Шөкеев шапан кисе, несі айып?

Oinet.kz 09-03-2022 1878

OINET.KZ - Соңғы күндері әлемжелідегі ағайын Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің шапанын ермек қылып жатыр. Біраз әңгіме айтылып тасталды. «Шөкеев қонаққа арналған шапанды өз киіп алды» дей ме?! «Ұят болды» дей ме? Бірақ  «сүрінгенге күлген» азаматтардың өздері де ұяттың шекарасынан аттап кеткен сияқты. 

Screenshot_3.jpg

Мәселенің мән-жайын тарқатыңқырап айтсақ. Сенбі күні Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркия Республикасының вице-президенті Фуат Октай, универсиеттегі Өкілетті кеңестің төрағасы Мухиттин Шимшек және Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен салтанатты іс-шара өткен. Әлеуметтік желіде қызу талқыланған, бас-аяғы жарты минуттан тұратын видео осы жиыннан түсірілген. Видеода сахнада тұрған Шөкеевке  шапан берілгені, ал оның шапанды киіп алғаны көрсетіледі. Бары осы ғана.  Бейнежазбаға түсінік берушілер Шөкеевтің қонаққа, дәлірегі вице-президентке арналған шапанды өзі киіп алғаны жазып жатыр. Алайда мұны Халықаралық қазақ-түрік университеті, Түркістан облыстық әкімдігі жоққа шығарып отыр. 

 Халықаралық қазақ-түрік университеті:

-Түркия Республикасының вице-президентіне білім мен ғылымның дамуына қосқан үлесі үшін "Құрметті профессор" академиялық атағы берілді. Ал Түркия Республикасының вице-президенті Фуат Октай Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің дамуына қосқан үлесі үшін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке шапан ұсынды, – деген мәлімет таратты. 

Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов та осыған қатысты түсініктеме жасады. Оның айтуынша, осы кездесудің алдында Түркияның вице-президенті мен Шөкеев арасында жабық кездесу өткен. Жиында Шөкеев Октайдың иығына шапан жауып, құрмет көрсетіпті. Ал енді Халықаралық қазақ-түрік универсиетінде өткен шара барысында Шөкеевке универсиетке жасаған көмектері үшін құрмет көрсетіліп, шапан жабылған. Қалқаманов өзінің парақшасында шапан жабудан кейін түсірілген фотоларды да жүктеді. Бірақ бәрібір желі оқырмандарының бірі бұған сенсе, бірі сенбей отыр. Әрине, сену, сенбеу әркімнің өз еркі.  

Дегенмен, Шөкеевтің сахнада ұятқа, күлкіге қалтындай ештеңесі жоқ сияқты. Бәлкім, рәсімдерді жасау барысында сценарийден қателік кеткен шығар. Әлде сахнадағы азаматтар бір-бірлерін дұрыс түсінбеген бе? Университеттің де, Сәкен Қалқамановтың да  бұл үшін ақталатын жөні жоқ, оған түсініктеме берудің өзі де  артық сияқты. 

Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысының әкімі қызметіне осыдан үш жылдан астам уақыт бұрын тағайындалды. Осы үш жылда өңірде қыруар тірліктер атқарылды. Әсіресе, Түркістанда көптеген жобалар жүзеге асты. Осы өзгерістердің басында жүрген Өмірзақ Шөкевтің еңбегін атап өтпеу мүмкін емес. Шапан жабу қазақтың ежелден келе жатқан салты. Ол адамның абыройын көтеру, еңбегін бағалау, сый-құрмет көрсету үшін жасалады. Ал енді бір шапанға қатысты жайт үшін Шөкеевтің атына сын айту, қаралау қаншалықты қисынды? Шапанға зәру болып отырған Шөкеев жоқ. Мәселе бір шапанды Шөкеевке қия алмай отырған өзіміздің пейілімізде жатқан жоқ па? 

Шөкеевке бір шапан жабылса, оның несі айып? Әр нәрседен айып іздеп, хайып қуған азаматтар осы жағын ойланды ма?

Парамен ұсталған Кентау әкіміне қатысты жаңа мән-жайлар анықталды
Шымкентте кадрлық былық-шылық көп
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу