Ерекше балаларға айрықша қолдау қажет
Әлеуметтік салада балаларды әлеуметтік қорғау аса маңызды бағыттардың бірі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің бірінші сессиясында «Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау – басты міндеттің бірі.
Қиындыққа тап болған жандар еш көмексіз қалмауы керек. Мемлекеттің әділдігі мен қоғамның жанашырлығы осындайда көрінеді. Әсіресе, ана мен баланы қорғауға айрықша көңіл бөлінуге тиіс» деп айрықша атап өткен болатын.
Әсіресе, ерекше қамқорлықты қажет ететін бүлдіршіндерге медициналық, әлеуметтік, психологиялық қызмет көрсету өте маңызды. Осы бағытта Президент тапсырмасына сәйкес, 2022 жылы балалар жылына орай Шымкент қаласында «Қамқорлық» №8 балаларға арналған әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы ашылған болатын. Орталықтың басшысы Гүлнұр Сауртаеваның айтуынша, бір жылдан асқан орталықта аутизм және аутистік спекторының бұзылыстары бар бүлдіршіндерге қызмет көрсетіледі. Баланың денсаулығын түзету-дамыту мен қоғамға бейімдеу, әлеуметтік оңалту қызметтерінің, арнайы педагогтардың жеке және топтық жұмыстарының нәтижесінде орталыққа қызметіне жүгінген балалардың визуалды қабылдауы, қарапайым қимыл-қозғалыстары мен дағдыларында оң өзгерістер байқалып келеді. Сондай-ақ, логопедиялық жұмыстар жүргізу арқылы артикуляциялық аппаратында бұзылыстары бар, дұрыс сөйлей алмайтын балалар дыбыстар мен жеке сөздерді анық айта бастаған.
«Ата-аналармен сұхбаттасу арқылы баланың бойындағы қалыптаспай қалған дағдыларын анықтап, әр баланың жеке даму жоспарын құрастырамыз. Баланың жасына, диагнозына қарай топқа бөліп, әр баламен жеке-жеке түзету-дамыту жұмыстарын жасаймыз. Орталығымызда елімізде алғаш рет ашылған проекторлық интерактивті кабинетіміз бар. Ол жерде балалар өздерінің іштегі барлық эмоцияларын шығарады. Олардың топтық жұмысқа бейімделуіне де бұл кабинеттің әсері зор» дейді орталық басшысы. Расында да, заманауи үлгіде жабдықталған орталықта музыка-терапия, қосымша білім беру және әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау, интерактивті, сенсорлық бөлме, робототехника және лего-бөлмелері, арт-терапия бөлмелері мен ағаш, тігін, қыш шеберханалары бар. Мұнда балалар арнайы мамандардың бақылауында болып, медициналық, психологиялық тексеруден өтеді. Ерекше күтімді қажет ететін балаларға логомассаж жасалады.
Айлары асығыс, күндері қауырт өтіп жатқан қоғамның мейірім мен қайырымға, аялы алақанға мұқтаж екендігі жиі байқалады. Ал, жастайынан, тіпті, туа сала дертті болып келген балаларға мейірім көрсету, олардың оңалып кетуіне септігімізді тигізу әрбіріміздің алдымызда тұрған маңызды міндет.
Аида Өтеп