Қазақстанның саңлақ скрипкашылары кімдер?

Oinet.kz 11-02-2019 1344


1497936985199542.jpg

Классикалық музыка әлемінде скрипкашылардың шоқтығы биік келеді. Қазақтың атын әлемге танытып жүрген, жұлдызы жоғары туған бес өнерпазды бөлек айтуға әбден лайықты. 

«ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАГАНИНИ»

Солардың бірі – 17 жасар Руслан Тұрынтаев. Өнерсүйер астаналықтардың көз алдында өсіп, талантын ұштап келе жатқан жас дарын Владимир Спиваковтың дуалы аузымен «қазақстандық Паганини» атанды. Маэстроның қамқорлығының арқасында Эмиль Буланженің скрипкасы да Русланның үлкен олжасы. Жеті жасынан Астанадағы Ұлттық өнер академиясында білім алған Руслан бүгінде Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының Орталық музыка мектебінде оқып жүр. Оның өнер додасындағы жетістіктерін жіті қадағалап, көп жылдардан бері оқырмандарымызбен бөлісіп келеміз. Алар биігім алда дейтін Руслан өз болашағын елімізбен тығыз байланыстырады. «Скрипкада ойнау шеберлігімді шыңдап, ең мықты скрипкашы атанып, өз елімнің даңқын көтергім келеді» дейді жас өнерпаз.


ШЕТЕЛДЕ ЖАҚСЫ ТАНЫМАЛ

Тағы бір атақты скрипкашымыз Ордабек Дүйсен Американың «Даллас Опера» симфониялық оркестрінде ойнайды. Дүйсен – республикалық, халықаралық конкурстардың лау­реаты, Мексиканың құрметті артисі. Ол – бір кеште Никколо Паганинидің 24 каприсын түгел орындаған қазақтың тұңғыш дарабозы. Ол Австриядағы опера фестиваліне бас концертмейстер ретінде арнайы шақырылды. Ол өзінің концерттік бағдарламаларына әлемдік туындылармен қатар қазақ сазгерлерінің және қазақ әуендерін қосып, тыңдармандарына жеткізгенді ұнатады.

Ордабек те өнерпаздар отбасынан шыққан. Әкесі – күйші-домбырашы, анасы пианинода ойнайды екен. Ол өзінің бір сұхбатында «шетелде қазақ музыка мектебін білмейтін болар, алайда талантты қазақтарды шетелдерде көбірек құрметтейді» дейді.


«НАҒЫЗ КӨШПЕНДІ»

Русланның өнердегі бой түзер ағалары жоқ емес. Белгілі скрипкашы Марат Бисенғалиевті сырлы саздың өнертапқышы және Еуропа мен Үндістанның арасын жол қылған «көшпенді» деп те атайды. Олай дейтін себебі, шетелдік және қазақ сазгерлерімен бірлесе жұмыс істеп, өнер саласында елеулі жаңалықтар енгізіп келеді. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Бирмингем консерваториясының профессоры, Ұлыбритания мен Үндістанда қатар өнер көрсетіп жүрген Мұрат қазақ елінің азаматы атын ешнәрсеге айырбастаған емес. Үндістанның симфониялық оркестріне жетекшілік етіп жүрген Марат жақында ұжымның 10 жылдығына орай гала-концертін өткізді.

Марат Бисенғалиев туралы бүкіл әлемде аз айтылып жүрген жоқ. Соған қарамастан, ол құпия адам күйінде қалып, көп қыры біздерге беймәлім. Білетініміз, 1990 жылы британдық Стина Уилсонға үйленіп, Арухан есімді қызды болады. Көп ұзамай Стинамен дәм-тұзы жарас­пай, ажырасады. Одан соң француз қызы Вассилиамен отау құрған. Одан да Шорай есімді қызы бар. Марат өз сұхбатының бірінде «Менің Англияда, Алматы мен Оралда, Бомбейде және Жаңа Зеландияда үйім бар» деген екен. Нағыз көшпенді дерсің! Скрипкашы Бисенғалиев жақында Астанаға келіп, концерт қойып, биік өнеріне тағы да тәнті етті.


ШАНИНДЕРДІҢ ШАРАПАТЫНАН

Қазақтың тұңғыш режиссері Жұмат Шанин мен тұңғыш кәсіби скрипкашы Раупбек Шаниндермен нағашы жағынан жалғасатын Арман Мырзағалиев әлемнің әйгілі сахналарында өнерін көрсетумен қатар, Бостонда дәріс береді. Ол 2007 жылы «Реми» триосын құрған болатын. Онда Алексей Найденов (виолончель, Ресей) және Юлия Горенманмен бірге (фортепиано, АҚШ) өнер көрсетеді. Соңғы кезде «Forte Music Fest» халықаралық классикалық музыка фестивалінің директоры болып қызмет атқарды. Атаулы өнер сайысында тек қана хас өнерпаздар бақ сынайды екен. «Арманның классикалық музыканың күні өтті» деген пікірмен түбегейлі келіспейтін себебі де сондықтан болар. Академиялық музыканың бәсін білетіндер «Арман сахна төрінде тек қана скрипкада ойнап қоймайды, өнерге жанын беріп, сахнада бір жасайды» деп айтып жатады. Ал ағайындары Арманның бес жасында қолына скрипканы ұстатқанда, жалма-жан аспаптың бір шетін алқымымен басып, кәнігі скрипкашыдай көзі жайнап кеткен еді деп еске алады. «Жігіттің жақсы болмағы нағашысынан» деген.


ЕРЖАНДЫ «FACEBOOKТЕН» ІЗДЕҢІЗ

29 жасар Ержан Құлыбаев Испанияда тұрады. Ол – Ресей, Германия, Португалия және Аргентинада өткен халықаралық конкурстардың жеңімпазы. Ол музыкаға деген зор сүйіспеншілігімен әлемдік сахналарды бағындырып келеді. Жақында ғана Румынияда өткен «Джеордже Энеску» халықаралық фестивалінде үшінші орынды иемденді.

Мадридте және Зальцбургте білім алған скрипкашы Познань филармониялық оркестрімен бірге өнер көрсетіп, Польша камералық филармониясымен жеке концертін берді. Атақты дирижер Валерий Гергиевтің жетекшілігімен Мария театрында өнер көрсетті. Сонымен қатар, Карнеги-холл төрінде де қошеметке бөленді.

Ержан – «Facebookті» белсенді қолданушылардың бірі. Өз парақшасында өткір ойларымен бөлісіп, классикалық музыкаға отандастарын тарту мақсатында классикалық музыка әлемінің барлық жаңалықтарымен бөлісіп отырады. Ендеше, Ержанды «Фб-дан» іздеңіз.


Бетті дайындаған: Айгүл УАЙСОВА

www.astana-akshamy.kz


Жастар жадына – ғаламтор жау
Күйзеліспен қалай күресуге болады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу