Тасқыннан зардап шеккендерге өтемақы төлене ме?
Мақтаарал ауданында су тасқыны кезінде қауіпсіз аймаққа көшірілген әр тұрғынға бір реттік өтемақы төленуі мүмкін. Осындай ұсынысты бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев үкімет отырысында жасады деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
- Су елді мекендерден кеткен соң үйлерге кіріп, келтірілген шығындарды есептеуіміз қажет. Содан кейін комиссиямен бірігіп үйлерді қалпына келтірудің жолдарын қарастыру қажет. Ол үйлерде әртүрлі мүліктер қалды. Ол мүлікке нақты қандай зиян келгенін есептеу қиын. Сондықтан Арыстағы тәжірибеге сүйене отырып мүліктің шығынын өтеу үшін су тасқыны кезінде эвакуацияланған әр тұрғынға өтемақы беру қажет деп ойлаймын. Апат кезінде 7 мың гектардан астам егістікке шығын келді. Оны да өтеп беруге көмектесуіміз керек,-деді Шөкеев. Облыс басшысы өтемақының көлемін алдын ала есептеу қажеттігін айтты.
Естеріңізде болса, былтыр Арыстағы әскери қоймада болған жарылыстан зардап шеккен әр тұрғынға 100 мың теңгеден өтемақы берілген болатын.
Осы Үкімет отырысында айтылған мәліметтерге қарағанда төтенше жағдайдың салдарынан Мақтаарал ауданында 845 тұрғын үйді, 3 мектепті, 5 бала-бақшаны, 4 медицина нысаны мен 1 мәдениет үйін, 10 дүкенді су басты. Су Жеңіс ауылындағы көпірді және республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар 54,7 шақырым автожолдарды шайып кеткен.
Мамандардың айтуынша, тасқын судың деңгейі түсе бастаған.