Депутаттардың көбісі жұмыссыз қалмақ
Кешегі күні «Nur Otan» партиясының съезінде Мәжіліс депутаттығына ұсынылатын кандидаттардың аты-жөні белгілі болды. Партиялық тізім 126 үміткерден тұрады. Оның 77-сі праймеризде оза шапқан, жұрттың үмітін үкілеген жеңімпаздар. 49 кандидат тізімге партияның Орталық аппаратының квотасымен енгізілді деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Мәжілісте өкілеттігі бітетін депутаттардың басым көпшілігі жұмыссыз қалайын деп тұр.
Шымкент қаласы мен Түркістан облысында праймериздің қорытындысы бойынша облыстық конференцияда бекітілген кандидаттар тізімге мұрты бұзылмаған күйі қосылды. Шымкенттен Мәжіліс депутаты Берік Оспанов, қалалық мәслихаттың хатшысы Ғани Ташқараев, қалалық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжанов, Сайрамдағы қосалқы мектептің директоры Жадыра Таңатарова бар. Ал Түркістан облысының тізімі жеті кандидаттан тұрады. Олар: Мәжіліс депутаты Ержан Құдайберген, бизнесмендер Қайнар Абасов, Сырым Ертаев, облыс әкімінің кеңесшісі Гүлжан Құрманбекова, опера әншісі Мөлдір Бақытжанова, Кентау трансформатор зауытының басшысы Хайрулла Қожабаев және Атакент ауруханасының бас дәрігері Ұлжанат Жұрымбетова.
Орталық аппараттың квотасымен өткен кандидаттардың ішінде Оңтүстіктен кеткен Мәжіліс депутаттары Дархан Мыңбайдың, Фахридин Қаратаевтың және Мұхтар Ерманның аты-жөндерін байқадық.
Ал квотаға енбей қалған Бәйділдә Жылқышиевтің енді зейнеткерлікке кететіні айтпаса да түсінікті шығар. Ал зейнет жасына әлі екі-үш жылы бар Уәлихан Қайназаров пен әлі елуді де еңсермеген Сәкен Қаныбековтің қандай қызметтің құлағын ұстайтыны белгісіз.
Аппараттың квотасымен өткендердің арасында Дариға Назарбаева, премьер Асқар Мамин, вице-премьер Ералы Тоғжанов, Президент Әкімшілігінің жетекшісі Ерлан Қошанов, «Самұрық-Қазына» қорының жетекшісі Ахметжан Есімов, Президенттің көмекшісі Тамара Дүйсенова, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бар.
Мәжілістің келесі төрағасын осылардың арасынан іздеу қажет болса, ауызға алдымен Дариға Назарбаеваның ілінетіні рас. Әлде Бауыржан Байбек пе? Бәрі де сайлаудан кейін жасалатын ақырғы тізімнен кейін белгілі болмақ. Соңғы тізім 60-70 депутаттан тұруы мүмкін. Яғни, жоғарыдағы 126 үміткердің тең жартысы «қырқылады» деген сөз.