Түркістанда отставкіге арыз жазатын үшінші әкімі белгілі болды
Бұған дейін біз Түркістан облысы Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаевтың отставкіге кетуге арыз жазатынын хабарлаған едік. Бұған аталған ауданда сыбайлас жемқорлыққа барған ауыл әкіміна шығарылған үкімінің күшіне енуі себеп болып отыр деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Түркістан облысында Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов отставкіге арыз жазуы мүмкін. Биыл жыл басында Ескі Иқан ауылының әкімі, былтыр ғана «пара алмаймын» деген челлендж арқылы ғаламтордың жұлдызы атанған Хасан Муслимов ірі көлемде (2 миллион теңге) парамен ұсталды. Қазір қылмыстық іс Кентау қалалық сотында мамыр айынан бері қаралып жатыр. Муслимовтың сағызша созылған ісі Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажановтың әкімдік «дәуренін» ұзартып тұрғанын да айта кетейік.
Облыста отставкіге арыз жазуы мүмкін деген үшінші әкімнің аты-жөні де белгілі болды. Ұзынқұлақтан жеткен әңгімелерге қарағанда, жақында облыстағы бір ауданда ауыл әкімі 100 мың теңге парамен ұсталған. Ауыл әкімін аудан әкімінің өзі осыдан 1-2 ай бұрын ғана тағайындаған екен. Құзырлы органдар әзірге ресми ақпарат таратқан жоқ. Сондықтан отставкіге арыз жазуы мүмкін әкімдерге қатысты алдағы уақытта кеңірек жазатын боламыз.