Кентауда кемшілік көп
12-04-2023
Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов туралы «Рейтингте» былтырдан бергі аралықта бір емес бірнеше мақала жазылды. Қыс ортасында Кентаудағы тұрғын үйлер жылусыз қалды. Жауапсыздықтардың салдарынан кілті былтыр тапсырылған 60 пәтер жылуға қосылмай, әкімдік оларға электр жылытқыш құралдарын таратып беруге мәжбүр болды. Кентаудағы күл-қоқыстың мәселесі өз алдына. Былтыр Экология департаменті сол үшін әкім Махажановқа әкімшілік айыппұл салды. Кентаудағы сыбайлас жемқорлық қылмыстар да елді шулатты. Парақорлардың алды сотталып кетті. Сол үшін Махажанов отставкіге арыз бергенімен, қызметінде қалдырылған еді. Әттең-ай, бәлкім отставкіге кеткенде бәрі де басқаша болар ма еді деп ойлайсың. Пенделік тіршілік қой, маңдайға қасықтап жинаған абыройды шелектеп төгу жазылған соң амал бар ма?! Мұны жазғыру деп емес, шынайы жағдайға баға беру деп қабылдау керек шығар. Себебі отставкімен ойнаған Махажанов парамен ұсталды.
Ал осы сәтте облыстағы бюджет қаржысының жұмсалуына тексеру жүргізген Есеп комитеті Келестің әкімі Ақментай Есбаевтың командасында біраз шикіліктерді анықтады. Естеріңізде болса, Есбаев былтыр қарамағындағы қызметкерлердің жемқорлық қылмыстары үшін отставкіге арызды бір емес, екі рет берген. Екеуінде де кешіріммен қызметінде қалдырылған еді.
Сыбайлас жемқорлықпен байланысты осыншама келеңсіздіктердің бәрі кездейсоқтық па? Қырсық неге Кентау мен Келесті шыр айналдыра береді? Сіз қалай ойлайсыз?
Кентаудың әкімі Дәурен Махажанов ұсталған бойда Алматы қаласындағы абақтыда жөнелтілген. Оны ұстаған, қолына кісен салып, дереу облыс аумағынан алып кеткен Антикордың Алматы қаласы бойынша департаментінің қызметкерлері болып шықты. Неге Алматы? Бәлкім, арыз Алматы қаласына берілген шығар. Әлде бұл істі мейілінше бейтарап жүргізу, оған облыстағы өте ықпалды шенеуніктердің араласуына жол бермеу үшін жасалды ма? Кім білсін? Қалай десек те, мұның бәрі облыстағы құзырлы органдарға деген сенімсіздікке барып тірелетін сияқты.
Пара алудың «рекорды» жаңарды
Антикор әзірге көп нәрсені құпия ұстап отыр. Бірақ бір анығы, Махажанов жай кеткен жоқ, облыста пара алудың «рекордын» жаңартып кетті. Бұған дейін бұл «рекордтты» былтыр 30 миллиоон теңге параға қатысты іс бойынша 11 жылға сотталып кеткен Келес аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ә.Кенегесов ұстап тұрған еді. Ресми мәлімет бойынша Кентаудың әкімінің алған парасы 98 мың 500 доллар. Теңгеге шаққанда 42 миллион 500 мың болады екен. Өңірде мұндай ірі көлемдегі пара алу жәйті бұған дейін кездеспеген. Аудан, қаладағы шенеуніктің тәбеті қандай десеңізші. Мұндай масқара ставка болады деген кімнің ойына келіпті дейсіз?!
Махажановтың ұсталғаны туралы ақпарат өткен жұма күні таңертең әлеуметтік желі арқылы тарала бастады. Біз мәселенің мән-жайын білу үшін алдымен Кентау қаласы әкімі аппаратының басшысы Амалбек Өмірбекпен байланысқан болатынбыз. Ол осы жөнінде өзімен бірнеше адамның хабарласқанын, алайда қазіргі уақытта Түркістан қаласында оқуда жүргендігін, Кентауға енді баратынын мәлім етті. Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Жанна Әлімбай телефонын көтермеді. Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облыстық департаментінің қызметкерлері мәліметті агенттігінің өзі таратынын хабарлады. Агенттік Кентаудың әкімінің ұсталғанын осы күні кешкісін телеграмдағы каналы арқылы жариялады. Ресми мәліметке қарағанда, Махажанов параны қалада жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компанияның басшысынан, тиесілі ақшаларды кедергісіз аударып отыру үшін сұраған болып шықты. Параны жергілікті жердегі кәсіпкерлер арқылы алған көрінеді.
- Қазіргі уақытта күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда,-делінген Антикордың ресми ақпаратында.
Дәурен Махажанов Кентау қаласының әкімі қызметіне 2019 жылдың сәуірінде келген. Бұған дейін ауыл шаруашылық құрылымдарында, оның ішінде «Қазагрода» басшылық қызметтерді атқарған. Павлодар облысы әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары болып істеген. Махажанов әкім болған үш жыл ішінде Кентаудың келбетін қаншалықты өзгерте алды? Бұл сауалға біржақты жауап беру қиын. Бірақ білетіндер Махажановтың сырт көзге тұйықтау, елмен оншалықты емен-жарқын еместігін және орыс тілді болғандығын, қазақ тілін Кентауға келгеннен кейін үйрене бастағанын баса айтады.
Соңғы жылдары Махажановтың командасында сыбайлас жемқорлыққа қатысты фактілер де кездесті. 2020 жылы сол кезде Кентау қаласына қарасты Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі Хасан Муслимов «пара алды» деген айыппен сотталып кетті. Муслимов содан біраз уақыт бұрын «пара алмаймын» деген челлендж таратып, оның түсірген ролигі әлеуметтік желіде, ақпарат құралдарында қызу талқыланған еді. Қызық болғанда, арада бір жыл өтпей жатып Муслимов ауылдағы бір тұрғынның жерге қатысты мәселесіне оң қорытынды беру үшін 4 миллион 150 мың теңге пара сұрап, оның 2 миллион теңгесін алу барысында ұсталды. Сот оны төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Үкім күшіне енген соң, Дәурен Махажанов отставкіге арыз бергенімен, сөгіс жазасымен қызметінде қалдырылған.
Былтыр желтоқсанда Кентау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы басшысының үстінен «аса ірі көлемдегі бөтеннің мүлкін талан-таражға салу» бабымен қылмыстық істің қозғалғаны белгілі болды. Бұл іс бойынша қазынаға келтірілген шығынның көлемі 58,8 миллион теңгені құрайтыны хабарланды. Осыдан кейін Махажановтың екінші қайтара отставкіге арыз жазатындығы жөнінде әңгіме айтыла бастаған еді. Әрине, әлі үкім шықпай жатып, төрелік айтудан аулақпыз. Бірақ Махажановқа айыптау үкімі шықса, мұның салдары облыстағы жауапты басшылардың карьерасына да кері әсер етуі әбден мүмкін.
Шөкеев Есбаевтың жұмысына көп сын айтты
Енді Келес ауданының әкімі Есбаевқа қатысты мәселеге оралсақ. Облыста қарамағындағы қызметкелерінің сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін Ақментай Есбаевтың екі рет отставкіге арыз бергенін жоғарыда айттық. Алғаш рет 2020 жылы қарамағындағы ауыл әкімі парамен ұсталып, заң алдындағы тиісті жазасын алғаннан кейін. Екінші мәрте былтыр Келес аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының 30 миллион теңге пара алуға оқталды деген айып бойынша сотталғаннан кейін. Бірақ Есбаев екеуінде де у-шусыз қызметін сақтап қалды. «Бәрін көріп отырған елден ұят шығар» деген әкімді көргеніміз жоқ. Сонда бұл не? Президенттің саясатын аяқасты ету ме әлде өзіндік ұстанымның жоқтығы, принципсіздік пе?
Ал енді жуырда облыстағы тексеріп, талай заңсыздықтар мен кемшіліктерді анықтап кеткен Есеп комитетінің қорытындысына қарағанда, Келес аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінен көптеген былық-шылықтар анықталған. 2018-2020 жылдары сумен жабдықтау объектілерінің құрылысы бухгалтерлік есеп, сәулет және қала құрылысы қызметі және мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұза отырып жүзеге асырылған. Мәселен, жобалаушы «Улмад» ЖШС-ның сметалық құжаттаманы тиісінше әзірлемеуіне байланысты 2018 жылы Қазақстан ауылын сумен жабдықтау жобасы бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі 2019-2021 жылдар аралығындағы кезеңде орындалған жұмыс актілерін көтеріңкі құнмен (3,7 млн. теңге) қабылдаған. Сонымен қатар, ұңғымалардан су алу кезінде манометр көрсеткіштеріндегі қысымның 12 м3/сағ аспайтын деңгейде екендігі анықталған. Ал жоба бойынша оның көлемі 20,3 м3/сағ кем болмауы тиіс. Осыған байланысты судың қажетті көлемі жетпегендіктен, 4 000-нан астам адам толыққанды сумен қамтамасыз етілмеген. Бұдан бөлек пайдалануға берілген Қазақстан ауылының сумен жабдықтау нысаны пайдаланушы ұйымға бекітілмеген.
2019 жылы Қалғансыр ауылын ауыз сумен жабдықтау нысанының құрылысын жобалау кезінде құрылыс алаңында сметалық құны 15 млн. теңгеден асатын құрылыс жұмыстарының (бетон қоршау, күзет, су мұнарасы, сорғы станциясының ғимараты тағы басқалар) бар екендігі ескерілмеген. Жобалау құжаттарында аталған ғимараттар мен қоршауларды демонтаждау бойынша жұмыстар көзделмеген, алайда оларды тұрғызу бойынша жұмыстар енгізілген. Яғни, тексерушілердің тұжырымына сенсек, жергілікті атқамінерлердің бұрыннан бар ғимараттар мен құрылыстарды салуға ақы төлеп жіберуі әбден мүмкін. Бұдан өзге, 2020 жылы 9,5 млн. теңгеге іс жүзінде жеткізілмеген жабдық (жиынтықты қосалқы станция, таратушы трансформатор, дизель генератор, есептегіштер (су өлшегіштер), көрсеткіштер, сатылар) ақы төлеуге қабылданған. Кейбір жағдайларда әкімдік мердігердің дебиторлық берешегінің болуына қарамастан оған аванстық төлемдер аударған. Осыларға байланысты Есеп комитеті Келес ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде анықталған кейбір фактілерді құзырлы органдарға жолдау қажет деген шешімге келген. Ұсыныста келестік шенеуніктердің әрекеттерінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бары көрсетілген.
Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев жуырда Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаевтың алдымен есебін қабылдады, содан кейін аталған ауданға арнайы іс-сапармен барды. Осы шаралар барысында Есбаевтың жұмысына көп сын айтылды. Әсіресе, инфрақұрылым саласындағы кемшіліктер айтылды. Бұл туралы газеттің төртінші бетінде баяндалып отырғандықтан оған тоқталудың қажеті жоқ деп ойлаймыз. Мақсат біреудің жұмысын жоққа шығару емес, қалыптасқан жағдайға шынайы баға беру. Елдің көкейіндегі мәселені көтеру.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыбайлас жемқорлықпен күрестің күшейтілетінін айтты. «Жаңа Қазақстанда» көп нәрселер өзгеріп жатыр. Өткен-кеткен қателіктер айтылуда. Ал сыбайлас жемқорлықпен күресте біз неден қателестік? Енді осыны сарапқа салатын кез келген сияқты.
"Рейтинг" газеті, 03 наурыз, 2022 ж