Торығу мен ұйқысыздықтың алдын алатын терапия – массаж

Oinet.kz 09-12-2017 1416

Бүгінгі медицинаның мүмкіндігі де, жаңашыл түрі де өте көп. Алайда, адам баласы жер бетінде пайда болғалы емдеу-сауықтырудың бір түрі байырдан қолданып келе жатқанын айта кетуіміз керек. Ол – денедегі түрлі ауруларды уқалаудың, яғни массаждың көмегімен жазу. Бүгінгі таңда практикалық медицинада емдеу-сауықтыру жұмыстарында қосымша профилактика ретінде де қолданылатын массаждың адам ағзасына тигізер әсері өте мол. Әсіресе, күннен-күнге қаупі артып келе жатқан түрлі аурулардың алдын-алу мақсатында, әсіресе, торығу, ұйқысыздық, стресстердің алдын-алу үшін осы күні уқалаушы-маманның көмегіне жүгінетіндер өте көп. Осы орайда Алматы қаласында жиырма жылдан артық уақыттан бері массаж жасаумен айналысып келе жатқан кәсіби маман-дәрігер Манзура Тұрғанбайқызымен әңгімелесіп, массаждың қандай пайдасы бар, оны қандай маман жасауы керек деген сұрақтардың жауабын алған едік...   

Screenshot_3.jpg

– Ең алдымен уқалау немесе массаж дегеніміз не, оның адам ағзасын қалпына келтіруде қандай пайдасы бар деген сұрақпен әңгімемізді бастасақ...

– Денсаулықты күту мен сақтаудың ең байырғы тәсілі – уқалау арқылы емдеу дер едім. Оны медициналық емдеудің барлық сатысында қолданады. Уқалаудың көмегімен бұлшықеттерді қалпына келтіреді, түрлі жарақаттар алған соң ағзаның жұмысқа қабілеттілігін арттырады, май қабатын кетіреді,  тыныштандырады – айта берсек, бір сұхбатқа сия қоймас.Уқалау адамның физикалық қана емес, жан тыныштығын қалпына келтіруіне көмектеседі. Сондықтан да ол емдік-сауықтыру және аурулардың алдын-алу мақсатында спортта да кеңінен қолданады. Уқалаудың пайдасы өте көп. Ағзаның иммунды жүйесін нығайтады, теріні серпінді және жұмсақ етеді, қан айналымын жасқартады, тер және май бездерінің жұмысын белсендіреді, психоэмоционалды жағдайды жақсартады, ауырсыну сезімдерін басады, терінің сезімталдығын ұлғайтады, метоболизмді жеделдетеді, ісіктен арылтады, бұлшықеттерді қатайтады... айта берсек, уқалаудың пайдасы өте көп. 

Массаж тәнге де, жүйкеге де әсер ететін тұтас терапия. Ол қан және лимфаайналымына жақсы әсер етеді. Қан жүруін жылдамдату үшін ритмикалық мануалді қысым мен массаж қимылдарын қатар қолдану керек. Уқалаудан соң қанда өзгеріс болатыны анықталған. Массаж жасағаннан кейін қан айналымы 10% және 15%-ға артады. 

Уқалаудан соң ағзада көп сілекей, асқазан сөлі, және зәр бөлінетіні дәлелденген.Одан бөлек,массаждың көмегімен денеден тұз, азот, бейорганикалық фосфор көптеп сыртқа шығып кетеді. Яғни, уқалаудан соң заталмасу үдерісі жақсарады. Массаж жүйке жүйесіне де жақсы әсер етеді. Ол сонымен қатар адамның ішкі ағзасына да әсерібар. Ол ішкі ағзаны ретке келтіретін жүйкені тікелей және жанама түрде тітіркендіреді.

