев даладан келген кадр емес. Жоғарыда айтылғандай, бір кездері тізе қосып, бірге еңбек еткен.
Бірақ қазір Түркістанда құрылыс саласына қатысты дау көп. Жетпісбайдың кезінде ауыз су саласынан да біраз былық-шылық анықталды. Облыста жаңадан салдынған мектеп құрылыстарынан шикіліктер шықты. Дауылбаев онсыз да шатағы көп құрылыс саласындағы дау-дамайды өршітіп жібермей ме?
Бәрін уақыттың төрелігіне тапсырдық.
«Рейтинг» газеті