Майданнан 10 ұлы да аман оралған ана
06-01-2024
Көзі қарақты, санасы ояу оқырманның ойына оралтып қоялық, биылғы ақпанда Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі Абзал Әліқұловтың есебінде Ұлы Отан соғысының ардагері Қаражан Естемесовтың немере келіні сөз алып, жергілікті билікке өкпе-ренішін білдірген болатын.
– 2017 жылы атамыздың сол жақ жамбасының ұршығына, 2019 жылы оң жақ жамбасының ұршығына ота жасалды. Ешқандай көмексіз, жәрдемақысыз өзіміз ота жасатып, бүгінде үйде төсекте жатқан атамызға бір жыл бүрын қоларба сұрадық. Сыртқа шығуға, таза ауа жұтуға. Бір жыл болды, ол да қараусыз қалып жатыр. Керекті құжаттарды дайындадым. Маған «собез» балдақ берді. 99-ға келген атамның онымен жүріп-тұруға күш-қауқары жоқ. Оның үстіне бір бөлмеде 8 жан тұрамыз. Атамыздың өтініші бойынша үй мәселесін шешіп берсеңіз,-деген болатын сөз алған келіншек. Сол жолы аудан әкімі Абзал Әліқұлов қарияның жағдайымен арнайы барып танысуға уәде берген.
Өткен аптаның соңында біз Қаражан ақсақалдың немересі Самат Естемесовпен сөйлесіп, қоларба мен пәтер мәселесінің қалай шешілгенін сұраған едік.
Немересінің айтуынша, аудан әкімі Абзал Әліқұлов уәдесінде тұрып, қарияның жағдайын арнайы сұрап келіпті. Тіпті демеушілердің көмегімен қоларба әкеліп берген. Қызық болғанда осы жағдайдан хабардар болған қаланың әлеуметтік салаға жауап беретін мамандары артынша қарияға екінші қоларба табыс етіп, «ұялған тек тұрмастың» керін келтіріпті. «Егер қоларба қарияға тиесілі болса, онда ол неге уақытында берілмеген?» деген заңды сұрақ туындайды. Бәрі де сол салғыртыққа барып тірелетін сияқты. Шымкентте соғыс ардагерлеріне көрсетіліп жатқан көмекті айтқанда шенеуніктердің танауларының телпектей болатыны рас. Бірақ іс жүзінде бәрі бос сөз сияқты. Соғыс ардагеріне бір қоларбаны уақытында тауып бере алмай масқара болған Шымкент қалалық әкімдігінің, дәлірегі қалалық «собездің» тірлігіне не дейсіз? Айтпақшы, немересінің айтуынша, ақыр аяғында екі қоларбаның қажеттілігі болмағандықтан оның біреуі мешітке беріліпті. Ал баспана мәселесі осы уақытқа дейін шешілмеген.
-Атамызға 2011 жылы бір бөлмелі пәтер берілген. Қазір осы пәтерде 8 жан тұрамыз. Соны үш бөлмелі пәтерге ауыстыру мәселесімен қаланың әкіміне кірген едік. Алайда баспананы кеңейту жағы заңда қаралмаған болып шықты. Әкімдер «мәселені демеушілердің есебінен шешуге болады» деген. Алайда әзірге жағымды жаңалық жоқ. Оның үстіне тұратын баспанамыз бұрышта болғандықтан төбесінен су ағады. Қазір су өткен пәтерімізде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз,-деді С.Естемесов.
Соғыс ардагері бір бөлмелі пәтерде 8 жанмен тұрады. Өзі мүгедек. Оның үстіне пәтердің бір бұрышынан су өтеді. Қаратау ауданының әкімі Абзал Әліқұлов осы жағдайды өз көзімен көрген соң, ардагердің басындағы қиын жағдайға көз жеткізген соң бір әрекет жасауы тиіс еді. Алайда не Қаратау аудандық әкімдігі, не қалалық әкімдік тарапынан ешқандай қозғау жоқ сияқты.
Шенеуніктер «мәселені демеушілердің есебінен шешуге болады» деген екен. Ендеше шешілетін мәселені кешеуілдетудің не қажеті бар.