​Келес ауданын басқаратын келесі адам кім?

Oinet.kz 15-10-2020 1354

Қарамағындағы қызметкері сыбайлас жемқорлыққа барса, басшыға отставкіге арыз жазуды міндеттейтін заң күшіне енгелі 10  айдан асыпты. Түркістан облысында осы заңның талабына сәйкес отставкіге арыз беретін алғашқы шенеунік белгілі болды.  Дәлірек айтсақ «Рейтинг» газетінде, басқа да ақпарат құралдарында жиі сыналып жүрген Келес ауданының  әкімі Ақментай Есбаевқа енді отскавкіге арыз жазбаудан басқа  амал жоқ. Себебі 9 қазанда Есбаевтың тікелей өзі тағайындаған  кадры – Жамбыл ауылдық округінің әкімі Бархия Құрманалиевке қатысты шілде айында шығарылған үкімді облыстық соттың апелляциялық алқасы күшінде қалдырды.

Ақментай Есбаев.jpg

Апелляциялық алқаның қаулысы жария етілген осы 9 қазанда  үкім  күшіне енді. Ал мемлекеттік қызмет туралы заңнамаларға сәйкес отставкіге арыз үкім күшіне енгеннен кейін 10 күн ішінде жазылуы тиіс. Яғни, Есбаев 19 қазанға дейін облыс әкімінің алдына отставкіге кету туралы мәселені қоюға міндетті. Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев Келестің әкімінің отставкісін қабыл алады ма, жоқ па? Біздіңше,  қабыл алуы әбден мүмкін. Оның себебіне сәл кейінірек тоқталамыз. Үкімге қайта оралсақ. 

Жамбыл ауылдық округі әкімі Бархия Құрманалиев биыл әлдебір азаматтың жерге қатысты мәселесін оң шешіп беру үшін 400 мың теңге алу барысында ұсталған. Кінәсін бұлтарусыз толығымен мойындап,  прокурормен процестік келісімге келген. Оның осы мойындауына байланысты тергеу, сот амалдары жеделдетілген тәртіппен жүргізілді. Келес аудандық соты оны кінәлі деп тауып, 12 миллион теңге айыппұл салу жазасын кесті. «Құда да тыныш, құдағи да тыныш» аяқталған іс бойынша бұдан кейін апелляциялық алқаға ешкім арыз жазбауы тиіс сияқты еді. Алайда күтпеген жерден облыс прокурорының бірінші орынбасары А.Пашаев Түркістан облыстық сотына шағым берді. Осы шағымға және облыстық соттың апелляциялық алқасының қабылдаған қаулысына қарағанда, аудандық сот Құрманалиевке қосымша жаза тағайындау барысында ағаттыққа жол берген.  Дәлірегі судья Қылмыстық Кодекстің 50-бабының 2-бөлімін ескі редакция бойынша қолданыпты. Алқа осы қателікті түзетеді. Бірақ бұл түзетуде анау айтқандай ештеңе жоқ. Сотталушыға қандай мекемелерде жұмыс істеуге болмайтындығының ара-жігі көрсетілген. Негізгі жаза сол баяғыша 12 миллион теңге күйінде өзгеріссіз қалдырылған.  Сонда бұл не? Судьяның сауатсыздығы ма, әлде прокурордың тым талапшылдығы ма? Қалай десек те, апелляциялық алқаға жазылған арыз  Есбаевтың отставкіге арыз жазу мерзімін екі жарым айға ұзартып бергені рас. 

Жалпы Ақментай Есбаев 2018 жылы өз алдына қайта отау тіккен Келес ауданының алғашқы әкімі ретінде белгілі. Араға жиырма жылдан астам уақыт салып қайта шаңырақ көтерген ауданның тұңғыш әкімі өзінің орынбасарларынан бастап, ауылдың әкіміне дейінгі аралықтағы барлық кадрды түгендеп, тағайындап, олардың жұмысына басшылық жасап келді. Яғни, қарамағындағы қызметкерлері жемқорлыққа былықса, Есбаевтың біреуге өкпелейтіндей жөнінің жоқтығын мойындау керек. «Анау пәленшенің әкелген адамы еді», «мынау түгеншенің кезінде келген кадр еді» деген әңгімені айта алмайды. Ал осыдан екі жыл бұрын жеті жастағы баланың зорлануымен, кланаралық текетіреспен аты шыққан Келестің шенеуніктері биыл жаппай істі бола бастады. Келестің әкімін өз кадрлары ұятқа қалдырды.  

Маусымда ақпарат құралдарында Келес аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі башысының парамен ұсталғаны туралы мәлімет таратылды. Басшы 2019-2020 жылдар аралығында «Қызыләскер» қосалқы станциясының құрылысын жүргізіп жатқан мердігерден осы құрылысқа бөлінген 3 миллиард теңгенің 1 пайызын, нақты айтқанда  30 миллион теңге талап еткен көрінеді. Мәссаған, аудандағы бөлім басшысы 30 миллион теңге талап етсе, басқаларының  «аппетитінің» қандай екендігін ойлаудың өзі де қорқынышты емес пе? Оның артынша Келес аудандық спорт бөлімі басшысының парамен ұсталғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде жазылды. Бұл істің ақырының немен тынғаны әзірге белгісіз. Белгілісі, Есбаев осы аптада аудандық спорт және денешынықтыру бөлімінің жаңа басшысын тағайындады.  Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Бақтияр Әбдиевтің пара беру ісіне шатылып, тергеушілерге жауап беріп жатқаны да ақпарат құралдарын біраз шулатты. Егер осы жәйттердің бәрі таразыға салынса, Есбаевтың отставкісінің қабыл алынуы әбден мүмкін. Әрине, бәрі уақыт тақсырдың төрелігінде. Бірақ Есбаевтың отставкісіне қатысты ел аузында түрлі әңгімелер өрбіп жатыр. Кейбіреулер Келеске жаңа әкімнің келе жатқанын, оның экс-депутат екендігін де айта бастады.  

"Рейтинг" газеті, №41, (592), 15 қазан, 2020 ж  

Эмомали Рахмон Тоқаевтан да, Мирзияевтан де асып түсті
Түркістанда отставкіге арыз жазатын үшінші әкімі белгілі болды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу