Есбаев отставкіге екінші рет арыз жазады...
2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолданысқа енгізілген «қарамағындағы қызметкері жемқорлыққа барса, басшысы отставкіге кетеді» деген тәртіптің қаншалықты күшінде екендігін білетін кез келді. Бұған дейін отставкінің қаупінен бір рет құтылған Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаевтың басына тағы да қара бұл үйірілді. Ол отставкіге арызды екінші рет жазуы мүмкін.
Былтыр қарамағындағы ауыл әкімінің жемқорлық қылмысы үшін онсыз да бір рет отставкіге арыз беріп, ақыр аяғында «қатаң сөгіспен» құтылған Келестің әкіміне тағы да кешірім жасала ма? Оны тақсыр уақыттың төрелігіне тапсырдық. Алдымен отставкі туралы әңгімеге себеп болып отырған қылмыстық іске тоқталсақ.
Бұған дейін Оңтүстікте «түйені түгімен, биені бүгімен» жұтқан, параны миллиондап алған талай шенеунік сотталған. Бірақ мұның бәрі де келестегідей 30 миллион теңге парамен ұсталудың қасында түкте болмай қалды. Иә, 30 миллион теңге пара... Аудандағы жай ғана бөлім басшысының алғаны осы болса, одан жоғарыда отырғандардың «тәбеті» қанша? Карантиннің кезінде келестік шенеуніктердің құлқыны тым күшейіп кеткен сияқты.
30 миллион теңгеге қатысты қылмыстық іс былтыр маусымда орын алған. Берілген параны көлемі көп екен демесеңіз, бұл істің анау айтқандай ерекшеленіп тұрған ештеңесі жоқ. Бір ауыз сөзбен түйіндегенде сұраған, алған, ұсталған. Айыпталушы Әділхан Кенегесовтың ісі былтыр қазанда Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына берілген. Іс бойынша екі ғана куәгер (оның біреу арызданушы) бар. Бірақ осыған қарамастан ол бір жылдан астам уақытқа сағызша созылды. Бәлкім оның арғы жағында біз білмейтін бір гәп бар шығар. Жалпы 30 миллион теңге параға қатысты істің түсініксіздеу жері бұл ғана емес.
2018-2019 жылдары «Электромонтаж» Акционерлік Қоғамы мен Сарыағаш және Келес аудандары тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің араларында электростанциясын орнату жөнінде жалпы соммасы 7 миллиард 174 миллион теңгені құрайтын келісім шарт жасалады. Сотта куә ретінде жауап берген аталған компанияның Кентау филиалы директорының міндетін атқарушы Н.Әбибуллаевтың берген жауабына қарағанда, ол жұмыс біткен соң Келес ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әділхан Кенегесовқа жолығып, актілерге қол қоюды өтінген. Бөлім басшысы құжаттарға кедергісіз қол қойып беру үшін 30 миллион теңге сұраған. Әбибуллаев антикорға арызданады.
Былтыр маусымның 8-і күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің қызметкерлері арызданушыға арнайы құралдарды кигізіп, қолына пара ретінде 29 миллион теңге муляж ақша және 1 миллион теңге берген. Сол күні Әбибуллаев Кенегесовпен Сарыағаш қаласында кездеседі. Бөлім басшысы келісілген жерге танысының автокөлігімен келген. Көлік ішіндегі әңгіме барысында ол бір бумаға оралған 29 миллион теңге муляж ақшаны жүргізушінің орындығының астына, ал 1 миллион теңгені жүргізушісінің орындығының артқы қалтасына салуды тапсырады. Әбибуллаев оның айтқандарын мүлтіксіз орындаған. «Құдай қаласа тірлік бітеді» деп айтқан Кенегесов осыменен жөніне кеткен. Бірақ осы жерде біраз түсініксіз жайттар бар.
Сотта куә ретінде жауап берген жүргізуші екіарадағы әңгімеден кейін Н.Әбибуллаевтің қайтып кеткенін, ал А.Кенегесовтің Келеске барған соң өзінің жұмыс орнында түсіп қалғанын айтқан. Бөлім басшысы параны көліктің ішінде қалдырып кеткен. 30 миллион теңге дегеніңіз ұмытып кеткетін елеусіз зат емес қой. Олай болса, Кенегесовтың бұл әрекетін немен түсіндіруге болады? Жүргізуші үйіне қайтып бара жатқан кезде бейтаныс адамдардың көлігіне жақындап келе жатқанын байқап, оқиға орнынан бой тасалаған. Кейінен ол көліктен 30 миллион теңгені тауып алып, ақшаны екі аптадан кейін өз еркімен антикорға апарып тапсырған. Қайталап айтайық, екі аптадан кейін... Шамасы, Кенегесов параны алған соң әлденеден күдіктенген сияқты. Оның ақшаны алмай, көлікте тастап кеткенін басқаша қалай түсіндіруге болады? Ал ақшаны екіге бөлудің астарында не сыр бар? Сот бұл мәселенің түйінен тарқатып, тігісін жатқызбаған сияқты.
Сот Кенегесовтың қылмысын дәлелденді деп тауып, «аса ірі көлемде пара алуға оқталды» деген айыппен оны 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Бұл ісі бойынша апелляциялық шағым берілуі мүмкін. Себебі сотталушы өзінің кінәсін мойындаған жоқ. Бірақ одан бір нәрсе өзгереді дегенге сену қиын. Үкімге қарағанда, Кенегесовтың қылмысын дәлелдейтін айғақтар аз емес. Дәлелдердің ішінде бейнежазбалар да бар. Егер үкім өзгеріссіз қалдырылса, Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев отставкіге арыз жазуға міндетті.
Ақментай Есбаев 2018 жылы Сарыағаш ауданынан бөлініп, өз алдына отау тіккен Келес ауданының алғашқы әкімі. Яғни, қарамағындағы бөлім басшылары, ауыл әкімдерінің бәрін өзі тағайындаған. Былтыр мамырда Жамбыл ауылдық округінің әкімі Б.Құрманәлиев жер телімін беру үшін әлдебір азаматтан 400 мың теңге алу барысында қолға түсті. Шілдеде аудандық сот оны 12 миллион теңге айыппұл салу жазасына кесті. Қазанда облыстық соттың апелляциялық алқасы үкімді күшінде қалдырды. Осыдан кейін Есбаев тәртіп бойынша отставкіге арыз бергенімен, кейіннен оның «сөгіс» жазасымен қызметіне қалдырылғаны белгілі болды. Отставкіге кетеді деп жүрген Ақментай Есбаев қайта Тәуелсіздік күнінде президенттің жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған болатын.
Әрине, Есбаевтың қызметіне, осы уақытқа дейінгі ерен еңбегіне айтар ешқандай дауымыз жоқ. Бірақ орынбасарынан бастап еден жуушыға дейін өзі тағайындаған Есбаевтың кадрларының соңғы уақытта сыбайлас жемқорлық қылмыстармен елді шулатып жатқаны рас. Былтыр маусымда құзырлы органдар аудандық спот бөлімінің басшысы М.Омаровтың үстінен қылмыстық іс қозғады. «Рейтинг» газетінде бұған дейін жазғанымыздай, М.Омаровты 8 маусымда басшылар шақыртып алып, тексерушілердің келуіне байланысты «жұмыстан өз еркіммен шығаруды сұраймын» деген арыз жаздыртып алады. Арызға жұмыстан шығарудың күні көрсетілмейді. Омаров сол күні арызын қайтарып беруді талап еткен. Алайда басшылар оның бұл талабын орындаудан бас тартқан. Келесі күні-9 маусымда Ақментай Есбаев спорт бөлімі басшысын қызметінен босату туралы өкімін шығарады. Біраз уақыттан кейін аудан әкімі спорт бөлімінің басшылығына басқа азаматты тағайындап жіберген.
Қазан айында М.Омаровтың үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылады. Осыдан кейін Омаров өзіне қатысты Есбаевтың шығарған өкімін даулап, аудандық сотқа арыз береді. Бұл іске төрелік айтқан сот Есбаевтың өкімін заңсыз деп тауып, Омаровты қайтадан қызметіне орналастыру туралы шешім шығарған. Ақыр аяғында Есбаев Омаровты қайтадан бұрынғы орнына отырғызуға мәжбүр болған. Келестегі осындай келеңсіз тірлікті қадағалаушы органдар тексерді ме? Тексерсе, қандай баға берді? Бұл жағы беймәлім. «Жалған арыз беру» және «параға сатып алу» деректері бойынша жауап берген Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Бақтияр Әбдиевке қатысты іс те елді біраз шулатты. Бұл істің немен аяқталғаны да әзірге белгісіз болып тұр.
Байқағандарыңыздай, әкім болған үш жылдың ішінде Есбаевтың командасында шенеуніктердің сыбайлас жемқорлықпен былығуы жиіледі. «Кездейсоқтық емес» деген күдік қоюланып келеді. Отставкіге екі қайтара арыз жазу да екінің бірінің қолынан келе бермейтін «ерлік», әрине.
Айтпақшы, облыста отставкіге арыз беруі мүмкін аудан әкімдерінің қарасы көбейіп келеді. Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, қазірдің өзінде екі аудан әкімінің орынбасары «пара алды» деген күдікпен тергеліп жатыр. Бәріне уақыт төреші.
"Рейтинг" газеті, шілде, 2021