Анестезия (наркоз) адам өмірін бес жылға қысқартады деген рас па?

Oinet.kz 09-12-2018 3626

Қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанда соңғы жылдары хирургия саласына көп көңіл бөлініп келеді. Дәрігерлеріміздің медицинасы дамыған мемлекеттерде білімдерін жетілдіріп, біліктіліктерін арттыруға, халықаралық тәжірибе алмасуларда кәсіби шеберліктерін шыңдауға ерекше мән берілуде. Соның нәтижесінде бүгінде елімізде бұрын мүмкін болмаған жүрек, бауыр, бүйрек трансплантациялау оталары сәтті жүзеге асуда. Мұндай оталар елдордамыз Астанада ғана емес, Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалаларында да жасалуда. Отандық медицинаның дамуы туралы айтқанда алдымен хирургтардың ауызға ілігетіні де осының бір айғағы екені анық. Десек те кез келген отаның анестезиологсыз жасалмайтынын отандастарымыздың барлығы бірдей біле бермейді. 

Сонымен, анестезиолог кім? Ол қандай қызмет атқарады? Дәрежесі қандай болуы керек? Неге азулы АҚШ-та жасалған дәрігерлік қателіктердің 80-90 пайызында анестезиологтар жауапқа тартылады? Қазақстанда бұл жағдай қандай? Осы және өзге де көптің көкейінде жүрген сауалдарды Астана қаласында орналасқан Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы анестезиология бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары дәрежелі анестезиолог-реаниматолог дәрігер Бақыт Жарқымбекоке қойған едік. 

Screenshot_2.jpg

– Бақыт Қалжешұлы, «кез келген сәтті отаның 40 пайызы анестезиологқа байланысты» деген пікір қаншалықты рас?

– Ота жасау деген командалық жұмыс, бір хирург пен анестезолог қана жасамайды.  Оған қатысатын мамандардың барлығы бір-бірімен тығыз әрекет етеді. Егер анестезиолог жұмысын дұрыс істемесе, хирург отаны сәтті аяқтай алмайды. Сол сияқты хирург өз ісін дұрыс білмесе, анестезиологтың қызметі зая кетеді. Анестезиологтың үлесі қанша екендігі отаның күрделілігіне не жеңілдігіне байланысты. Соған қарай әр кезде әрқалай болуы мүмкін. Сондықтан отаның 40 пайызы анестезиологқа қатысты деп кесіп айтуға болмайды. 

Науқастың ота кезінде ауырсынуын болдырмау, кейін асқынбауы, басқа жерінің қосылып ауырмауы анестезиологқа байланысты. Негізі анестезиолог өте білімді, жан-жақты болуы тиіс. Ол хирург та, гинеколог та, терапевт те, гематолог та, пульмонолог та  болуы керек. Науқастың отаға дейін аурудың бір анализі дұрыс болмай қалса, анестезиолог оны реттеудің жолын білуі қажет. Ол үшін қай жері қалай ауыратынынан хабардар болуы тиіс. Яғни, дәрігердің дәрежесі әріптестерінен жоғары болмаса, анестезиолог бола алмайды. 

– Сонда хирургтан гөрі анестезиологқа артылар жауапкершілік жоғары ма?

– Бізде науқас отадан шыққаннан кейін 2 сағаттан 6 сағатқа дейін ауырмауы керек. Осы аралықта жағдайы жақсарып, асқынулар болмай палатасына ауысса болды. Анестезиологтың жауапкершілігі осымен бітеді. Ал, өзім болған, медициналық сақтандыру жүйесі өте дамыған АҚШ-та – 78 сағат! Үш күннен алты күнге дейінгі аралықта асқынулар болса, анестезиолог жауап береді. Бұл мемлекетте медицинаға қатысты сот ісінің 80-90 пайызы хирургтің емес, анестезиологтың үстінен қозғалады. Мысалы, науқас қан жоғалта бастаса, соның маманын шақырып, анестезиолог сонымен бірге шешім қабылдау тиіс. Бірте-бірте бұл жүйе бізге де келеді.  Өйткені анестезиологқа көп нәрсе байланысты. 

– Негізгі жауапкершілік хирургта емес, анестезиологта болса, ота кезінде анестезиолог жетеклікшілік жасауы керек шығар...

– Мен олай дегенім жоқ. Олай болмайды да. Өйткені көп нәрседен хабары бар болса да анестезиолог ота жасамайды. Отадан кейін аурудың айығып шығуы анестезиолог пен реаниматологқа байланысты. Аппараттан алу, аппаратқа салу, палатада жатқанда қандай анализдерді алу керек, қандай медициналық тексеруден өткізу қажет, осының бәрін анестезиолог шешуі керек. 

– Қазақстанда анестезияның қандай түрлері қолданылады?

– Анестезияны үш топқа бөліп қарастырамыз, жалпы, аумақтық, жергілікті деп. Мұның бәрі еліміздегі ауруханаларда қолданылады. Ашығын айтқанда, Нью-Йоркте, Мәскеуде қандай анестезия жасалса, Қазақстанда да сондай анестезия қолданылады. Оларда қандай аппараттар бар болса, сондай медициналық жабдықтар бізде де бар. АҚШ пен Ресейде жасалатын оталарды бізде де өзіміздің дәрігерлер жасап жатыр. Мынау артық деген нәрсе жоқ.   

– Жалпы наркоз ше?

– Жалпы наркоз дегеніміз – жалпы анестезия...

– Тарқатыңқырап айтып беріңізші, қайсысы қай кезде қолданылады?

– Жалпы анестезия күрделі оталарда, трансплантацияларда қолданылады. Көбінде жасы егделеу кісілерге беріледі. Өйткені 60-ты алқымдаған адамдарда ота жасалатын жерінен басқа да органдары жұмыс барысында сыр беруі әбден мүмкін. Сондай жағдайларға жалпы анестезия қолайлы. Әсерімен адам ұйықтап, ешнәрсені сезбей қалады. Аумақтық анестезия аяққа, қолға ота жасалғанда белгілі бөлікті жансыздардыру, ауырсынуды болдырмау мақсатында егіледі. Ал, жергілікті анестезия шағын оталарда қолданылады. Оған мысал ретінде тіс емдеу үшін иекке егілетін дәріні айтуға болады.   

– Диагнозы анықталған сырқаттанушыға анестезия қалай таңдалады?

– Анестезиолог науқасты ота жасалардан кемінде үш күн, кейде 5-6 күн бұрын дәрігермен бірге бақылайды. Ауру тарихымен толық танысады. Жағдайын анықтайды. Сосын оған қандай аннестезия қолдану керектігі туралы шешім қабылдайды. Оны науқасқа хабарлайды. «Сізге осындай анестезия қолданылады, оған келісесіз бе?» деп сұрайды. Осылай отаға дайындайды. Негізі неғұрлым дайындық жақсы болса, соғырлым асқыну қаупі де аз болады, тезірек айығып кетеді.

– Келісімін сұрайды дейсіз, науқас келіспесе ше?

– Келіспейтін науқас болмайды. Ең бастысы оған айтып түсіндіруіміз керек. «Сізге мынау анестезия жақсы, осы арқылы жасалатын ота жақсы шығады» деп. Егер жақсылап жеткізсек, қарсы болмайды. Жалпы, науқастың келісу-келіспеуі дәрігерге байланысты. Ол дәрігерге сенсе, мақұлдайды.

Рас, сырқаттың ауыр-жеңіліне, науқастың жағдайына қарай өзіне таңдау жасатуға болатын жағдайлар да болып тұрады. «Аумақтық емес, жалпы анестезия беріңіз» дейтіндер бар. Мүмкін болса, талабын орындаймыз. Сол себепті сырқаттанушының келісімін сұраймыз. Олардың қатарында «Мен ешнәрсе білмей-ақ қояйын, ұйықтап қалайын. Палатада оянайын» деп қалауын білдіретіндер де бар. 

– Анестезиологтардың көбінде науқастарға сіз айтып отырған жалпы анестезияны тағайындайтынын жиі естиміз. Бұл өзіңіз айтқандай науқастар келіспеген соң амалсыз жасалатын әрекет пе? Әлде ең дұрысы осы ма?

– Өзіміздің арамызда, әсіресе мұсылмандардың ішінде жұлынға дәрі ектіруге қарсы болатындар аз емес. Олар дәрігерден гөрі «анау анандай болып қапты, мынау мынадай болып қапты» деген алыпқашпа сөздерге көбірек сеніңкірейді. Ауырсынулар болады. Бірақ, олар ойлағандай асқынулар болмайды. Осындай жағдайларда амалсыз жалпы анестезияны қолдануға тура келеді. Сондықтан анестезиологтар жалпы анестезияны қолдануға бейім тұрады деген көзқарас қалыптастыруға мүлдем болмайды. Тіпті оны мүлдем қолдануға болмайтын жағдайлар да бар. Егер солай болса, денсаулығына қауіпті мұндай жансыздандырудан бас тартуға көндіреміз.

Жалпы анестезия күрделі оталарда қолданылады. Науқасты қадағалауға қолайлы болып келеді. Егер ота жасалып жатқан адамның қан қысымы төмендесе, жүрек дүрсілі жиілеп қатты соғып кетсе, соның бәрін көріп, соған қарсы әрекет жасауға болады. Аумақтық анестезияда қан қысымы түсіп кетсе, көтересіз. Бірақ, үлгеру мүмкіндігі аздау. Сондықтан трансплантацияда тек қана жалпы анестезия беріледі.  

– Жалпы наркоз, сіздіңше «жалпы анестезия адам өмірін бес жылға қысқартады» дейді. Бұл қаншалықты рас, әлде өзіңіз айтқандай алыпқашпа қауесеттің бірі ме?

– Мен мұндай әңгімені студент кезімде еститінмін. Бірақ, қандай жағдай болмасын адамның ұзақ жасауы алдымен Аллаға, сосын дұрыс күтіне алатын адамның өзінің іс-әрекетіне байланысты. Дерті дендеп, әлсіреп қалған кісіні сәтті отадан кейін өз-өзіне келгенше ауруынан толық айығып кетті деп айтуға болмайды. Оған біраз уақыт қажет болуы да мүмкін. Шыдамсыздық танытып, жазылғанша күтіну тәртібін жиі бұзатындар өмірден өтіп жатса, «тағы біраз жыл тірі жүретін еді, жалпы наркоз бермегенде» деп күйінетіндер бар, өз арамызда. Бұл өз қателіктерін өзгелерден іздейтіндердің өздерін «жұбатуы» болса керек. Әйтпесе, ауырып тұрған адамның әлсіз болатынын, дұрыс күтінбесе өміріне қауіп төнетінін бәріміз де жақсы білеміз ғой. Наркоз өмірді қысқартады деген осындайдан шыққан болса керек. Осынша ота жасап, осы жасқа дейінгі қырық жылдық еңбек өтілімде «наркоз адам өмірін бес жылға қысқартады» дегенді ешбір медициналық зерттеулерден кездестірген емеспін. 

Рас, әсері болады. Сол себепті де беріледі. Өйткені науқас ота жасалып жатқанда ауырсынбауы, шошынып қалмауы керек. Қорықпай, ешнәрсе сезбеуі және сезбей тұруы керек. Егер бұлай жасалмаса, қаншама науқас ауырсынулардан ота үстелінде жатып-ақ жан тапсыруы мүмкін еді... Сондықтан мәселеге бір жақтама қарауға, соның негізінде бұрыс көзқарас болмайды. 

– Ота жасап жатқанда ұйықтап кетуді қалаған науқастардың оянып кеткендері болды ма?

– Ондай жағдайды кездестірген емеспін. Егер сіз айтқандай оянып кетер болса, бұл анестезиологтың дәрежесінің төмендігін білдіреді. Ондай нәрсе болмауы керек. 

– Анестезия аллергия тудырмай ма? Олай болса, қайтесіздер?

– Ондай жағдайлар болып тұрады. Аллергияға қарсы препараттар бар, соларды саламыз.

– Қазір шілде, аптап ыстық. Анестезияның жыл мезгіліне қарай қыста, күзде, көктемде, жазда қолданылатын түрлері бар ма? 

– Анестезия өйтіп бөлінбейді.

– Бақыт Қалжешұлы, сіз көргеніңіз көптеу, мойындалған білікті анестезиолог-реаниматолог дәрігер ғана емессіз. Сонымен бірге өз салаңызда тәуелсіз экспертсіз. Тәуелсіз эксперт ретінде көмегіңізге жүгінетіндер көп шығар. Сонда дәрігерлік қателіктерге жол беріп қойған жағдайлар кездесті ме?

– Негізі әрекет етпейтін адам ғана қателеспейді. Дәрігерлер де сондай. Олар да адамдар ғой. Әлемде жасалатын емдеу ісінің 10-14 пайызында дәрігерлік қателік орын алады. Бізде де сондай. Кімнің қалай қателескені туралы айтпай-ақ қояйын. Ондайлар менсіз де бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жатыр ғой... 

– Шетелдердегі әріптестеріңізді салыстырып айтып отырсыз. Айтыңызшы, соңыңыздан ерген әріптестеріңізге не жетіспейді?

– Бізде бәрі жеткілікті. Тек анестезиологтардың үнемі ұдайы ізденісте болуы міндетті. Оқуларға барып, біліктіліктерін арттырып тұруы тиіс. Халықаралық тәжірибе алмасуларға жиірек қатысса, өзіне ғана емес, елге де пайдасы тиеді. Үйренуден жалықпауы керек. Өз ісіңнің заманға сай бейімделген кәсіби маманы болсаң, үйренетіндер өздері-ақ тауып алады. Анестезиолог бір орнында отырмау керек. 

Сұқбаттасқан Заңғар ӨМІРЗАҚ

Тіс импланты денсаулыққа зиян ба?
Торығу мен ұйқысыздықтың алдын алатын терапия – массаж
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу