Дамир Дәулетбаев: «Обыр ауруын емдеу үшін көптеген жаңа технологиялар қолданылады»

Oinet.kz 06-12-2017 912

Screenshot_3.jpg

Дамир Дәулетбаев, Алматы Онкология орталығының бас дәрігері

Медицина ғылымының докторы Дамир Дәулетбаев алдын ала емдеу-сауықтыру, яғни профилактика іс-шарасын атқару арқылы еліміздегі онкологиялық аурулардың алдын-алуға болады деп есептейді. Ауру неғұрлым ерте анықталса, ем-шара соғұрлым оң нәтиже беретін айтқан дәрігер елімізде обыр дертіне қатысты сауаттылық мәселесіне де егжей-тегжейлі тоқталып өтті...

– Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сенсек, өлімге апаратын дерттердің арасында бірінші орында жүрек-қан тамырлары аурулары болса, қатерлі ісік екінші орынға шығып отырған көрінеді. Ел арасында да онкологиялық аурудың атын айтпай, «жаман ауру» деп жатады. Маман ретінде айтыңызшы, обыр дертін қалай толық емдеп жазуға болады?

– Обыр ауруларының бірінші сатысында бір науқасты емдеуге шамамен 19 мың теңгедей қаржы жұмсалады деп есептесек, уақытылы дәрігерге көрінбей, ауруын асқындырып алған, обыр дертіне шалдыққан науқасты емдеу үшін бұл сома мың есеге көбейіп кетуі мүмкін. Сондықтан да аурудың алдын алу шараларын жасау, яғни медицина тілімен айтсақ, профилактика маңызды екенін ерекше айтып өту керек. 

Екінші мәселе, қазір онкологиялық ауруларды кез келген жеке медициналық орталықтарда, облыстық-аудандық емдеу-сауықтыру мекемелерінде емдей береді. Бұған Үкімет тарапынан тосқауыл қойылмаса болмайды. Біздің орталыққа сондай емдеу мекемелеріне көрініп, ауруын емдеудің орнына, керісінше, асқынтып алған науқастар да көптеп келеді. Сондықтан, маман ретінде айтарым, жеке медициналық орталықтардың бұл жұмысы үкіметтік тексерулерден арнайы өтіп тұрғаны абзал. Онкологиялық науқастарға операция жасауға рұқсат беретін медициналық ұйымдарға аккредиттеу талаптары қатаң болуы қажет, дерті асқынған жағдайлар денсаулық сақтау басқармасы деңгейінде қатаң қаралып, лицензиясын алуға дейінгі шаралар қолданылу қажет.

Обыр дертін ерте бастан анықтаған жағдайда науқасты емдеп жазу мүмкіндігі мол. Сондықтан, Қазақстанның кез келген азаматы «жаман ауру» деп отырған дерттің өзіне жабыспағанын алдын ала тексерулерден өтіп, көз жеткізіп жүргенінің артықтығы жоқ. 

– Обыр ауруларын емдеуде қандай технологиялар қолданады?

– Бүгінгі таңда обыр ауруын емдеу үшін көптеген жаңа технологиялар, атап айтсақ, протонотерапия қолданылады. Міне, осындай емдерді қолдану үшін Үкімет тарапынан қаржы-қаражат көптеп қарастырылса, нұр үстіне нұр болар еді. 

– Жалпы, онкологиялық аурулардың алдын алу және емдеу шаралары еліміздің медициналық саясатында қаншалықты кең әрі ауқымды қарастырылған?

– Тәуелсіздік жылдары  денсаулық сақтау жүйесін, оның ішінде онкологиялық қызметті жетілдіру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды.

«Қазақстан Республикасында онкологиялық көмекті дамытудың 2012–2016 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 29 наурыздағы № 366 Қаулысын іске асыру Қазақстан Республикасында онкологиялық қызметтің әлеуетін ішінара нығайтуға, нарықтық тетік элементтерін енгізуге, заманауи медициналық технология трансфертін іске асыруға, жекелеген онкологиялық диспансерлердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, обырдың ерте диагностикасы бойынша заманауи әдістерді енгізуге, кадрлар даярлауға және тағы басқаға ықпал етті.

Осы күні Ресейде онкологиялық науқастарды кез келген көпсалалы клиника емдей алады. Өңірлерде кәдімгі ауруханалар онкологиялық науқастарды қабылдай береді, себебі оларға ақша төленеді. Егер ақша төленбесе, оларды емдемес еді. Ал, кейін  сондай сыртқаттарға қатысты онкология орталықтарында өршіген ауруларға операция жасалады. 

Қазақстан Республикасында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) енгізілуіне және көпсалалы хирургиялық стационарлар, оның ішінде жекеменшік клиникалардың онконауқастарға операция жасауға рұқсат алуына байланысты  обыр ауруын асқынтып алған науқастар санының артуына әкелуі мүмкін. 

МӘМС жағдайында онкологиялық қызметті дамыту үшін қаржыландыру нысаны мен түрі маңызды. Яғни, міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде онкологиялық қызметті дамыту үшін қаржыландыру механизмі әлі жасалмаған.

– Ендеше, онкологиялық ауруларға қатысты емдеу-сауықтыру шаралары қалай жасалуы тиіс деп ойлайсыз?

– Онкологиялық аурулармен ауыратын науқастарға үш деңгейлі медициналық көмек көрсету идеясын қолдаймыз. Нақты өңірлендіру онкологияны айтарлықтай жетілдіруге мүмкіндік береді, мамандардың кәсіби деңгейін жоғарылатады, заманауи құралдарды тиімді пайдалануға, жаңа технологияны жылдам енгізуге, әр деңгейде медициналық көмек көрсету стандарттарын әзірлеуге ықпал етеді. Мысалы, ұйқы безінің обыры сияқты қатерлі ауру сирек кездеседі, диагностикалаудың өзіндік қиындықтары бар, операциялар да сирек жасалады, яғни ауруы асқынған немесе дерті өршіген жағдайлар жиі қайталанып, тиісінше өлім көрсеткіші де жоғарылайды. Науқасты уақытылы 3 деңгейге жолдау медициналық көмек сапасын жоғарылатуға, адам өмірін ұзартуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 3 деңгейде медициналық көмек көрсетуді бөлудің ұсыну сипаты бар  және көбіне орындалмайды, бұл емдеу сапасына әсер етеді. Онкологиялық науқастарға медициналық көмекті үш деңгейлі көрсету заңмен бекітілуі керек. 

Онкология әлеуметтік маңызы бар ауруларға жататындықтан онкология қызметін қазіргі уақыттағы қалпында сақтап, қызметті қаржыландыруды мемлекет есебінен жүзеге асыру қажет деп санаймыз. 

Қазіргі уақытта медициналық ұйымдардың бірқатарын шетелдік инвесторларға беру мәселесі көтеріліп отыр. Бұл  онкология қызметіне де қатысты болуы мүмкін. 

Сондай-ақ, бірінші кезекте пациенттің, медициналық қызметкердің, мемлекеттің мүддесін қорғап, барлық жұмыс талаптарын анықтауды ұсынар едім. Инвесторларға мемлекеттік тапсырысты алып, обырдың күрделі формаларын диагностикалау мен емдеу жүргізіп, замануи медициналық жабдықтармен жабдықталған 4 облысаралық онкология орталығын (оңтүстік, солтүстік, шығыс, батыс) ашуды ұсынуға болады. Бұл орталықтарда жалпы емдеу саласы мамандарына обырды ерте диагностикалау бойынша үздіксіз оқулар жүргізу қажет.  Инвесторларға елімізде жоқ технологияларды енгізуге, мамандарды бұл технологияларға оқытуға, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу кезінде қазақстандық шығарылымдарды алуға міндеттеу керек. 

– Жалпы халық арасында онкологиялық аурулар туралы сауаттылық деңгейі де төмен екені белгілі. Көпшілікке онкологиялық ауру туралы ақпаратты кең көлемде таратып, аурумен күрес жөніндегі жаңалықтарды қалай бөлісіп тұру керек деп есептейсіз?

– Жастар онкология ауруларының не екенін жете түсінсе, обырдың асқынған сатысындағы науқастардың да қатары азаяр еді деп ойлаймын. 

Маман ретінде «Онкология» мемлекеттік ұлттық бағдарламасын әзірлеуді қажет деп санаймыз, онкологиялық қызмет мәселелерін шешу тәсілдері мультипәндік болуы қажет, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, мемлекеттік және жергілікті басқару органдары, қоғамдық ұйымдар осы маңызды мәселені шешуде бірлесіп күш жұмсауы қажет.

«Онкология» мемлекеттік ұлттық бағдарламасының негізгі мақсаты – стратегияны анықтау және онкологиялық аурулар мен науқастардың өлім көрсеткішінің өсу қарқынын төмендету үшін обырға қарсы күрестің негізгі бағыттарын көрсету, сондай-ақ, емдеу сапасын, медициналық және әлеуметтік-еңбекпен сауықтыру емдерін жақсарту.

2017 жылғы 21 мамырға дейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасы бойынша әзірленген «100 мәселе – 100 шешім – 100 күн» әлеуметтік жобасы аясында денсаулық сақтау мәселелерін шешудің қысқа мерзімді іс шаралар жоспары онкологияға қауіптену, қатерлі ісіктерді ерте диагностикалау, онкологиялық аурулардан болатын өлімді төмендету мәселелері бойынша халықтың сауаттылығын жоғарылататыны сөзсіз.

– Әңгімеңізге рахмет! 

Әңгімелескен Қ.Серікқызы

Аллергиямен ойнауға болмайды!
Тіс импланты денсаулыққа зиян ба?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу