Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Сайлау алдында «Ақ жол» партиясының да белсенділігі күшейіп кетті. Үстін-үстін мәлімдемелер жасауға көшті. Бірақ оның біреуі нысанаға дөп тисе, бірінің қиыс кетіп жатқаны рас.
Жуырда, партияның XVI сайлауалды құрылтайында арнайы баяндама жасаған партияның төрағасы Азат Перуашев шетелдіктерге жерді сатуды ғана емес, біздің елмен шектесіп жатқан мемлекеттердің азаматтары мен компанияларына жерді жалға беруге де тыйым салуды ұсынды. Бұл туралы Oinet.kz тілшісі хабарлайды.
«Өздеріңіз білетіндей, келесі жылы шетелдіктерге жерді беруге қарсы шыққан көптеген митингілерден кейін жерді сатуға жарияланған мораторий мерзімі аяқталады. Осы кезде «Ақ жол» демократиялық партиясы Үкіметтің жер комиссиясына – сепаратистік пиғылдарды болдырмау мақсатындашетелдіктерге жерді сатуды ғана емес, біздің елмен шектесіп жатқан мемлекеттердің азаматтары мен компанияларына жерді жалға беруге де тыйым салуды ұсынды. Алайда шенеуніктер осы ұсынысты комиссияның қорытынды хаттамасына енгізбеді. Осыған байланысты мораторияның аяқталуы қарсаңында біз тағы да Қазақстанмен көршілес жатқан мемлекеттердің азаматтары мен компанияларына жерді сатуға және жалға беруге тыйым салуды талап етеміз», - деп мәлімдеді партия төрағасы.
Өздеріңізге белгілі 2016 жылдың көктемінде Қазақстанның көптеген өңірлерінде жерді сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзарту туралы заңға қарсы митингілер өтті. Мұның соңы бірқатар шенеуніктердің отставкіге кетуімен, президент Н.Назарбаевтың жоғарыдағы заңға 2021 жылға дейін мораторий жариялауымен аяқталды. Азат Перуашев жерге қатысты мәселені осы 2016 жылдың жазынан бастап көтере бастады. Алайда төраға бұдан анау айтқандай пиар жасай алмаған сияқты. Өйткені Азат Перуашев 2012 жылдан бергі аралықта Мәжіліс депутаты. Ал жерді сату мен шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзарту туралы заң жобасы 2014-2015 жылдары қабылданды. Яғни, уақтысында бұл заңды қос қолдап тұрып дауыс берген депутаттардың арасында Азат Перуашевтің болғандығында ешқандай күмән жоқ. Алайда бәрі бітіп, бояуы сіңген соң Перушаев өзін елдің, жердің жағдайын ойлағыш саясаткер ретінде көрсете бастады. Бұған енді илану қиын.
Өздеріңізге белгілі, биыл президент Қасым-Жомарт Тоқаев:
- Жер кодексі нормаларының мораторийі 2021-де аяқталуына байланысты біз осы мәселе бойынша түпкілікті шешім қабылдауға тиіспіз. Парламент депутаттары, жұртшылық бұл мәселе бойынша пікір білдіреді деп үміттенемін. Шетелдіктерге келетін болсақ, жер оларға сатылмайды. Бұл жерде толық айқындық болуы керек, - деген болатын.
- Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді. Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек, - деген сөзді Мемлекет басшысы қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауында тағы бір шегеледі.
Ал Перуашев онсыз да шешілген, шешімін тапқан мәселені қозғап отыр. Кеше олай дейді, бүгін былай дейді. Арзан нәрседен ұпай жинау «Ақ жолға» абырой әпермесі айдан анық.