Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Өткен аптада осы додада жеңіске жетіп, халықтың сенімен ие болған әкімдер қызметтеріне кірісті.
Жаңадан сайланған әкімдерге президенттен бастап ақыл-кеңес айтып жатыр. Ең бастысы, сайланған әкімдер жемқорлықтан аулақ жүрсе, соңынан жаман сөз ермесе дейсің ғой. Бірақ бүгінде қай шенеунік жоғарыдағылардың ақыл-кеңесіне құлақ түріп жүр дейсіз? Біздегі атқамінерлердің ең үлкен кемшілігі - өткен-кеткеннен сабақ алмайды. Қызмет барысында қателіктер мен келеңсіздіктердің қайталана беретіні де бәлкім осыдан шығар.
Қателікті қайталауға келгенде Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев та құр алақан емес. Естеріңізде болса, былтыр Келесте Жамбыл ауылдық округінің әкімі жер беру үшін пара сұрап, қылмыстық жазаға тартылды. Бұл былтыр болған жағдай. Былтыр сотталған әкімнің орнына тағайындалған жаңа әкімі биыл жерге қатысты өрескел заңбұзушылықтар жібергені үшін тәртіптік жазаға тартылып жатыр. Сол баяғы тірлік, сол баяғы әдіс-тәсілдер. Өзгерген ештеңе жоқ.
Облыстық Әдеп кеңесіне түскен істің мән-жайына қарағанда, Келес ауданында атқамінерлер жер беруде біраз өзбілермендікке салынған. Қазір тәртіп бойынша жер азаматтарға конкурс арқылы беріледі. Келестік шенеуніктер осы конкурстарды көзбояушылыққа айналдырған.
Келес ауданының прокуратурасы шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі өткізілген конкурстың заңдылығына талдау жүргізген. Осы тексеру барысында көптеген заңбұзушылықтар анықталған. Аудандық жер комиссиясының мүшелері жер алуға өтініш бергендердің құжаттарындағы шикіліктерге көз жұмып қараған. Кейбір лоттар бойынша қатысушыларға артықшылықтар жасаған. Енді бірін әдейі аяқтан шалған. Мұның бәрі бір нәрсені аңғартады-ауданда жердің кімге берілетіні алдын ала шешіліп қойылған. Жер комиссиясының отырысы формалды түрде өткізіліп отырған сияқты.
Әдеп кеңесінде тәртіптік мәселелері қаралған Келес ауданы әкімінің орынбасары, аудандық жер комиссиясының төрағасы Абай Жаңбырбаевқа, аталған комиссияның мүшелері: аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Сүлеймен Жылқыбаевқа және Жамбыл ауылдық округінің әкімі Талғат Байдуллаевқа қатысты жинақталған материалдарға оқып отырып, осындай ойға келесіз. Мәселен, сәуірде ауданда 15 гектар суармалы жер телімі конкурсқа қойылған. Оған төрт азамат өтінім береді. 2 өтінімнен бас тартылады, қалған екі өтінім иелері «Даулетияр қажы» АӨК мен «Хасан ұжымы» АӨК конкурста бақ сынайды. Жер комиссиясының 7 сәуірдегі хаттамасына сай «Хасан ұжымы» жеңімпаз болып танылған. Алайда, тексеру барысында «Даулетияр қажының» конкурсқа ұсынған құжаттарының талапқа сай еместігі анықталған. Яғни, прокурорлардың тұжымы бойынша мұндай жағдайда «Хасан ұжымы» бәсекелессіз қалғандықтан конкурс өткізілмеді деп танылуы тиіс болған.
Комиссияның хаттамасымен У.Тұрабеков деген азамат конкурс жеңімпазы деп танылып, 12 сәуірде оған аудан әкімдігінің қаулысымен Ақтөбе ауылдық округінен 2,2 гектар суармалы жер телімі жалға берілген. Тексеру барысында О.Тұрабековтың ұсынған құжаттары заңға сәйкес рәсімделмегені, ал жеңімпаз У.Тұрабековтың бизнес жоспарындағы есептемелерде қателіктер кеткені белгілі болған. Бірақ комиссия осы қателіктердің бәрін елеусіз қалдырған.
Комиссияның хаттамасымен Ж.Тастемір деген азамат конкурс жеңімпазы деп танылып, оған аудан әкімдігінің қаулысымен Ошақты ауылдық округінен 3 гектар суармалы жер телімі жалға берілген. Бұл конкурсқа үш азамат қатысады (О.Әрімқұл, Т.Темірбаев, Ж.Тастемір).
Кейін анықталғандай, жеңімпаз Ж.Тастемірдің ұсынған конкурстық құжаттарында қателіктер кеткен. Бірақ осыған қарамастан ол жеңімпаз деп танылған. Сонымен бірге, өтінім берушілер О.Әрімқұл мен Ж.Тастемірдің екеуі де бизнес жоспарындағы инвестициялық қаржының көлемін 7 770 000 теңге деп бірдей көрсеткен. Мұндай жағдайда жер комиссиясы конкурстың жеңімпазын ашық дауысқа салып анықтауы тиіс болған. Алайда комиссия мұндай шараны жүргізбеген.
Жамбыл ауылдық округінде 362 гектар жайылым жер бойынша өткізілген конкурсқа Ж.Керімбаева мен У.Құрманалиева қатысады.
Іс–құжаттарды зерделеу барысында У.Кұрманалиеваның ұсынған құжаттарындағы бизнес–жоспарда инвестициялардың болжамды көлемі көрсетілмегені анықталады. Яғни, ол құжаттарының дұрыс болмауына байланысты конкурсқа жіберілмеуі тиіс болған. Мұндай жағдайда Ж.Керімбаева бәскелессіз қалғандықтан конкурс өткізілмеді деп танылуы тиіс еді. Алайда жер комиссиясы конкурсты өткізіп, оны жеңімпаз деп таныған. Ең қызығы, жеңімпаз У.Керімбаева жер комиссиясының мүшесі, осы Жамбыл ауылдық округінің әкімі Талғат Байдуллаевтың заңды некедегі жұбайы болып шыққан.
-Мемлекеттік қызметкерлерге міндеттелген талап бойынша Т.Байдуллаев мұндай жағдайда өзінен жоғары тұрған басшыға конкурсқа қатысушының өзінің жұбайы екендігін мәлімдеп, оған дауыс беруден тыс қалуы тиіс еді. Алайда ол мұндай талапты орындамай, әйеліне конкурс жеңімпазы ретінде дауыс берген,-дейді осы жөнінде бізге түсінік берген Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің мамандары. Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен Келес ауданы әкімі орынбасары, аудандық жер комиссиясының төрағасы Абай Жаңбырбаевқа «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту», жер қатынастары бөлімінің басшысы Сүлеймен Жылқыбаев пен Жамбыл ауылдық округінің әкімі Талғат Байдуллаевқа «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жазаларды қолдану ұсынылды.
Келес ауданы Жамбыл ауылдық округінің әкімі қызметін Талғат Байдуллаевқа дейін атқарған Б.Құрманәлиев былтыр жер телімін беру үшін әлдебір азаматтан 400 мың теңге алу барысында ұсталып, сот үкімімен оған 12 миллион теңге айыппұл салу жазасы тағайындалған болатын. Осыдан кейін тәртіп бойынша Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев отставкіге арыз жазды. Бірақ оның отставкісі қанағаттандырылған жоқ. Аудан әкімі «сөгіс» жазасымен қызметінде қалдырылды. Енді міне, жерді сатып, пара алған әкімнің орнына тағайындалған әкім әйеліне жер беріп, тәртіптік жазаға тартылып жатыр. Осыдан кейін шетінен жауапқа тартылып жатқан келестік шенеуніктердің өздеріне де обал жоқ дейсің. Айтпақшы, Әдеп кеңесінің осы жолғы отырысына Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаевтің өзі де арнайы шақырылып, ол жиналғандарға сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарып жатқан жұмыстары бойынша есеп берді.
Ақментай Есбаевтың жақын арада отставкіге арызды екінші қайтара жазуы мүмкін. Өткен нөмірімізде жазғанымыздай, жуырда Келес аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы А.Кенегесов 30 миллион теңге көлемінде пара алды деген айып бойынша кінәлі деп танылып, 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.
Келестегі келеңсіздіктер қашаға дейін жалғаса береді?
"Рейтинг" газеті, тамыз, 2021 ж