– Бүгінгі таңда массаж – түрлі ұйқысыздық, торығу, стресстегі адамдар үшін де пайдалы екені айтылады. Жалпы, қазір дүниежүзінде торығу, яғни депрессия өте кең таралып келе жатқан ауру түрі екені белгілі. Аурудың дәл осы түрімен ауыратындарды қазірден емдеп, жазбасақ, алдағы уақытта адамдардың көпшілігі депрессияның кесірінен жұмыс істеуге деген қабілетінен айрылып, көптеген елдердің экономикалық жағдайына кері әсерін тигізуі мүмкін деп, бұл аурудың әлеуметтік-экономикалық жағдайларға тигізер әсеріне де баса назар аударатындар көп. Маман ретінде аурудың бұл түрін массаж арқылы емдеп, жазуға болады деген оймен келісесіз бе?

– Әуелі, депрресия дерті жайлы айта кетсем. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы депрессия дертін күллі адамзатты жалмап бара жатқан эпидемия деп есептейді. Себебі белгілі, бүгінгі таңда адамның жұмысқа келмеуінің негізгі себебі ретінде дүниежүзі халқының көп бөлігі ең бірінші депрессияны атайды екен. Одан өзге, адамның жұмыс қабілетінен айыратын себептердің екіншісі себебі де осы – депрессия. Осы қазірден арнайы шара қолданбаса, 2020 жылдарға қарай әлемнің дамыған және дамушы елдерінің экономикалық өмірін депрессия тежеуі мүмкін деген де болжамдар айтылуда. Оны өзің де біліп отырсың. Бүгінгі таңда депрессия – жүйкені жұқартатын аурулардың ішіндегі ең көп таралған түрі. Бұл ауру түрімен әртүрлі жастағы 350 млн-нан аса адам ауырады. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамынша, инфекциялық және жүрек-қан тамырлары ауруын басып озып, 2020 жылдарға қарай депрессия әлемдегі бар аурулардың алдына шықпақ.

Енді осы жерде екінші бір, негізгі мәселені айта кеткім келеді. Біздің елде де, жалпы дүниежүзі мемлекеттерінде де, зерттеліп, анықталған бір дерек: депрессиямен ауыратындардың жартысына жуығы дәрігерге қаралмайды. Егер, аурудың осы түрімен ауыратындар алдын-ала дәрігерге қаралып, арнайы емдеу-сауықтыру шараларын жасаса, аурудың осы түрімен ауыратын науқастардың саны осыншалықты артпас еді. 

Иә, массаж түрлі стресс, депрессия, ұйқысыздық ауруларымен ауратын жандарға да көп көмектеседі. Бұл жағдайда ең алдымен адамның басын уқалау керек. Бұлшықеттердің жалпы босаңсуы және бастағы қанайналымының жақсаруы ми жұмысын жақсартып, жалпы ағзаның шаршауы мен тітіркенуі басылады. Одан өщге, денені босаңсытатын түрлі массаж түрлері бар. Оны да уақытылы және тұрақты алып тұрсаңыз, тәніңіз сергіп, жаныңыз жадырап қалатыны сөзсіз. 

– Массажды уақытылы және тұрақты алып тұру деп қалдыңыз. Жалпы, массажды қай уақытта және қанша уақыт бойы жасату керек?

– Кез келген массаж өзінің нәтижесін толық курстан өткен соң ғана береді. Ол әдетте, 7-8 не 15 сеансқа дейін созылуы мүмкін. 

Тұрақты және күн сайын жасалған массаж ғана терапиялық емдеу түріне жатады, 2-3 рет денеңізді уқалата сала ғайыптан жазылып кетермін деуге әсте болмайды. Дәрігерлер жазған анықтамаға сәйкес әр сенанс 20 минуттан 60 минутқа дейін созылады.

– Осы күні үйреніп алып, үйінде де массажды жасай беретіндердің қатары артып келеді. Бұл біріншіден, массаж мамандардың көмегіне сүйенетіндердің қатары артқанын білдірсе керек. Себебі, «сұраныс болмаса, ұсыныстың да болмайтыны» белгілі жайт қой. Массажды өздігінен үйреніп алғандардың санының артуы кәсіби уқалаушы-дәрігерлерге қаншалықты қауіпті?

– Массажды өздігінен үйреніп алғандардың көбеюі кәсіби мамандарға емес, ең алдымен тұтынушының өзіне қауіпті. 

Бүгін үйрене сала, ертең адамдарды уқалаудың көмегімен емдеп жіберем деу – өз жұмысыңа салғырт қарау деп айтар едім. Себебі, массажды енді үйреніп жүрген не болмаса өздігінен үйреніп алғандардың көмегіне жүгінем деп, жарақатыныңызды асқындырып алу не жүйке тіндеріне немесе бұлшықеттерге зақым келтіріп алу қаупі бар. 

Иә, массажды өздігінен үйреніп алып, айналасындағы адамдарды сергіту не бұлшықеттерді босаңсыту мақсатында уқалаудың еш артықтығы жоқ. 

Мәселен, өзіңіз үйде отырып, үйреніп алып, аяғыңызды ұқалау арқылы шаршау сезімін баса аласыз. Аяққа күні бойы күш түсетіндіктен қатты шаршайды. Әсіресе, биік өкшелі аяқ киімді ұнататын әйелдер қауымы аяқ шаршауынан қатты зардап шегеді. Осындайда табан массажы аяққа түскен күштен арылтуға көмектеседі дер едім. Рефлексология қағидаларына сәйкес, аяқ табандарында ағзаның дұрыс жұмыс жасауына жауап беретін негізгі нүктелер орналасқан. Аяқтарды уқалау сияқты қарапайым әрекет дененің әр түрлі мүшелеріндегі ауруларды ұмыттыруға көмектеседі. Айрықша аймақтарға әсер етудің арқасында ішкі органдарға қан ағыны келіп, денсаулыққа қатысты көптеген проблемаларды шешуге мүмкіндік береді.

Алайда, денедегі әрбір нүктені уқалау мен басудың өз тәртібі болатынын ұмытпауымыз керек. 

Әсіресе, аяғы ауыр әйелдерге, жүрегі ауыратын адамдарға және варикоз деп атаймыз ғой, сол ауру түрімен ауыратын адамдарға, қан қысымы жоғары адамдарға кәсіби маман болмаса, әйтеуір уқалауды білемін ғой дегендер, массаж жасамағаны дұрыс. 

– Уқалдаудың әр түрін айтып отырмасаңыз да, бүгінгі таңда жалпы көпшілікке керек-ау деген бір ғана түрі туралы айтып бере аласыз ба?

– Мәселен, логопедиялық уқалаудеген бар. Ол педагогикалық түзету жұмысында пайдаланылады. Сөйлегенде бұлшықеттерді жұмысының бұзылуы байқалған адамдардың эмоционалды жағдайын жақсартатын және сөйлеу аппаратының – қан тамырларының, жүйке жүйесінің, бұлшықет қалпын өзгертетін, сөйлеудің дыбысталуын қалыпқа келтіруге әсер ететінмеханикалық ықпал етудің белсенді әдісі.

Логопедиялық уқалаудың бұл әдісінің де түрі көп. Соның ішінде біздің елде көп жағдайда Е.Новикова әдісін қолданады. Бұл әдісте адамның білек және білезік аймағындағы, сөйлеу бұлшықеттерін зондпен уқалайды, ұсақ қол моторикасын белсенділеу және сөйлеуді жақсарту үшін пайдаланылады. Бұл әдіс дұрыс сөйлей алмайтын балаларға спастикалық қысымды түсіру, тілдегі және бет бұлшықетіндегі еріксіз жасалатын күшті қимыл-қозғалысты азайту үшін жүргізіледі. 

Бүгінгі таңда уқалаудың сан алуан түрі бар. Олардың әрқайсысын да үйрену үшін ұзақ әрі табанды түрде оқу сатысынан өту керек. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Қ.Серікқызы

Анестезия (наркоз) адам өмірін бес жылға қысқартады деген рас па?
Түгелбек Қасымұлы, веломарафоншы: «Адамға ой тазалығы керек екен»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу