Тіс импланты денсаулыққа зиян ба?
Денсаулық сақтау саласы күннен-күнге қарыштап дамып, бұл саладағы жаңа технологиялар күнделікті өмірімізге дендеп енсе де, адамдар арасында тіс күтіміне деген бір салғырттық әлі де болса байқалатындай. Тіс күтімі – күллі ағзаның күтімі, тіс ауруы – денедегі өзге ауруларды да қоздыратыны жайлы тіс дәрігерлері айтып, жазып жатса-дағы, осы күні тістің айналасындағы қарапайым күтім ережелерінің өзі көп жағдайда сақтала бермейді. Алайда, біз тілдескен дәрігер маман адамдардың саламатты өмір салтына ұмтылысы тіс күтіміне қатысты көзқарастарды да өзгерткенін айтады. Тіс күтімі мен тіс ауруларының айналасындағы келелі мәселелерді Алматы қаласындағы «Нұр» стоматологиясының дәрігері Нұрлан Жұмабеков мырза тарқатып айтып берді...
– Бүгінгі таңда тіс емдеу, тіс ауруларына деген көзқарас тым жеңілдеп кетті деп ойламайсыз ба? Олай дейтініміз қазіргі кезде түрлі тіс ауруын жансыздандырып жіберетін арнайы дәрілерді ішіп алып, тіс ауруын елемейтіндердің қатары көбейіп кеткендей. Бұл жағдайдың соңы неге апарады?
– Көпшілік тісі қатты ауырып, шыдатпай бара жатқанда тіс дәрігеріне қаралмай, жансыздандыратын дәрі-дәрмек ішетіні рас. Оның бірнеше себептері бар дер едім. Ең бірінші себеп, бүгін кез келген басшы қызметкері «тісім ауырып еді», – деп сұранса, жұмыстан босата бермейді. Сондықтан, ауруын сәл де болса жеңілдету үшін арнайы дәрілерді ішеді. Кешке дейін жұмыста жүріп, шаршаған науқас тіс дәрігеріне жете алмай, үйіне жетіп құлайды. Екінші себеп, салғырттық дер едім.
Ал, тіс дәрігеріне уақытылы көрінбеу, тіс ауыра бастаса, дәрі-дәрмек ішіп қана қою созылмалы тіс ауруларына алып келеді. Оның соңы передантит, переастит, астеомерит, ең аяғы жаман ауруға соқтыруы бек мүмкін. Бұл аурулардың соңғы нүктесі жақты кесіп алып тастаумен де аяқталу қаупі бар.
Тістің жоқ болуы қаптаған ауруларды қоздырады. Ең қарапайым мысал келтірейін. Адам тісі жоқ болғандықтан, асты дұрыс шайнай алмайды. Дұрыс шайналмаған ас асқазанға түйіншек болып түседі. Жақсылап шайналған ас дұрыс қорытылып, қанға, дәрумендерге, т.б. пайдалы заттарға айналса, түйіншек болып қалған ас керісінше, сол орында қорытылмай ұзақ жатып, асқазан жарасын тудырады.
Кейбір кісілер: «Кәрілік жетті, ұмытшақ болып қалдым», – деп жатады ғой. Ол кәріліктен ғана емес, тістің де жоқтығынан. Тістің жоқтығы ұмытшақтыққа әкеліп соғады. Себебі, тіс тамырлары мимен тікелей байланысты.
– Жалпы көпшілік арасында тістің қанқұрт ауруының атауы ғана кең таралғандай. Жалпы, тіс аурулары қалай аталады? Бүгінгі таңда Қазақстан тұрғындары ең көп ауыратын тіс ауруының түрі қандай?
– Былтырғы жылдың статистикалық мәліметтерінде парадонтит аурулары 70% жағдайда кездесіпті. Ал ел арасында ең көп тараған ауру деп тіс қатты тіндерінің ақауы – тісжегіні және оның асқынуларын атауға болады. Қазақстанның жеке аймақтарының климатогеографиялық шарттарына, су құрамындағы фтор мөлшеріне, әлеуметтік және экологиялық жағдайларына байланысты тісжегінің қарқындылығы 85%-дан 100%-ға дейін құрайды. Өкінішке қарай, бұл аурулардың көбі қазір жас талғамайды. Нақтырақ айтсам, бұл ауру ересектер мен жас балаларда қатар кездесе береді.
Қызылиектің қабынуы көп кездесетін сырқат түрі. Тісті өз ұясында передантальді жіпшелер ұстап отырады. Тамақ жеп, ас ішкенде, ауыз қуысын тазалап отырмағандықтан, микроб осы жіпшелер қуысына кіріп алады. Тістің астын үңги отырып, үстіңгі бөлігін жауып алуға да қабілетті. Өздері тез бөлініп, көбейіп, жіпшені жей бастайды. Адам оны сезеді, бірақ көңіл аудармайды. «Тісім ауырған жоқ, өзінен-өзі түсіп қалды», – дейді. Бұл сіз айтып отырған қанқұрт. Қанқұрт неден пайда болады: біріншіден, ана дұрыс тамақтанбағандықтан. Іште жатқан балаға дұрыс тамақ келмеген жағдайда, оның тістері жетілмей, түрлі тіс ауруларын жұқтырып алғыш болады. Екінші, баласын көтеріп жүріп анасы аяқ асты тұмауратып ауырып қалды. Сол аурулар қанмен баланың ағзасын әлсіретеді. Тістің генетикалық аурулары көп.
Атақты ғалым А.И.Евдокимов: «Тісжегінің бір ұшы жүреке қадалса, екінші ұшы сыртқы ортамен байланысқан түтік», – деп бекерден бекер айтпаған. Тісжегі аурулары ағзаның тұтас бұзылуына алып баратын мәселелер туындатады. Тісжегі тіс түбіне орнығады. Передантиттің үш түрі де іріңді ауруларға апарады. Ол ірің тіс түбіне жинала береді. Адам тамақ жеп отырғанда, іріңге сәл ғана тиіп кетсе, ол тамақпен араласып асқазанға түседі. Одан әрі микробтар тамақпен бірге оп-оңай қантамырларға өтіп кетеді. Одан бөлек, тісжегіні емдемесе, ол сүйектерді жей бастады. Одан ары емделмесең, ірің мен қан жақты тесіп шығуы мүмкін.
Сондықтан, тіс ауруларын елемей қоюға болмайды.
– Қазақ ақын-жазушыларының шығармаларында аруды сипаттағанда «маржандай тізілген тістері» деген теңеу кең таралған. Сау тістің ең бірінші анықтамасы «маржандай аппақ» болу ма, әлде сау тістердің бәрі бірдей аппақ бола бермей ме?
– Тіс – адамның көркі, тіс – адамның денсаулық көрсеткіші, тіс – адамның тұтас өмірі. Тіс емдеу үшін біз бес-алты жел бекер оқымаймыз.
Тікелей сіздің сұрағыңызға келер болсақ, маржандай аппақ тіс бәріне бірдей тән емес. Ол адамның анатомиялық құрылымына, эмаль мен дентин қабатының сәйкестілігіне байланысты. Сондықтан бір адамның тісі аппақ, келесінікі сарғыштау, үшінші адамдікі қоңырқай тартып тұрады. Ең сау тіс дегеніміз аппақ тіс емес, тісжегісі, өзге де аурулары жоқ тіс дер едім. Ал бүгінгі таңда аппақ тіс жасап алу түк те қиындық тудырмайды. Түрлі жаңа технологиялардың көмегімен «Голивуд жұлдызының жымиғанында» көрінген аппақ тістер қазір таң емес.
Тістің сарғаюы жас факторына да байланысты. Қазақта «Ақ сақалды, сары тісті болыңыз» деп жатады. Мұның себебі, жас ұлғайған сайын, тістің сыртқы эмаль қабаты жұқарып, ішкі дентин қабаты көбірек байқала түседі. Сары тіс дегеніміз – сол.
– Тістің импланты осы күні таң емес. Алайда қымбат ем-шаралардың бірінен саналады. Сондықтан болар тісті көршілес елдерге барып салдырып келіп жатқандардың дерегін көптеп білеміз. Еліміздегі тіс импланттарының қымбат болуының себебі не?
– Имплант – сүйекке қазық орнатып, тісті қалпына келтіру. Жеке басым импланттың бар екеніне қуанамын. Алынбалы-салынбалы протез кигеннен көрі, болмаса жан-жақтағы таза сау тістерді егеп, бұзбай, имплат жасаған әлдеқайда тиімді дер едім. Қазір дүниежүзі бойынша импланттың екі мыңға жуық түрі бар. Сапасына, шығу тегіне, материалдың құрамына байланысты олардың бағасы да әртүрлі. Импланттың бағасы бізде ғана қымбат деген пікірмен келіспеймін. Қазіргі таңда импланттың барлық жерде бірдей. Тіпті, кейбір шетелдерде біздікінен әлдеқайда қымбат.
Біздегі импланттардың қымбатқа түсетін себептерінің бірі – имплант, яғни тот баспайтын темір қазық Қазақстанда жасалмайды. Шет елден әкелінгендіктен, оның бағасы да қымбаттау көрінуі мүмкін.
– Хабарыңыз бар ма, жоқ па – білмеймін. Бұрынғыдан қалған мынандай бір сөз бар. Ертеректе бір ауылдың ұрысы жан-жақтан мал ұрлап жеп, елдің берекесін әбден-ақ алған екен. Оған қандай жаза қолданарын білмеген соң ел-жұрты көпті көрген қариядан ақыл сұрайды. Ақсақал көптің арыз-мұңын тыңдап болған соң: «Сол жігітті мен үйіме қонақ қылайын. Жазасын да өзім берермін», – деп әлгі ұрыны үйіне қонаққа шақырады. Қазақы жолмен малын сойып қарсы алады. Ет соңынан майлы ыстық сорпаны алып келіп, қонағын әбден тойдырады да, дереу мұздай су алдырып: «Ел-жұртыңның сен дегенде өкпесі қара қазандай екен. Жазаңды маған кесуді тапсырып еді. Менің тағайындаған жазам осы, мына мұздай суды дем алмастан сімір», – деп бұйырыпты. Ақсақалдың осыншалықты оңай жаза кескеніне таңырқаған әрі бір есептен қуанған ұры ләм деместен мұздай суды сіміріп салғанда ақсақал ұрының қақ желкесінен қойып қалыпты. Сол кезде ұрының отыз екі тісі саудырап түсіп қалған көрінеді. Елдің ақ-адал малынан түк қалдырмаған ұрының жазасын осылай берген деседі...
Осы аңыз-әңгімеден қазақ даласындағы бізге ұмыт болған жазаның бір түрі – тістен айыру ма деп ойлаймыз. Жалпы, маман ретінде байырғының заманында тісті қалай күткені, тіс ауруларын қалай емдегені жайлы деректерді білесіз бе?
– Аңыз бөлек әңгіме. Сіз айтып отырған әңгімеде тістің түсу себебі парадонтоз болуы мүмкін. Дұрыс, ыстық тамақтан соң бірден мұздай су ішуге болмайды. Алайда, ыстық тағамнан соң, мұздай су ішкізіп, желкесінен түйіп жіберсе, тіс түсіп қалуы мүмкін емес. Босап қалған тістің өзін жұлғанда, ауыртады.
Тістің еміне байланысты қазақта кең тараған ұстанымдар өте көп. Ата-бабаларымыздың айтуы бойынша, меңдуананың Араб елінде өсетін түрі бар екен, сонымен тісті ысқан. Одан бөлек, кәдімгі аршамен тазалаған. Саусағына шүберек орап, оны тұзға малып, тісті ысып, тазартқан. Ата-бабаларымыз баяғыда жаңа соған қойдың қанын ұрттаған. Қанды ұрттайтын себебі, қой қанының құрамының бір элементтері микробтарды сорып алады екен.
Екіншіден, ол кезде бүгінгідей тіс аурулары да көп таралмаған.
– Неге?
– Себебі, ол уақытта қазіргі кездегідей тісті ерітіп жіберетін минералды сулар, неше түрлі бояғыш заттарды тұтынбаған. Тамақтар да қосымша қоспаларсыз, табиғи таза өнім еді. Экологиялық жағдай да бар дегендей. Жалпы тіс күтімі қай кезде де өзекті, қай заманда да маңызды болған. Мая өркениетінде тістерін қымбат тастармен безендіру арқылы адамдар әлеуметтік деңгейінің жоғары екенін көрсеткен. Біздің заманымызда да адамның әлеуметтік жағдайы сау, аппақ тістерінен байқалады.
– Әңгімеңізге көп рахмет!
Әңгімелескен Қарагөз Серікқызы