Сапарбаев Тараздың әкімін жерден алып жерге салды
Тараз қаласының әкімі қызметіне былтыр желтоқсанда тағайындалған Айтқазы Қарабалаевты ел іскер басшы, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары шенеунік ретінде біледі. Қызметтік тәжірибесі де жеткілікті. Бір емес екі ауданға әкім болған. Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымын атқарған. Облыстық басқармаға да жетекшілік жасаған. Ылғи қайнаған тірліктің ортасында жүретін Қарабалаев туралы жалпы елдің пікірі де жаман емес еді. Сөйтсек, облысқа Бердібек Сапарбаев әкім болып келгелі Айтқазы Қарабалаевтың арқа басы кеңіп, көзі ілініп кеткен екен.
- Тараз әкімдігі қалғып отырады, қашан оянатыны белгісіз, - деді Бердібек Сапарбаев жуырда облыс әкімдігінде өткен жиында. Естеріңізде болса, жуырда үкімет бірінші тоқсанды қорытындылады. Былтыр республикада екінші орын алған Жамбыл бұл жолы соңғы орындардың бірін иеленгенін біз өткен нөмірлеріміздің бірінде жазған едік. Сапарбаевтың айтуынша, облыста әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің орындалмауы Тараз қаласы әкімдігінің қызметімен байланысты болып отыр. Оған мысал ретінде бюджеттік салық түсімдерінің қысқарғанын атап өтуге болады.
- Тараз қаласының әкіміне адамдардың қажеттіліктерін ескере отырып, маршруттарды жүйелендіру, жаңа, сыйымды автобустар сатып алу мәселесін шешу, электронды билеттендіру мен GPS-бақылауды енгізу бойынша тапсырмалар жүктелген болатын. Өкінішке орай, әлі күнге бірде - бір тапсырма орындалмады, - деді Бердібек Сапарбаев.
Тағы бір мәселе – Тараздың Абай, Қойгелді, Бейбітшілік және басқа да орталық көшелеріне қатысты болып отыр. Оларды жөндеу жұмыстары наурыз айында басталу керек болғанымен, жоспар орындалмаған. Оған не кедергі болғаны белгісіз.
Облыс орталығын санитарлық тазалау жұмыстары да сын көтермейді, қаланың әр бұрыштарында қоқыс үйінділері жиналып қалған.
- Күн сайын бізге ашық люктерге қатысты 5-6 хабарлама түседі. Оған кез келген уақытта, әсіресе түнде бала да, ересек адам да құлап кетуі мүмкін. Мұндай салғырттық адам өліміне әкеліп соқпасына кім кепіл, - деді өңір басшысы.
Қалалық билік Тараз қаласының орталығына таяу маңдағы сақалды құрылыс мәселелерін әлі күнге шеше алмай отыр. Құрылысы тоқтап тұрған нысандардың иелеріне өз міндеттемелерін орындау бойынша тиісті шараларды қабылдауға неге қауқарсыз?
- Қызыл сызыққа қатысты талаптарының бұзылуы әдетке айналды. Құрылыс нысандары тротуарлардың үстіне шығып, қарапайым адамдардың қозғалысына кедергі келтіруде. Сондықтан халықтың наразылығы түсінуге болады. Аялдамалардың жай-күйі де көңіл толмайды. Шатыр соғып, адамдарға ыңғайлы орындықтар орнату соншалықты қиын жұмыс па? Мен бұл туралы қала әкіміне бірнеше рет айтқанмын. Бірақ ештене өзгерген жоқ. Мұның барлығы – жауапты тұлғалар тарапынан бақылаудың жоқтығынан, - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Арықтардың бәрі бітелген, көптен бері су ағудан қалған. Бір кездері Қазақстанның ғана емес, бүкіл Одақтың ең жасыл қалаларының бірі болған шаһар бір кездегі даңқын жоғалтты.
Өз кезегінде Айтқазы Қарабалаев білікті кадрлардың жоқтығын алға тартты.
- Кадр мәселесін әкім шеше алмаса, кім шешеді? Бес ай бойы орынбасарын сайлай алмайтын ол қандай басшы? Сізге тұрғын үй секторы немесе құрылысты жақсы білетін адамды табу керек дедім. Бүгін 25 сәуір. Ақша бөлінді, бірақ әлі күнге орталық көшелерді жөндеуге кіріспей отырмыз, неге? Жұмыс істегісі келетін адам мүмкіндік іздейді. Істегісі келмеген адам себеп іздейді. Азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру және тұрақтандыру қорының мүмкіндіктерін пайдалану бойынша жұмыстар жүргізілмеуде. Мобильдік топтар да өздеріне жүктелген функцияларды орындап отырған жоқ. Келесі мәселе – білім беруге қатысты. Неге балалар 1874 жылы салынған ғимаратта оқуы тиіс? Неге жаңа мектеп салу туралы ұсыныстарды көтермейсіз? Барлығы үшін әкім жауапты. Егер нәтиже болмаса, сізге ешқандай уәде берудің қажеті жоқ, - деді аймақ басшысы.
Жалпы Бердібек Сапарбаевтың облыс орталығының әкіміне шүйлігуді әдетке айналдырған сияқты. Оңтүстік Қазақстан облысының тізгінін ұстаған жылдары Шымкенттің әкімі Төретай Бекжігітовпен тіл табыса алмады. Екіарадағы тектерістен кейін қала әкімі қызметінен кетті. Шығыс Қазақстан облысына барғанда жергілікті кадрларға көңілі толмай, шымкенттік Ислам Әбішевты Өскемене қаласының әкімі етіп тағайындады. Ақтөбеде барған бір жылдың ішінде облыс орталығының әкімін екі рет ауыстырды. Өзі тағайындаған Бекбол Сағынды жарты жылдан кейін ит терісін басына қаптап өзі алып тастады. Б.Сағынның орнын Оңтүстікте шыққан кадр Ільяс Испанов басты.
Айтқазы Қарабалаевты да осындай тағдыр күтіп тұрған сияқты. Ол Тараз қаласының тізгінін ұзақ ұстап тұра алмауы мүмкін. Ал босаған орынға Сапарбаев кімді алып келеді? Тағы да Оңтүстіктен шыққан кадрларға таңдау жасай ма?