Ардагерлерге сый-құрмет неге ала-құла?

Oinet.kz 29-04-2020 1123

Screenshot_16.jpg

75 жылдық қарсаңында Түркістан мен Шымкент екеуін қоса есептегенде  көзі тірі қалғаны 80 майдангер ғана екен, мұның ендігі 80 жылдыққа дейін қаншасы аман қалар, қалмасын тек бір Алла біледі 

Коронавирус індетінің таралуына жол бермеу үшін жарияланған төтенше жағдай, шектеу шаралары Ұлы Жеңістің 75 жылдығын лайықты деңгейде атап өтуге мүмкіндік бермей отыр. Әйтпесе биылғы Ұлы Жеңіс мерекесінің жөні бөлек еді. Келесі мерейтойлық 80 жылдықта облыста Ұлы Отан соғысында от кешкен майдангерлеріміз болады ма, болмайды ма? Оны  бір Алла ғана біледі. 

Ақиық ақын Мұқағалидің «қариялар азайып бара жатыр» деген жыр жолдары осыдайда  еске еріксіз түседі. Иә, расында да  ардагерлер азайып бара жатыр. Соңғы жылдары олардың қарасы  тіптен селдіреп қалған. Осыдан он жыл бұрын Ұлы Жеңістің 65 жылдығында Оңтүстік Қазақстан облысында (бүгінгі Түркістан облысы мен Шымкентте) соғысқа қатысқан қариялардың саны бір жарым мыңға жуықтаған екен.  Біздің қолымыздағы мәлімет бойынша Түркістан облысы мен Шымкентте бүгінгі күні 80 соғыс ардагері бар (оның 40-ы Түркістан облысында).  Соғыс ардагері қалмаған ауылдардың қатарына енді аудандар қосыла бастады. Келес, Шардара, Отырарда бүгінгі күні көзі тірі бірде-бір соғыс ардагері қалмапты. 80 жылдыққа 80 ардагердің қаншасының жететіні де бір Аллаға ғана аян. 1945 жылы, сол кезде қылшылдаған 17-дегі жауынгерлердің өздері бүгінде 92-93 жасқа келді. Енді бес жылдан кейін олар жүзді алқымдайды екен. Ал жүз жасқа екінің бірі жете бермесі жасырын емес.

 Майдангерлерді көзі тірісінде құрметтегенге не жетсін? Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында біз облыстағы, Шымкент қаласындағы ардагерлермен хабарласып,  хал-жағдайларын сұраған едік. Түркістан қаласында тұратын Ұлы Отан соғысының  ардагері  Немет Әбдрасілов 1-гвардиялық артиллериялық дивизия құрамында нысанашы, зеңбірек командирі болған. Денсаулығына байланысты қарияның өзімен тілдесу мүмкін болмады. Кіші ұлы Елмұраттың айтуынша, құлағы нашар еститін атасына әкімдіктегілер есту қондырғысын алып береміз деген уәделері орындалмай көптен бері сағызша созылып келеді. Апырай,ә нәйеті құлақ есту қондырғысын алу соншалықты сағызша созатын тірлік пе? Бүгінде облыс орталығы Түркістан қаласында Ұлы Отан соғысына қатысқан бар-жоғы 4 ардагер ғана қалған екен. Бар-жоғы төртеу ғана.  

Немат қария Украина, Беларусь майдандары мен Сталинград, Курск шайқастарына қатысқан. І дәрежелі «Отан соғысы», ІІ және ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, екі «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» сынды медальдармен марапатталған. Былтыр мамырда қарияның шаңырағында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы болып, Жеңіс күнімен құттықтаған. Даңқ ордендері жауынгерге майдан даласында көрсеткен ерекше ерлігі үшін берілген. Соғыстың басынан бастап аяғына дейін қатысқан Немет ақсақалды қалай ардақтасаңыз да, қалай бағаласаңыз да жарасады. Алайда бүгінде майдангер биліктің назарынан тыс қалып кеткен сияқты. 

- Жалпы кейінгі кездері әкімдік ардагерлерді мүлдем ұмыт қалдырған сияқты. Кейбір аудандарда пәтер, көлік беріліп жатыр дегенді естиміз. Ал Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен, қаншама орден-медалдармен марапатталған әкемізге мемлекет тарапынан ондай көмектер берілген емес. Тым құрыса арзан бір көлікті мінгізсе де риза болып қалар еді. Соғысқа қатысқан ардагерлер қашанға дейін жүреді дейсіз,-деді майдангердің ұлы Е.Әбдрасілов. 

Әрине, бұл майдангердің ерлігін міндет қылу емес.  Дегенмен Даңқ ордендерінің иегері, жасы жүзге келген Немет Әбдрасіловқа құлаққа ілетін бір есту аппаратын алып бере алмаған биліктің қамқорлығына қарныңыздың ашатыны рас. Мереке қарсаңында    Түркістан облыстық және Түркістан қалалық әкімдігі осы мәселені назарына алады деген үміттеміз. 

Шыны керек, денсаулықтарының нашарлығынан майдангерлердің көпшілігімен сөйлесе алмадық. Мақтаарал ауданы Мырзакент елді мекенінің тұрғыны, соғыс ардагері  Сайтмұрат Күзжановпен ғана тікелей тілдесудің мүмкіндігі туды. Жасы 96-ға келген ардагердің әлі тың екендігі байқалды. Екінші Украина майданында, даңқты қолбасшы Рокосовский әскерінің құрамында соғысыпты. 

- Соңғы жылдары аяқ-қолымды қозғау қиындап қалды. Бірақ тамағым жақсы. Алла қаласа, мынау індетті де жеңеміз. Құдай сол күнге жеткізсін. Кейінгі жастардың денсаулығы зор болсын. Мемлекетімізден ынтымақ, бақ-береке кетпесін. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын,-деді бізге батасын берген ақсақал. 

Ардагерлер ескерусіз қалып жатқан жоқ. Биыл 75 жылдыққа орай Түркістан облысында  Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне 1 миллион  теңгеден берілмек. Тыл еңбеккерлері, қаза болған жауынгердің жесірлеріне ( 8251 адам) – 30 000 теңгеден,

блокадалық Ленинградтың тұрғындары, концлагерьлердің бұрынғы тұтқындары (2 адам)  60 000 теңгеден беру көзделіп отыр.  Облыстық әкімдіктің бізге берген мәліметіне қарағанда, бір реттік материалдық көмек 8293 адамға ұсынылады. Оның жалпы көлемі 40 247,8 миллион теңгені құрайды.

Алайда ардагерлерді  ардақтау беріліп жатқан материалдық көмекпен немесе ақшамен өлшенбейді. Көмек тек Жеңіс күні қарсаңында ғана көрсетілмесе керек. Өкінішке қарай, әкімқаралардың арасында осылай шолақ ойлайтындар аз болмай тұр. 

Осы орайда қайбір жылы Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатовтың бастамасымен  аудандағы көзі тірі алты ардагерге «Нива» көлігі табыс етілгені еске түседі. Ардагерлерге баспана беріп жатқан аудан, қалалар да жоқ емес. Алайда барлық өңір майдангерлерін алақанына салып мәпелеп отыр деуге болмайтын сияқты. Ардагерлерге деген сый-құрмет неге ала-құла? Ұлы Жеңістің 75 жылдығында онсыз да қатары сиреп қалған ардагерлерге әкімдер қандай құрмет көрсетеді? Ендігі 80 жылдыққа дейін Түркістан мен Шымкент екеуін қоса есептегенде қалған 80 ардагерден 80 жылдыққа дейін қаншасы аман қалар,қалмасын бір Алла ғана білетінін атқамінерлерге қайталап қадап айтып қойсақ артықтық етпес.    

Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары Ұлы Отан соғысына деген көзқарас өзгерді. «Ұлы жеңіс» деген сөз біреулерге түрпідей тиетін дәрежеге жетті. Жалпы тарих дегеніңіздің құбылмалы дүние екендігі рас. Бүгінгі құндылықтардың құны  ертең көк тиын болуы мүмкін. Тарихтағы оқиғаларды идеологияның құралына, дәлірегі құрбанына айналдыру оп-оңай болып қалды. Саясаттың араласпайтын жері жоқ. Бірақ ақиқат, шындық бәрінен қымбат. 

Аталарымыздың осыдан 75 жыл бұрын  адамзатты фашизмнің шеңгелінен құтқарып қалғаны ақиқат. Осы қырғынға қазақ жерінен бір жарым  миллион жауынгер аттанып, әрбір екіншісінің майдан даласында құрбан болғаны шындық. Олардың Отан қорғау жолында жанаямай соғысып, мұз жастанып, қар жамылғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Тылда миллиондаған жан жеңіс үшін күндіз-түні еңбек етті. Осы соғыста неміс басқыншыларынан басым түсуіміздің  ең басты себебі осы тылдың мықтылығы еді. Осыншама жанкешті еңбектің,  жан аямас ерліктің арқасында келген жеңісті түкке алғысыз ету, саясаттың қанжығасына байлап бере салу, алдымен сол батыр бабалардың рухының алдында кешірілмес күнә болар еді. Бұл жағы енді өз алдына бөлек әңгіме. 

Майдангер 8 жанмен бір бөлмелі пәтерде тұрады
Тасқыннан зардап шеккендерге өтемақы төлене ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу