Жол-көлік апатына түскен Еркін Нұржановтың халі қалай?

Oinet.kz 24-07-2009 1892

Screenshot_9.jpg

Еркін Нұржанов, әнші:

- Еркін, көлік апатынан кейінгі жағдайың қалай?

- Аллаға шүкір, бәрі жақсы. Аяққа тұрып, аман-есен шауып жүрмін. Қазір ауылда ата-анамның қасында аздап еркелеп, демалып жатқан жайым бар.  Тек әлі күнге өкінерім, Нәбидің арамызда жоқтығы.  

- Оқыстан орын алған оқиға жайлы не айтасың? Өлер адам өзгеше болады дейді ғой. Нәбидің  бойынан  қандай ерекшеліктер  байқадың? 

- Иә, «қазақ айтса қалт айтпайды» деген рас екен. Нәби шынында да соңғы кездері нұрланып, көңілденіп басқаша болып жүретін. Пендеміз ғой, ондай өзгерістерге көңіл бөлгенім жоқ. Осы сапарға шықпас бұрын «Қапшағайға барып демалып қайтайық, жаз басталғалы суға шомылмадық қой» деп, әншілер арасында керемет демалыс ұйымдастырған еді. Қызылордадағы тойдан шыққан соң жолда келе жатып қашан да жанынан тастамайтын жары Жазираны  екінші көлікке  отырғызып, менің бөлем Дамир, Нәби үшеуміз бір  көлікке жайғастық. Жолда  келе жатып  Нәбидің «Туған жер» туралы әнін тыңдап, мен өз ойымды білдірдім. Бұл ән шынында да тамаша шыққан ерекше әндердің бірі. Ол өзінің осы әнін бірінші рет тыңдап отырғандай болып, қайта-қайта әуесі кетіп, тыңдай берді. Осылай әп-әдемі болып келе жатқанда менің ұйқым келіп артқы салонға жаттым. Көзім ілініп кетіпті. Есімді жиып, көзімді ашсам көлік апатына ұшыраппыз. Жедел жәрдем мені әкеткелі жатыр екен. Шынымды айтсам, апаттың қалай орын алғанын білмеймін.  Содан Шиеліде, онан соң Шымкенттегі облыстық ауруханада 2 аптадай уақыт  емделіп шықтым. Бәрі де Алланың әмірімен болған оқиға деп түсінемін.


- Апат айтып келмейді. Ауруханада жатқанда қандай нәрселерді ойға алдың?

Әрние, адам баласы қиналғанда бірінші Алланы еске алады ғой. Тәубама келіп,  жаратқанға әлі де көрер жарық сыйлағаны үшін шүкіршілік еттім. Одан соң ата-анамды еске  алдым. Олар үшін өз баласының  қиын жағдайға душар болғанынан артық  қиындық жоқ шығар. Оның үстіне, дәл сол сәтте анамның денсаулығы да нашарлау  еді. Ұлының ауыр халде жатқанын естіп, тіпті Шиеліге келіп жағдайымды білуге мүмкіндігі жоқ болатын.  Осыны ойлағанда ет жүрегім езіліп, өзім де қатты қиналдым. 

- Автокөлікті жүргізіп отырған бөлеңіз Дамирдің жағдайы қалай? 

- Қазір жаман емес. Оның да беті бері қарап, денсаулығы біршама түзеліп қалды. Қолдан келгенше көмегімізді аяп жатқан жоқпыз. 

- Қиын сәтте жаныңыздан «Жігіттер квартетіндегі» достарыңыз табыла білді ме?

- Әлбетте. Оқиғаны ести сала ертеңіне төртеуі де ұшақпен Қызылордаға  ұшып келіп, жағдайымды біліп, қасымда  болып қайтты. Жігіттерге рахмет, қиналған сәтімде қол ұштарын созып, сөз жәрдемдерін бергендеріне. Ал, Ерғали ағамыз сол жігіттер арқылы жағдайымды естіп жатыр екен. Олардан бөлек өнердегі барлық  достарымыз, таныстарымыз жақын ағайын-туыстарымыз қасымнан табылып,  көмектерін аяған жоқ.  Барлығына да шексіз ризамын. 

- Осы оқиғадан соң ел арасында  «Еркін Нұржанов қайтыс болып кетіпті», «Еркіннің аяғы сынып қалыпты. Енді сахнаға шыға  алмайды екен» деген сынды қауесет сөздер тарап кетті. Алғаш естігенде қандай сезімде болдың?

- (Күліп.) Енді, осындай қиын апаттан аман қалу шынында да сенгісіз жағдай. Бәрі де Алланың қолында екенін ұмытпағанымыз дұрыс шығар. Елден осындай сөз есту  кімге болса да ауыр тиетіні рас.   Дегенмен, мұның өзі халықтың маған деген ықыласы шығар деп білем. Себебі, мені тек сахнадан немесе көгілдір экраннан ғана көріп, өнеріме тәнті болып  қайғырып, уайымдап жүрген  жандарға қалай ренжимін? Мұндай сыбысты таратқан адамдар өз жазасын ала жатар. Ал, осыны естіп, ет жүректері езілген менің сүйікті  тыңдармандарыма ешқандай өкпе–назым жоқ. Керісінше айтарым, мен  аман-есенмін. Мұндай өсек аяңдарға сене  бермеңіздер.  Алла бұйыртса, жақын күндері сахнаға жаңа әндеріммен қайта ораламын дегім келеді. 

«Маған салса ертең-ақ үйленер едім»

- Көлік апатына дейін Шымқаладан еңселі үй алып, астыңдағы  көлігіңді ауыстырғаныңды білеміз. Бұл ненің белгісі? Сенің отбасын құруға  деген дайындығың ба, жок  әлде....

Иә, солай деп айтсам да болады. Негізі, отбасын құруды басты жоспарға енгізгеніме көп болды. Бірақ, ата-анамның көңілінен шығып, соларға қарайтын ойымдағы қазақтың қарапайым қызын кездестіре алмай жүрмін.  Сондықтан бұл ойым әзірге жүзеге аспай отыр. Үйде ата-анам  күнде маза бермей  үйлен деп қоймай жатыр. Маған салса ертең-ақ үйленуге дайынмын. Әттең, арманымдағы аруымның әлі күнге жолықпай жүргені. 

- Дегенмен, Еркіндей сері  жігітті екі рет естен тандырған арулар кімдер болды екен? Екі рет ыстық сезімге бөленген  махаббатың жайлы айтып берсең?

(күліп алып.) Негізі, сіздерден ешнәрсе жасыру мүмкін емес шығар, сірә. Бұл сұрақты бұрын соңды ешкім қоймаған еді. Қызық болып тұрғаны. Алғашқы махаббатым Ақбота есімді ару болатын. Ол кішкентай кезімде 5-6 сыныптағы алғашқы бала махаббат қой. Сол қызға ғашық болып, үлкен адамдарша есім кеткен болатын. Кейіннен Ақбота  отбасымен бірге Тараз қаласына көшіп кетті. Сонымен арамыздағы байланыс үзілді. Ал, екінші махаббатты  ес жиып, жігіт болып жалындап тұрған студенттік шағымда өткердім. Гүлназ есімді аруға өте қатты ғашық болдым. Мен үшін одан асқан сұлу, ақылды, ибалы да инабатты қыз жоқтай көрінетін.  Белгілі себептерге байланысты арадағы байланыс үзіліп, Гүлназ  тұрмысқа шықты. Осылайша екеуміздің  жолымыз екіге айырылды. Менің сезімімді оятқан екі аруда бүгінде отбасылы, балалы-шағалы.  Содан бері махаббатқа тұрақты өзімнің екінші жартымды іздеумен келемін. 

Ал, репертуарыңдағы «Ақерке жаным», «Қызғанамын» сынды әндерді кімге арнағансың?

«Қызғанамын» деген әннің сөзі өзімдікі. Бірақ, ол жеке бір қызға арналған деп айта алмаймын. Мен мұны армандағы аруға теңеп шығарғанмын. Онда қыздың тәкаппарлығы, жігітті менсінбеушілігі, өзін жоғары ұстауы туралы сөз қозғағанмын. Ол менің арманымдағы аруым дәл сондай болса екен, біздер - жігіттер соған бас иіп, ғашық болсақ деген сынды ниеттен туындаған ән. Ал, «Ақерке жаным» - бұрыннан келе жатқан көше әні. Оны өзгертпей халыққа өңдеп, жаңаша үлгісін ұсынғым келді. Сондай-ақ, әннің сөзінде айтылғандай «ақ ерке» деген сөзді мен барша қазақ  қыздарына арнаймын. Әрдайым  аппақ,  кіршіксіз таза болып, ер жігіттердің еркесі болып жүре берсін дегім келеді. Осы ойларымды әндеріммен халыққа жеткізе алдым-ау деп ойлаймын. Бірақ, ел арасында көбіне түсінбей, «Еркінді қызы қарамай тастап кетіпті» немесе  «біреуге өліп-өшіп ғашық болыпты» деген  қауесеттер көп.  Оның барлығы өтірік. 

Сенің орындауыңдағы әндердің басым көпшілгі  мұңды  лирикалық әуендер. Бұл бағыттағы әндерді не себепті  таңдайсың? Оның алдында айтып өткен махаббаттарыңа қатысы бар ма?

Әр әншінің өзіндік орындау шеберілігі мен репертуарындағы әндерінің ерекшеліктері бар. Оның бәрі келіп талғамға саяды.   Менің табиғатым лирикаға жақын болғандықтан шығар, осындай әндерді орындағым келеді. Сазгерлер мен ақындар да маған терең ойлы, мағыналы сөздермен өрнектелген лирикалық әндер қажет екенін біледі. Егер осындай дүние туындай қалса әуелі  маған хабарласып, тыңдатып жатады. Ұнаса бірден келісімімді беріп, жұмысқа кірісемін. Ал, бұл әндердің әуені мен сөздерінің маған ешқандай қатысы жоқ. Мен тек орындаушы ғанамын.  

Продюсерің кім?

Қазір менде продюсер деген жоқ. Бірақ, көмектесіп, қолдау көрсетіп жүретін, әрдайым жанымнан табылатын ұйымдастырушым бар. Есімі - Радж Айтымбетов. Ол менің досым. Қиналсам да, қуансам да үнемі қасымнан табылады. Оның есімін атап өтпеске болмас деп ойлаймын. 

«Айнам-ау» деген әніңе бейнебаян түсірген болатынсың. Бірақ, оны  көгілдір экраннан көре алмадық.  Себебі неде?

«Қазақстан синема» студиясымен бірлесіп бейнебаян түсіргенбіз. Бірақ, көңілім, толып, ойдағыдай болды деп айта алмаймын.   Мүмкін, сценарий дұрыс болмады ма, әлде ойдағыдай түсіре алмады ма, онысын білмедім.   Сол себепті айналымға бермедім. 

- Алдағы уақытта  қандай жоспарларың бар?

Жоспар өте көп. Ауырып жатсам да қарап жатқан жоқпын. Ақын сазгерлермен байланысты үзбей,  жаңа  4 әнді қоржынға қосқалы жатырмын. Сонымен қатар, танымал ақын Әбілда Аймақтың сөзіне жазылған Жарылқасын Дәулеттің «Қайтер едің» әніне бейнеклип түсіруді басты назарға алып отырмын. Алла бұйыртса,  халықтың алдына осы жаңа клипімнің тұсаукесерімен бірге шығатын шығармын. 

- Сен апатқа ұшырағанда тілеуіңді тілеп, өздері бірге болмаса да тілегі бірге болған тыңдармандарыңа не айтасың?

Рахмет сіздерге! Алла разы болсын! Сіздер сияқты тыңдармандарым, қолдаушыларым барда мен секілді ұлдарыңыз әсем әндерін әуелете шырқаудан жалықпайды.  Елдің еркесі екенімді енді ғана сезіндім. Біреу сені уайымдап, іздеп жатса оның өзі бір бақыт екен. Шаңырақтарыңыздан  шаттық, отбасыларыңыздан құт-береке, ырыс-ынтымақ  кетпесін. 

Әңгімелескен Гүлнұр Абидиллақызы

Нұрлан Сейітжаппаров: "Бірбеткей мінезімнен көп қиындық көрдім, пайдасы да болды"
Иманәлі Байдәулет: "Бүгінгі зиялыларға мінез жетіспей жатқан сияқты"
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу