Мәшинені ауылдың әкімі емес, мал дәрігері мінсін

Oinet.kz 10-08-2019 1984

Screenshot_1.jpg

Қазір елдің келешегіне бейжай қарай алмайтын кез-келген азамат ауыл тақырыбын айналып өте алмайды. Ал ауылдың мұңын мұңдап, жоғын жоқтау үшін құрылған «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттар партиясының соңғы жылдары белсендігі артты. Жуырда біз партияның Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалына барып, оның төрағасы, ғылым докторы Қанатбек Досалиевпен, төрағаның орынбасарлары, ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдық тәжірбиелері бар, уақтысында бірнеше шаруашылықтарды басқарған Әуесбек Тұрдалиев пен Қанжігіт Сыздықовты  әңгімеге тартқан едік. 


Сырты әдемі, іші...

-Елімізге қазіргі уақытта шетелден келіп жатқан өнімдердің түрі көп. Алайда сол импортқа тұтынушының көзқарасы жақсы емес. Сырты жылтырағанымен, ішінде  адам ағзасына зиянын тигізетін заттар көп. Алайда оған талдау жасап жатқан ешкім жоқ,-деді Қанатбек Досалиев. -Импорт қана емес өзімізде өндірілетін ауылшаруашылық өнімдерінің сапасы толық тексерілмейді. Айталық, қазір біздің еккен қарбыздарымызды Ресей шекарадан өткізбей қойды. Неге? Себебі құрамында нитраты шамадан тыс көп. Көршілеріміз оның зиян екенін жақсы түсініп отыр. Ал оның бізге зияны жоқ па? 

Сол Ресейде гендік модификацияланған өнімдерді өндіруге заңмен тыйым салынды. Онымен айналысқан адамға жауапкершілік көзделген. Біздің де осыған, тағамның сапасына көңіл аударатын кезіміз келді. Импортқа деген тәуелділіктен арылудың арғы жағында тек экономикалық мүдде емес, халықтың саулығы жатқанын түсінуіміз керек. 


Жылыжай аурудың ошағы            

-Өкімет күні кешеге дейін шаруаларға субсидия беріп келді. Әрине, бергеннің зияны жоқ. Мәселе қайда берді, оның нәтижесі қандай? Бір теңгенің де сұрауы, қайтарымы болуы керек емес пе?! 

Субсидия қол жеткеннің бәріне берілді. Өкінішке қарай, нәтиже күткендегідей емес. Мәселен бір кооператив меншігіндегі жеріне жыл сайын мақсары ектім деп, құжат өткізеді. Мақсарыны бір жерге бес жыл қатарынан ексеңіз, жер құнарсызданады. Ал әлгі кооператив  бір жерге 10 жыл бойы мақсары егеді, сол үшін субсидия алады. Шаруашылықтың еккен жерінен жартымды өнім шықпайды, есесіне субсидияға қарық болады. Яғни диқанды өнімді субсидия үшін егетін дәрежеге жеткіздік. Алынған өнім есепке алынған жоқ. Тағы бір мысал, асыл тұқымды малды ұрықтандыруға субсидия берілуде. Бір қошқар пәленбай жүз қойды ұрықтандырды деп мәлімет береді. Соған қарап субсидия төленеді. Бірақ қошқар расында да соншама қойды ұрықтандырды ма, төл алынды ма, ол жағы қызықтырмайды. Сондықтан субсидияның жартысы ұрықтандыру кезінде, жартысы төл алынған соң неге берілмейді?

Жалпы ауыл шаруашылығына алдын ала жоспарлайтын мекеме қажет. Осы жоспарлайтын мекеме Сарыағаштағы қияр еккен диқанның өнімін 30 теңгеден алсын, үстіне 10 теңге қосып, сатушыға жеткізсін. Сатушы 20 теңге қосып сатса, сонда қияр тұтынушыға 60 теңгеден барады емес пе?  Дәл қазір қиярдың базардағы бағасы бұдан екі есеге қымбат.  Оңтүстікте жазы ыстық, қысы қысқа. Сондықтан жылыжай шаруашылығы да бізге қажет емес. Одақ кезінде өнімді жылыжайда өсіруге Сайрам ауданында ғана рұқсат ететін. Өйткені жылыжай аурудың ошағы. Оған тым құмарта бергенді өзі басым құптамаймын. Жылыжай шаруашылығының дамуына субсидияның көп берілуі әсер етті. Қазір субсидия шағын жылыжайларға берілмейді, ірі, өндіріске айналғандарына ғана беріледі. Алайда жұрт оларды «пеленшенің, түгеншенің жылыжайы» деп атайды.  Ал сол пәленше, түгеншеңіз үлкен лауазымды қызметте жүрген шенеуніктер екені жасырын емес,--деді Қанжігіт Сыздықов.      


Шегіртке дауы-шала тірліктің  салдары 

-Қазір ауыл шаруашылығына қатысты мәліметтерді Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты құрылымдар және жергілікті әкімдік береді. Бірақ көбіне екортада үйлесімсіздік бар,-деді Әуесбек Тұрдалиев. –Шегірткені дәрілеудің тендері наурызда өтеді, дәрі сәуірде келеді. Көктем тез шығатын Сарыағаш үшін ол тым кеш. Сондықтан осы жұмыстар жергілікті әкімдікке берілуі тиіс. Солтүстік облыстарда егін егу науқаны мамырда жүргізіледі. Ал оңтүстікте ол сәуірде аяқталып қояды. Алайда шаруаларға арзандатылған бағамен берілетін жанармай бізге мамырда келеді. Тағы да кеш.


Жер тауарға айналмауы тиіс 

-Жерді сату қоғамдағы өзекті мәселеге айналып келеді,-деді Қанжігіт Сыздықов.-Осы бастаманы көтерушілер «жер жекеменшікке өтпесе, оны банкке кепілге қоя алмайды, қора-қопсы сала алмайды» дегенді алға тартуда. Менің ойымша, жер тауарға айналмауы тиіс. Банкке кепілге қойылатын және сатылатын тауар-шаруаның қорасы болуы керек. Ауыл шаруашылығы банкісін құруымыз қажет. Банк қораны кепілге аларда жердің құнарын, жайылымның шұрайлығын да ескеруі тиіс. Егер ауыл шаруашылығы банкі құрылса, шаруаға техниканы да осы банк арқылы беруге болар еді. 


Мәшинені ауылдың әкімі емес, малдәрігері мінсін

-Мал дәрігерінің дәрежесі адамды емдейтін дәрігерден жоғары. Ветеринар адамзатты емдейді деген сөз бекер айтылмаған. Өйткені мал өнімдерін бәрі тұтынады. Кезінде Қапланбек малдәрігерлік техникумы Ташкеттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің базасында ашылды. Бірақ қазір ветеринар мамандарын даярлаудағы тапсырыстар бұл оқу орнына емес, Шымкенттегі басқа колледжге беріледі. Мұндай шешімдер ветеринария саласын дамыту үшін емес, қайта құлату үшін жасалып отыр ма?-деді Қанатбек Досалиев.

-Ветеринардың жасаған актісі ешқашан бұзылмайды. Егер ол мал сойылуы тиіс деген қорытынды берсе, ол міндетті түрде орындалады.   Израильде  ауырған сиырды союға уақтында алып бармасаң, айыппұл төлейтін заң бар. Ал бізде бұл жағына мән берілмейді. Малдәрігерлеріне жасалып жатқан жағдай өз деңгейінде емес. Білген адамға, ауылдың әкімі мінбеген көлікті малдәрігері мінуі тиіс. 

Ауыл шаруашылығы тоқпаққа бағынбайды. Жетпісінші жылдары бізге америкадан асыл тұқымды сиырлар әкелінді. Бұқасы бір тоннаға дейін ет береді. Алайда ол бізге жерсінбеді. Үндінің асыл тұқымды сиырлары да жерсінбеді. Бізге ыңғайлысы Әулиеатаның ақбас сиыры. Ал қазір асыл тұқымды малдарды шетелден үйіп-төгіп әкеліп жатыр. Олардың бәрі жерсіне ме, бізге? Уақтысында жергілікті ғалым арқармен шағылыстыра отырып биязы жүнді меринос қойын 20 бойы асылдандырды. Осы қойларды біз 3 жылда құртып біттік. 


Тарату оңай, біріктіру қиын

-Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов ауыл шаруашылығы саласында біраз бастамаларды қолға алып жатыр. Қаракөл қойы шаруашылығын қайта дамыту, қысқарып кеткен мақта алқаптарын көбейтуді өз басым қолдаймын,-деді Әуесбек Тұрдалиев. -Қазір ауыл шаруашылығындағы басты мәселенің бірі- ірілендіру. Былтыр кооперациялар туралы заң қабылданды. Мемлекет кооперацияға біріксеңдер жеңілдіктер береміз деп жатыр. Алайда шаруаларды біріктіру оңай емес. Шаруашылықты тарату оңай, біріктіру қиын. 

Жазып алған Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ, 

Мұрағаттан, 2016 ж

Ғабидолла Әбдірахымов: «Жұмысқа велосипедпен қатынауды әдетке айналдырдым»
Баян Мақсатқызы: «Бізде қыздардың тең жартысы тұрмысқа шыққанша түсік жасатады»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу