Махажанов келгелі жемқорлық көбейді
Мемлекеттік қызметкерлердің айтатын сөзі басқа, істейтін тірлігі басқа. «Шенеуніктің айтқанын істе, бірақ істегенін істеме» дегеннің кері. Осыдан бір жыл бұрын Кентау қаласына қарасты Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі Хасан Муслимов өзінің пара алмайтындығы жөнінде челлендж жариялап, желіде «жұлдызға» айналып еді. Жуырда «пара алмайтын» әкім пара алды деген айыппен сотталып, масқара болды.
Апыра-ай, адам абыройдан айырыламын десе, бір пәсте екен. Бас-аяғы 6-7 секундтық роликте Хасан Муслимов ұжымындағы оншақты қызметкерімен бой көрсетеді.
«Мен Ескі Иқан ауылының әкімі Хасан Муслимов пара алмаймын» деген әкімді қасындағы қызметтестері «біз пара алмаймыз» деген сөздермен қуаттайды. Ескі Иқан ауылдық округі әкімдігінің қызметкерлерінен сұрастырып білгеніміз, челлендж сол кезде жоғарыдан келген тапсырма бойынша түсірілген көрінеді. Басшылар айтқан соң орындау керек, әрине. Сыбайлас жемқорлықпен күрестің жалған ұранға, көзбояушылыққа айналғанына бұдан артық мысалды табу қиын, сірә. Мынандай масқарадан кейін үн-түнсіз жүре берудің өзі де қылмыс емес пе?!
Муслимов пара алу әрекетін жоғарыдан келген тапсырмамен жасамағаны айдан анық. Мәселенің мән-жайы былай:
Былтыр Ескі Иқан ауылының тұрғыны З.Бабаев деген азамат жер телімін 9 бөлікке бөліп, оның әрқайсысына мемлекеттік акті рәсімдеген. Осыны білген Муслимов Бабаевқа келіп жолығу қажеттігін ескертеді. 20 қаңтарда кешкісін Бабаев әкімнің үйіне барады. Муслимов одан 4 миллион 150 мың теңге пара сұраған. Егер бермеген жағдайда Кентау қаласындағы құзыретті органдарға тиісті ұсыныс хат жолдап, жерге қатысты шешімді бұзатынын ескерткен. Бабаевқа Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментіне арызданудан басқа амал қалмаған.
24 қаңтарда Бабаев Муслимовтың жұмыс орнына 2 миллион теңге алып келген. Әкім оны Ескі Иқандағы ұлының құрылыс заттарын сататын дүкеніне алып барады. Ол параны сол жерде өзінің ұлы арқылы алған. Сот экс-әкімді төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Хасан Муслимов ауыл әкімі қызметіне осыдан 4 жыл бұрын сайланған екен. Оған дейін мемлекеттік қызметте істемеген, кәсіпкерлікпен айналысқан. Яғни, оның мемлекеттік қызметке кездейсоқ келген кадр екендігін аңғару қиын емес.
Алайда ауыл тұрғындарының айтуынша, соңынан сыбайлас жемқорлыққа қатысты сөз еріп жүретін Муслимовтың кандидатурасын Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов былтыр желтоқсанда Ескі Иқан ауылының әкімі қызметіне екінші қайтара ұсынған. Не үшін? Мұның арғы жағында біраз сырдың бүгіліп жатқаны анық. Дәл қазіргі уақытта Муслимовтың қылмыстық ісі облыстық соттың апелляциялық алқасында қаралып жатыр. Егер алқа алғашқы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырса, Дәурен Махажанов облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің атына отставкіге кету туралы арыз жазуға міндетті.
Махажанов Кентау қаласының әкімі қызметіне былтыр сәуірде тағайындалған болатын. Содан бергі аралықта Кентауда арыз-шағым да көп, парамен ұсталу оқиғалары да жиілеген. Әсіресе, білім саласында. Соңғы бір жылдың көлемінде Кентауда бірнеше мектеп директоры, балабақша меңгерушісі парақорлық қылмысы үшін түрлі жазаға тартылған. Мәселен, былтыр қазанда «Қобыланды» балабақшасының меңгерушісі В.Абдурайымова жұмысқа қабылдау үшін 200 мың теңге пара алу үстінде ұсталып, 6 миллион теңге айыппұл салу жазасына кесілді. Желтоқсанда «Дәуір» балабақшасының меңгерушісі Г.Баетова қарамағындағы қызметкерін комиссиямен қорқытып, 2 миллион теңге ақша сұраған. Оның 20 мың теңгесін алу барысында құрықталған. Меңгеруші алаяқтық бабымен кінәлі деп танылып, 150 мың теңге айыппұл салуға сотталды. Сол желтоқсанда қарамағындағы мұғалімдерден ақша жинау үстінде Шаға ауылдық округіндегі Вахидов атындағы мектептің директоры М.Изатуллаеваның ұсталғанын, оның ақыр аяғында қылмыстық жазадан құтылып, Кентау қалалық білім бөлімі басшыларының «жанашырлығымен» қызметін де сақтап қалғанын біз өткен нөмірлерімізде жазған болатынбыз. Соңғы айларда Кентауда тағы екі мектеп директорының үстінен сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін қылмыстық іс қозғалып, қызметтерінен шеттетілген. Әрине, Махажановтың біреуге «пара ал» деп тапсырма бермегені айтпаса да түсінікті. Алайда әкімнің білім саласындағы кадрлық мәселені бетімен жібергені байқалады.
Кентаудағы «ГорОНО»-ның бұрынғы басшысы Әділ Әуелбеков былтыр қарашада қызметінен босатылған. Наурызға дейін басшының міндетін әркім атқара берген. Наурызда бұл орынға әкім Баянғали Жұмабаев деген азаматты алып келген. Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, еңбек өтілінің жетіспеуіне байланысты ол басшының міндетін атқарушы болып тағайындалады. Ал содан бергі 9 айда Махажанов жемқорлық пен дау-дамай өршіп тұрған білім саласына жетекшілік ететін бір басшыны тағайындай алмаған. Конкурс жуырда ғана өтіп, оған үш кандидат құжат тапсырған. Оның біреуі «еңбек өтілі жетпейтін» Баянғали Жұмабаев көрінеді.
Махажановтың үстінен арыз жазушылар да аз емес. Жуырда «Егемен Қазақстан» газетінде осыған қатысты мақала жарық көрді. Осы мақалаға сүйенсек, Кентау қаласының тұрғындары: соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Ө.Пукашев, еңбек мүгедегі, қалалық Ардагерлер кеңесі, қалалық Қоғамдық кеңестің мүшесі Р.Нұрылла, қаланың құрметті азаматы, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген металлургі С.Қамбаров Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа арыз жазған. Арызда олар Дәурен Махажанов қызметіне келгелі елдің пікірімен санаспай, заңды белден басып, жаппай сыбайлас жемқорлықпен айналысып жатқандығын баяндаған. Былтыр арызданушылар Дәурен Махажановтың жеке қабылдауына кіріп, ДЦП диагнозымен ауыратын балалар мен жасөспірімдерге арнап оңалту орталығын ашу мәселесін ақылдасқан. Әкім орталыққа Пушкин көшесі №28 мекенжайдағы ғимаратты беру жөнінде орынбасарына тапсырма жүктейді. Алайда кейінірек әкімдік ғимаратты басқа кәсіпкерге сатып жіберген. Махажанов депутаттарға, қоғамдық кеңес мүшелеріне қаланың келбетіне қатысты біраз уәделерді берген. Бірақ олардың көбісі орындалмай қалған. Мақалада әкім уәделерінің не үшін орындай алмағанына қатысты өзінің уәждерін келтірген. Алайда оның бірі құлаққа қонса, бірі қонбайды. Берілген уәденің арғы жағында әкімнің тәжірибесі, іскерлігі, тіпті кісілік келбетінің тұратынын Мақажановтың білмегені өкінішті-ақ.
Жалпы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шенеуніктерге қарамағындағы қызметкерінің жемқорлық қылмысы үшін отставкіге арыз жазуға міндеттейтін заңға қол қойғанына бір жылға жуықтады. Бірақ Тоқаевтың бастамасының ақыры сұйылуға айналған сияқты. Біз бұған дейін қарамағындағы ауыл әкімі парамен ұсталған Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаевтың отставкіге арыз беруі тиістігін жазған едік. Одан бергі аралықта бір айдан астам уақыт өтті. Есбаев қызметінде қалған көрінеді. Ал облыс әкімі немесе оның айналасындағы жауапты қызметкерлер Есбаев туралы жұмған ауыздарын ашқан жоқ. Тым құрыса мәселенің мән-жайын түсіндірсе қайтер еді?! Түркістандық атқамінерлер Президенттің бастамасын науқанға айналдырып жіберген бе? Махажанов отставкіге арыз берсе, ол бойынша қандай шешімнің қабылданатынын уақыт көрсете жатар.
"Рейтинг" газеті, №47, 26 қараша, 2020 ж