Балаларға арналған контентті қазақыландыру қажет
Балаларға арналған қазақтілді контентті көбейту керек. Қазақстан Халқы Ассамблеясының соңғы отырысына қатысқан сарапшылар осындай бастама көтерген болатын. Мұндағы мақсат – мультфильм мен ойындарды ана тілімізге аударып, Отандық өнімнің санын да сапасын да арттыру.
Қазір көптеген видео мен мобильді қосымша ресми және шет тілдерде ұсынылады. Ал мемлекеттік тілде шығатын туындылар кемде-кем. Анимация мен компьютерлік бағдарлама тым аз. Соның салдарынан, бала тілі ана тілінде кеш шығады дейді мамандар.
ҚХА Павлодар облысындағыи ғылыми-сараптама тобының төрағасы Әсел Аманова: «Гаджеттер расымен де өскелең ұрпақ өмірінің айнымас бөлігіне айналды. Қаласақ, та, қаламасақ та, жыл сайын көптеген онлайн ойындар шығып жатыр. Ең өкінішстісі, олар қазақ тілінде әзірленбейді. Қазақстан Халық Ассамблеясының мүшелері Отандық цифрлық индустрияның дамуы мен қазақ тіліндегі контенттің шығуын және ойындардың аудармасын бастама ретінде көтерсе жақсы болар еді. Балалар контентін қазақыландыру - ең сапалы Отандық өнім болар еді» деді.
Иә, расында да ана тіліміздегі балаларға арналған контенттің кемде-кем екені жасырын емес. Қазақстан Халқы Ассамблеясына қатысқан сарапшылардың бастамасы жүзеге асып, Отандық өнімнің саны мен сапасы артады деген сенімдеміз.
Аида Өтеп