Түгелбек Қасымұлы, веломарафоншы: «Адамға ой тазалығы керек екен»
Дүниежүзінің көптеген елдерін «Бейбітшілік елшісі» санатында аралаған Түгелбек Қасымұлы жетпістің үстінде. «Шет елге шықпас бұрын велосипедімнің дұрыс-бұрысын тексеріп алу мақсатында» Алматының тауына көтеріліп алам» дейді бізге айтқана әңгімесінде. Ал ел аралаудағы мақсаты – бейбітшілікті насихаттау, қазақтың жасын тағдырлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың жолын жалғастырып, кең ауқымды саяхатымен қазақтың атын әлемге әйгілеу. Бейтаныс өлкеде ең әуелі мықты денсаулықтың да керек екенін айтқан велошабандоз шымыр болудың да құпиялары туралы кеңінен толғады...
– Дүниежүзінің көптеген мемлекетін араладыңыз, түрлі адамдарды, түрлі салт-дәстүрді, түрлі ұстанымдарды көрдіңіз...
– Біз баспаған жердің бәрі қызық секілді көрінетіні бар ғой. «Бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» деген де сөз бар. Халықтың тұрмысы жағынан Қазақстаннан артық ел жоқ екен, шынын айту керек. Бізде жол бойында кафе, асханалар жиі орналасқан. Еуропаңызда ол жоқ. Германия мен Францияда жүздеген шақырым жолдан асхана, кафе, қонақүй кездестірмеген кездерім болды. Қаптаған орман, жолдарын екі жағынан ағаш басып тұр, көлеңкеде келе жатасыз да, ештемені көрмейсіз.
Бірде Францияда орман ішіндегі бір кафеде ауқаттандым. Екі-үш КамАЗ жүргізушілері кешкі асын ішіп отыр екен. Французша «Бонжур мисье, бонжур мадам»-нан басқа түк білмеймін. Ымдап, керегімді айтып, бәліш алдым. Біраздан соң, шопырлар жолға аттанды, кафе де есігін жауып, иелері қалаға кетіп қалды. Жападан-жалғыз қалдым. Амал жоқ, кафенің сыртындағы ұзынша орындыққа түнеп шығуға тура келді. Орманның түнгі ауа-райына төзуге болады. Алайда, қанша жерден жарты жолда қалсаң да, тауда көз ілуге болмайды. Оны да Иранда көрдім...
– Демек, Иранда тау ішінде қалып қойдыңыз ғой?
– Иә. Меккеге бару үшін екі рет Иранға жол тарттым. Алматыдан шығып, Қырғызстан жерімен жүріп өтіп, қайта Шымкентке өтесіз, Шымкенттен бұрылып, Өзбекстанды түгел аралайсыз да, Мақтааралға қайта келесіз. Одан әрі Өзбекстан шекарасына кіріп, Түркіменстанға жетесіз. Күн 50-60 градус ыстық. Копетдаг деген тау Иранмен араны бөліп жатыр. Сол таумен көтеріліп келемін. Иранның ең шеткі қаласы – Мешхед. Ол Ашхабаттан 250 шақырым қашықтықта. Мен осы қашықтықты екі күнде басып өтуім керек еді. Жаңадан алған кросовкамның екеуінің де табаны аптап ыстыққа шыдамай ашылып кетті. Үйден қырық адым шыққан жан мүсәпір дейді ғой. Нағыз сол мүсәпірдің күйіне түстім. Мына түрімді көрген ирандықтар маған күлетін болды-ау деп келем. Түн жарымына дейін жүрсем де алдымнан бір елдімекен кездессеші?! Айдың жарығымен тауға көтеріле түсем. Мен ғой, жаяуды бірнеше есе орап алатын велесипедіммен бір таудан аса алмай келемін. «Тіршілік жоқ екен ғой, ертеде осы жолмен жаяу-жалпы Меккеге қалай жеткен», – деп, таңданамын. Бір кезде биіктен бір сәуле өлімсіреп жылтырағандай болды. «Асханасы, қонақүйі биікте орналасқан-ау», – деп, мен жылдамырақ жүре бастадым. Велосипедімді жетекке алғанмын. Екі адым алдыға жүрсем, бір адым кері сырғанаймын. Ұсақ тастар жолыма кедергі келтіріп, аяғыма оратылады. Бұл не болды, неге аяғым алға баспайды деп келе жатқанда кенет бір суық ой бойымды қарып өтті, кілт тоқтай қалдым: «Ау, таудың ұшар басында есі дұрыс пенде отыра ма? Мен осы қай туысыма ентелеп, асығып келемін? Онда мені құшақ жайып кім күтіп отыр еді?». Таудың орта тұсына дейін көтеріліппін. Алай-бұлай болып жатсаң, хабарласа қоятын Елшілікке де таудың басынан телефон шала алмайсың, желі жоқ. Сонымен қойшы, әрі-сәрі болып тұрдым да, түн жарымында кері қайтпай, осы жерде таңды күтуді ұйғардым. Жалпақ-жалпақ тастар бар екен, сол тастардың қуысына кірдім. Тауда түнде ұйықтауға болмайды, суық қой, қатып қалуың мүмкін. Әй, бірақ, ұйқының да көзді байлап тұрғаны шамалы. Бақырған ешкі дауысы алыстан естіледі. «Демек, тау басыда отырған қойшы болды ғой», – деп қоямын елегізген көңілімді басып: – «Бұл жақта сиыр, қой баласын өсірмейді, тау-таста баққанға ешкі жақсы. Тау басындағы үй қойшынікі екен»...
Ұйқы жоқ. Ұйқы жоқтық қана адамды әлсіретеді. Таң ата велосипедімді сүйреп, төмен түстім де күре жолға шықтым. Біраздан кейін жол төменге қарай құлдилайды екен. Мешхедке сол күні-ақ жетіп бардым. Осылайша Мешхедке екі рет бардым, алайда ары қарай жібермеді.
– Түн қатқан сапарларыңызда дала аңдары шабуыл жасап, қауіп төндірмеді ме?
– Велосипедпен жаттығуды бастаған алғашқы жылдар еді. Өзіміздің Жамбыл ауылынан Ақсуатқа қарай жүрмекші болдым. Күн еңкейіп барады. Бір уақытта сүйектері ағараңдаған молалардан өттім. Күн ұясына кіріп, жоқ болды. Не Ай шықпады. Бір уақытта жол қақ жарылды. Осы жол болар деп көңілім шамалаған бағытқа бұрылдым. Киімнің бәрі малмандай су. Мұндай сапарда суық тигізуге болмайды, сондықтан қараңғыда тұрып, киімімді ауыстырдым да қайта жолға шықтым. Қараңғылықтың қоюланғаны сонша, рульдің өзі әрең ағараңдайды. Елу метр жерден жалт-жұлт еткен жарықтар біресе алдымды орайды, біресе кейін қалып қояды, кейде қатарласқандай болады. «Бұл не деген мәшине, қай жолмен келеді, жақын арада қатар жол жоқ сияқты еді ғой», – деп мен келемін. Дыбыс жоқ, өз дыбысымды ғана естимін. Бір уақытта бойымды бір суық леп қарыды. «Е,е,е, қасқыр-дос екен ғой», – деп ойладым. Өйткені, ол кезде адамға суық энергия келеді, бірақ оны ішкі жаққа жібермеу керек. Қасқыр велосипедтен қорқады, өйткені олар велосипедті көрмеген. Қасқыр – қорыққан адамға немесе малға шабуыл жасап үйренген ғой. Сондықтан қорқынышқа бой алдырмай, анда-санда велосипедімнің қоңырауын шылдырлатып қойып, ілгері жылжи бердім. Қасқырлар да қалысар емес. Бір уақытта машинанаң дыбысы естілді. Өтіп барып тоқтады: «Сіз кімсіз, адамсыз ба?», – дейді. «Иә, адаммын», – дедім. Сөйтсем олар жеті қат түнде келе жатқан жалғыз жүргіншіден сескеніп қалыпты. Жөнімді айттым. «Ойбай-ау, қасқыр жесе қайтер едіңіз?», – дейді. «Неге қасқыр жеуі керек, міне, сіздер келіп көмектескен жоқсыздар ма», – деймін күліп. Сөйтіп, қасқыр-достың жетелеуімен жеті қат түнде де сапарлағаным бар.
– Қауіпті жағдайларда өз-өзіңізді ұстаудың арнайы дайындығынан өттіңіз бе?
– Арнайы дайындықтан өтпедім. Бірақ бір-екі кеңес айта кетейін. Адамның бойына қорқыныш ене бастағанында тілдің астына шақпақ қант сала салуы керек. Сонда үрейден сейілесіз.
– Ұзақ сапарларда велесипедіңіз сынып, қиналған кездеріңіз болмады ма?
– Велосипедпен ұзақ жолға шығудың тәртібі сол – міндетті түрде жаңасын сатып аласың. Оны теуіп көресіз – Шымбұлаққа аман-сау көтеріліп-түсесіз. Ақшаңа қарай ұялы байланыстың мықтысын аласыз. Сонымен «Жолымды оңғар» деп жүріп кетесіз.
– Жолға не алып шығасыз?
– Қолдорбаңыздың ішінде спорт киімдері болады. Ұзағанда бір жарым литр су, бір кг қант пен өзіміздің елдің бір кг конфетін аламын. Су жетпегенде ауызды құрғатпайтын конфет жақсы.
– Қай елдің шекарасына өту қиындық тудырды?
– Германияда өте қатал екен. Польшадан өткенде саяхатшы деген соң, қызығып, менімен сөйлесіп, суретке түсіп тұрып мөрін сәл қисайтып жіберген екен. Шекарада соны байқап, ұстап алсын. Елшілікке хабарлассам, қобылжымай тұра беріңіз, өзіміз реттейміз дейді. Сөйтіп олар Польшадағы біздің елшілікке, олар Польшаның кеденіне, ол кеден Германияның кеденіне хабарласып, жағдайды реттегенше кідіріп қалдым. Оған дейін бір бөлмеге кіргізіп қойыпты. Қаракөлеңке. Тағы бір шопырды әкеліп, түсініктеме жазғызып жатыр. Мен бардым да, жарықты жақтым. Полицей өшіріп тастады. Мені демалсын деп тұрған шығар деп, біраздан соң, тұрып, жарықты қайта жағып қоямын. Ол тағы өшіріп тастады. Сөйтсем, жарықты үнемдейді екен ғой...
Тәжікстанның шекарасында да көп кідірдім. Нашақорлықтың өтетін белдеуі болғандықтан, мұндағы тексеріс тым қатал болды. Велосипедімнің камерасына дейін тексеріп, тергеп, «Президенттің сенімді өкілі» деген құжатыммен әрең өткізді.
– Саяхатқа шығатын жеріңізді алдын-ала жоспарлап аласыз ба?
– Әрине. Бірақ, жолда көлікке отырсаңыз бітті, маршрутыңыздың быт-шыты шығады. Велосипедке қайта отырғыңыз келмей қалады.
– Сіз тіл білмейсіз, жат жұрттық адамдармен қай тілдей сөйлесесіз?
– Ыммен сөйлесе беремін. Польшаның астанасы Варшавада қоналқалық жер іздедім. Күн батып кетті, қонақүйді таба алатын түрім жоқ. Бір кезде біреумен әңгімелесіп тұрған, велосипед мінген жігітті байқадым. Қасына барып «Хоутель, хоутель?» деп қоямын. Ол да өз тілінде жөн сілтеп қояды. Орысшаға жақындау. «Е, жарайды» деп кетіп қолымен ымдаған бағытты бетке алып жөнеп бердім. Әлгі жігітім келесі бағдаршамда мені қуып жетті. Ыммен трассадан тратуарға шығарып алды да, соңымнан ілес деді. Екі шақырымдай жүрдік. Түн қараңғы болып кетті. Өзі жоян жігіт. Бұл мені қайда жетелеп келеді деп бойыма күдік ұялады. Бірақ жаман жігіт емес сияқты ғой деп келемін. Жігітім бір жерге тоқтап, дүкенге кіріп сусын алып шықты. Біреуін маған берді. «Әй, мынау жақсы жігіт екен ғой, соңынан ілесе берейін», – дедім. Сөйтіп, қонақүйге жеткізіп салды. Тағы бірде Румынияда бір мейрамханаға тоқтадым, түстігі 300 мың ли екен. Ақшаны санап берейін деп жатсам, екі жігіт шақырды. Орысша біледі екен, «Қайдан келесің», – дейді. Жөнімді айтсам, даяшыны шақырды да: «Бұл жақсы кісі екен, бейбітшілікті насихаттап, ел аралап жүр екен», – деп түстігімді төлей салды. Мен естелікке «Невада-Семейдің» белгісін бердім.
– Сыртқы ортаға шығу үшін адамның денсаулығы да мықты болуы керек емес пе? Сыртқа шыққанда да шымыр қалпыңызды сақтау үшін не істейсіз?
– Оның нақты бір ережесі жоқ қой. Тиыл деген астан тиылып, ішпе деген дүниені ішпеу керек. Адамның тәнінің азығы – спорт, жанының азығы – тазалық. Адамның ойы таза болса, денсаулығында да қатты кемістік болмайды дегенге өз басым, сенемін.
– Әңгімеңізде көлікке отырсаң, қайта велосипед тепкің келмейді деп қалдыңыз. Шетелдерде адасып кеткенде, шаршағанда «Мен осы не бітіріп жүрмін» деген ойға беріліп, жаныңыз құлазымай ма?
– Шетелде жүрмін демеу керек. Мынау өз Қазақстаным, мына тау – Тарбағатай, мына өзін – Іле, мына орман – Көкшенің ағаштары деп, өзге елдің табиғатын өз еліңіздің табиғатына ауыстырып аласыз. Ағаштың, таудың, өзеннің бәрі бірдей. Оларда шекара жоқ. Адамның психологиясында ғана бөтен деген нәрсе бар. Менің ұққаным былай, әлемде екі-ақ түрлі халық болады екен: олар ерлер мен әйелдер. Әйелдер мейірімді екен, қамқорлықты көбірек көрсетеді. Басқасының бәрі бірдей. Өзің жақсы адам болсаң, жолшыбай жақсы адам кезігеді, өзің бұзақы оймен келе жатсаң, жамандыққа жолығасың. Оған қоса, ішкі дүниең сергек болсын. Адамды бірден тани білу керек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Қарагөз Серікқызы.