Жастар жадына – ғаламтор жау

Oinet.kz 11-02-2019 1074

50fb0c8c09d31f2b323e5a3057bcb663.jpg

Бүгінде компьютер қаланы қойып шалғайдағы ауыл-ауылға жетті. Ғылым мен техниканың дамыған өрлеу дәуірінде бұған қуану керек. Дегенмен де, медальдің екі беті болатыны сияқты оның да екі гәбі бар. Мәселен, жеткіншектер өз беттерінше ойлау мүмкіндіктерінен айырылып бара жатыр. Басқаша айтқанда, барлығын «ақылды құрылғыға» жүктейтін «компьютер бас» ұрпақ қалыптаса бастағаны зиялы қауымды қатты толғандыру үстінде.

Бір алқалы жиында елге танымал екі жазушы екі түрлі ой-пікір айтты. Зерделесек, екеуінің де айтып отырған сөздерінің жаны бар сияқты. Жарыққа шыққан кітапқа жылы лебізін білдіре келіп, бірінші қаламгер: «қазір жаһандану заманында қағаз басылымның маңызы жойыла бастайды, оның орнын ғаламтор басады. Адам өзіне керектіні ғаламтордан тауып алады да газет-журнал, кітап оқуға жастардың құлқы болмайды» деп өзінше болжам жасады.

Ал, екінші бір жазушы «Интернет заман қажеттілігі бол­ғанымен, оның пайдасынан зияны көп» деп шыр-пыр болды. Оның уәжі мынаған саяды: «рас, осы күнге дейін интернет арқылы қаншама дүниені оқып, білдік, ой-өрісімізді кеңейттік, тамаша жаңалықтарды таптық. Үлкен жобалар іске қосылды. Мұның бәрін жоққа шығаруға болмайды. Алайда, бақылаусыздық, бейәдеп, тексерілмеген ақпарат, біреуге дәлелсіз жала жабу, ойына не келсе соны айтқан пікірлердің өріп жүретіні сияқты келеңсіздіктер де осы «шексіз кеңестікте» жетіп артылады.

Бұл – бір. Екіншіден, оның айтуынша, авторын танып, беттерін парақтап, жастанып жатып оқыған кітаптан алған әсерді, интернеттен оқыған дүниемен еш салыстыруға келмейді. Бірақ, заман ырқына көндіріп, дегенімен жүргізуде. Әсіресе, жастарды компьютерден алшақтату мүмкін болмай тұр.

ХХІ ғасырдың алғашқы он жылы ішінде ғана дүние жүзіндегі интернетке қосылған адам саны 350 миллионнан 2 миллиардқа дейін өскен. Ал, ұялы телефон байланысын пайдаланушылар да осы кезеңде 750 миллионнан 5 миллиардқа дейін көтерілген. Бүгінде бұл көрсеткіш 6 миллиардтан асты. Технология дәуірі осы үдерісінен жаңылмай дами беретін болса, алдағы бес-он жылда жер беті халқы интернетпен толық қамтылары сөзсіз.

Жаһандану жолындағының бәрін жапырып, қазақтың өміріне, тұрмыс-тіршілігіне дендеп енді. «Бұдан қашып құтыла алмаймыз» деп шарасыздық танытқаннан гөрі, мемлекеттік деңгейде ойланбасқа болмайды.

Мойындау керек, интернет – кез келген технология секілді пайдасы мен ықтимал зияны, артықшылығы мен кемшілігі қатар жүретін күрделі құбылыс. Оның, әсіресе, жастардың жадысын жоюға кері әсері көп. Жастайынан өлең жаттап, есеп құрастырып, қисынды амалдарды өз бетінше шешетін бала мен кез келген дүниені компьютерден іздейтін жеткіншектің қабілет-қарымын салыстыруға келмейді. Олай болса, бүгінгі жастардың уақытты үнемдеуді сылтауратып, интернетке жүгінуі жақсылыққа апармайтынын кеңінен түсіндіру әбден керек.

Сондықтан замандас жазушының: «кітапты интернеттен оқығаннан гөрі, оңашада қолға алып оқыған «сіңімді» болады. Жадыда ұзақ сақталады. Әлем ғалымдары кітапты қағаз күйінде оқудың адамның миына, рухани ләззат алуына тигізетін ықпалы зор екенін мойындап отыр» деген пікірімен толық келісеміз.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

www.astana-akshamy.kz

Жігіттер! Өжет болыңдар! Қамқор болыңдар
Қазақстанның саңлақ скрипкашылары кімдер?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу