Депутаттар династиясы-2. Әкесінің жолы баласына бұйыра ма?

Oinet.kz 08-10-2020 2204

Oinet.kz бұған дейін Түркістан облысы мен Шымкент қаласында «Нұр Отан» партиясы өткізіп жатқан праймеризге  депутаттардың ұл-қыздарымен, туған-туыстарымен жаппай кандидат болып тіркелгенін жазған едік. Енді сол әулетімен кандидат болғандардың саяси додада қаншалықты  нәтижеге жектеніне тоқтала кетсек.

Серікжан Сейітжанов.jpg

Серікжан Сейітжанов

Бұл тақырып турасында әңгіме қозғағанда, алдымен қасиетті Отырардың топырағында өсіп-өнген Құрманбековтер мен Сейітжановтар ауызға ілігеді. Біраз жылдар Шымкент қаласы әкімінің экономика жөніндегі орынбасары болған, былтыр қызметінен кеткеннен кейін артынан қаржыға қатысты әр түрлі әңгіме ерген, осыдан кейін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке кеңесші болып барған Гүлжан Құрманбекова праймеризде Отырар ауданы бойынша мәре сызығына бірінші болып келді. Апыр-ай, ә! Құрманбекова осылайша осы ауданның «отынымен кіріп, күлімен шығып» жүрген талай кандидатты орта жолда қалдырды. Естуімізше, Құрманбекова бұл додаға Мәжілістің мандатын иелену  үшін түскен көрінеді. Праймеризде Гүлжан Мамытқызынан бөлек тағы екі бірдей бауыры, қос Құрманбеков бақ сынады. Олардың бірі кәсіпкер, бір кездері Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты болған Нұржан Құрманбеков Түркістан қаласынан қатысып, 11 пайыз дауыс алды. Қайбір жылдары Нұржан Мамытұлының аты-жөні құзырлы органдардың қылмыстық іздестіру жөніндегі хабарландыруларына ілігіп еді. Бұл жолы оның есімі депутаттық корпустың тізіміне ілігуі екіталай сияқты. Есесіне Құрманбековтер әулетінің тағы бір өкілі,  бұған дейін де аудандық мәслихаттың депутаты атанып жүрген Нұрман Дәуренбек праймеризге Жетісайдан қатысып, 29 пайыз дауыспен алғашқылар тобына қосылды. 

Гүлжан Құрманбекова.jpg

Гүлжан Құрманбекова

Қазақстандағы елу бай-бағланның тізіміне енген белгілі бизнесмен Серікжан Сейітжановтың ұлы Нұржан Сейітжанов Отырар ауданында мәре сызығын Құрманбековамен қатар қиды(57 пайыз). Бізге жеткен деректерге қарағанда, Түркістан облыстық мәслихатына Отырар ауданынан берілетін жалғыз мандаттың иесі осы Нұржан Серікжанұлы болатын көрінеді. Серікжан Сейітжановтың інісі Әлімжан Құртаев қазіргі уақытта Сенат депутаты. Праймеризде оның кіші інісі Әділжан Құртаев 50 пайыз дауыс алды. Әділжан Серікжанұлы Отырар аудандық мәслихатының  депутаты болмақ көрінеді. Осы додада Отырар аудандағы Құртаев атындағы мектептің директоры Райхан Құртаева 16 пайыз дауыс алды. Райхан Серікжанқызы да аудандық мәслихаттың мандатын көздеп отырғанға ұқсайды. Ал жасы жетпістен асқан Серікжан Сейітжановтың өзі квотамен депутат бола ма, болса қай органның мандатын иеленеді? Бұл жағы әзірге беймәлім.

Праймеризде облыстық мәслихаттың депутаты Рақым Тәңірбергеновтың екі бірдей ұлы Дәурен мен Айдар Түркістаннан бақ сынады. Бірақ, екеуіне де ел сенім артпай жоғары нәтижеге жете алмады. Облыстық мәслихаттың тағы бір депутаты Саттар Қуашбаевтың қызы Динара Қуашбай (Төлеби ауданында мектеп директоры) праймеризге облыстан қатысуға өтініш тастаса, ұлы Дулат Қуашбай (өздерінің жекеменшік колледжінде директордың орынбасары) Шымкенттен бақ сынап жатқанын, сондай-ақ, экс-мәжілісмен Розақұл Халмұрадовтың ұлдары Шавкат пен Шамхат Халмурадовтардың додаға Сайрам ауданынан қатысып жатқанын бұған дейін де жазған едік. Аталған кандидаттар көштің орта белінде, тіпті ортадан да төмен жүр. Осылайша депутаттықтың қызығын көрген адамдардың перзенттерінің депутат болсақ деген талпыныстары бірінші сынақта онша сәтті бола қойған жоқ, дегенмен бәрі уақыттың еншісінде.

Қайрат Балабиев.jpg

Қайрат Балабиев

Ал облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиевтің ұлы Нұрсұлтан Балабиев Шымкент қаласы Абай ауданынан бақ сынап, 65 пайыз дауыс алу арқылы жасы үлкен ағ а-әпкелерін басып озып ел күткендей «айды аспанға шығарды». Кезінде облыс әкімінің бірінші орынбасары болған, қазір Мәжіліс депутаты Берік Оспановтың інісі Ерік Түлкібастан додаға ат қосып тәп-тәуір көрсеткішке жеткеніне көпшілік куә болды. Өмірден өткеніне көп бола қоймаған облыстық мәслихаттың депутаты Мұрат Тағаевтың ұлы Бақтияр Ордабасыда үздік төрттіктен көрінді. Бұл ауданда көш бастап тұрған, облыстық мәслихат депутаттығының мандатын екі-үш қайтара иеленген   Қайнар Абасовты Мәжіліске барады дейді, рас болса... Бұған дейін інісі Ермек Абасов мәжілісмен болған еді. Інісінің жолы ағасына бұйырып жатса, қанекей!  

Шымкент пен Түркістанда депутат болуға лайық нәзік жандылар кімдер?
«Нұр Отанның» праймеризіне түскен жұлдыздар депутат бола ала ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу